Табиғат талмен түлейді
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсілдің мағынасы тереңде. Әйтпесе малын арына садақа қылатын жұрттың байлығы төрт түлікпен есептелген емес пе? Әсіресе бүгінгідей жаһанды экологиялық қиындық белең алып, төрткіл дүние түтін жұтқан кезеңді алыстан байқаған көрегенді ұлт даналары «Бір тал кессең, он тал ек» деп мәселені болдырмауға үндегені қайран қалдырады. Бабалар сөзін жадында сақтап, өсиет-өнегесін өмірде ұстанған қазалылықтар күз-көктемде тал егуді әдетке айналдырды. Өткен сенбіде аудандағы бірқатар мекеме қызметкерлері «Жер-Анаға» желектен жүзік тағып, қоршаған ортаның гүлге орануына үлес қосты.
Сенбі таңында кент жастары «Жеңіс» саябағында топтасады. Аудан белсенділерінің бір бөлігі ағаш отырғызатын орынды дайындап, мәре-сәре болып жатса, екінші топ жерге тігілген жас шыбықтарды суарумен жүрді. Ендігі мәселе оның күтіміне қарайды. Тіршілік көзі тал тамырына жетіп тұрса, жаз шыққанша жайнап шығуы тиіс.
Дәл осындай көрініс кент тұрғындарының есік алдында жалғасып жатты. Таза ауамен тыныстаудың алғышарты желектердің жайқалғаны екенін ұғынған жұрт жеміс ағашына дейін алдыртуда. Мәселен, Жалаңтөс баһадүр көшесінің тұрғыны Феруза Төлегенова көпшілікті жаппай тал отырғызуға шақырып, сол арқылы туған жердің көркін арттырып, ауасын тазартуға үндеді.
– Жыл сайын Наурыз айында аулаға тал көшеттерін отырғызамыз. Бұл біздің отбасылық дәстүрге айналды. Әрдайым балаларға қоршаған ортаның тазалығы, айналаның көркеюі туралы айтып отырамын. Бүгін тал егіп, ертең саясын көлеңкелесек, мұнымен қоса экологияға пайдамыз тисе керемет емес пе? Бұл бір жағы көрген жанға да үлгі болады, – дейді Феруза апай. Айта кетейік, кент орталығындағы Тоқаш Бокин 16 үйдің тұрғыны Айгүл Сүлейменова, Үмбет би 9-үйді қоныстанған Қуаныш Бисенов, Сәкен Сейфуллин №113-тегі азамат Оңталап Салиев сауапты іске отбасымен бірге жұмылды.
Тал егу акциясы туралы естіген аудандық білім бөлімі қызметкерлерімен қатар, оған қарасты барлық білім беру мекемелері игі істен қалыс қалмады. Әсіресе «Бұл – менің ағашым» атауында өткен челленджге оқушылар ұстаздарымен бірге ерекше белсенділік танытты. Ал «Таза табиғат» акциясының аясында аудан мектептеріндегі шәкірттер 1000 түп ағаш екті. Әр мектеп Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап 30 талдан отырғызды. Бөлім басшысы Әділхан Жөлекешов оқушылардың бір уақытта тал отырғызу челленджі жастардың табиғатты қорғауға ықыласын оятып, экологиялық мәдениет қалыптастыратынын айтады. Сауапты іске сала ардагерлері де қатысты.
Бұдан бөлек, адам мен табиғат арасындағы тіршіліктің тамырына қан жүгірткендер қатарынан полицейлер де көрінді. Олар жергілікті полиция бөлімінде табанды еңбек етіп, қызмет бабында ерлікпен қайтыс болған Калеков Қайрат Шаразидинұлы атындағы көшенің жасыл желекке орануына себепкер болды.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ