Жанашырлыққа жан риза
Тәуелсіздіктің мерейлі жылында енген көктем мен қатар келген 1 наурыз – Алғыс айту күнінің бәріміз үшін маңызы зор. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мерекеде Қазақстандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де, қонақжай қазақ халқына алғыс айтып, ризашылығын білдіреді.
Айтулы мерекеге орай кеше қоғамда сауабы мол ізгі істі мұрат етіп, қайырымдылық қызметтерді ерікті түрде жүзеге асырып жүрген жомарт жүрек иелері және әртүрлі салада болып жатқан жағымды жаңалықтар мен жетістіктерді әлеуметтік желіде кеңінен насихаттауға үлес қосып келе жатқан белсенділердің қатысуымен аудан әкімдігінде шара өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Ж.Сүйеубаев қатысушыларды мерекемен құттықтап, Алғыс айту күнінің маңызы мен аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан қайырымдылық істерді тілге тиек етті.
– Өткен жылы елді әбігерге түсірген пандемия кезінде зиялы қауым өкілдері, аудан кәсіпкерлері, ерікті азаматтар мен жастар біркісідей жұмылып, болаттай бірлігіміз бен ынтымақ сақтауымыздың арқасында мыңдаған отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілген болатын. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж жүздеген отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, ерікті жастардың ұйымдастыруымен аудан тұрғындарына тегін бетперде үлестірілді. Шектеу мерзімінде аудандағы ауруханаларға жанашыр жандардың қолдауымен оттегі баллондары, бәсеңдеткіш, бетперде, тыныс алу аппараты мен қорғаныш комбинезоны секілді қажетті заттар табысталды. Ерікті жастар 3 отбасыға үй салып берсе, «Харекет» қоры тұрғын үйге мұқтаж 5 отбасыға баспана сыйлады. Бізді бұл ауқымды шараларды атқаруда өзара құрмет пен түсіністік, игі іс пен ізгі мейірімділік тоғыстырды. Ел болып жұмылуымыздың арқасында қиындықтарды бірге еңсеріп, қайырымдылықты әлі де жалғастырып келеміз. Сондықтан да бүгінгі мерекеде сіздерге аудан халқы атынан шынайы алғысымды білдіремін, – дей келе, құрметті жандарға аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат