Үкілеген үміт үзілмесін

2021 жылы жасанды ұрықтандыру шараларына бөлінетін квота саны өткен жылмен салыстырғанда 7 есеге өскен екен. “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, экстракорпоральды ұрықтандыру жобасын 2018 жылдан қаржыландырып келеді.
Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, репродуктивті технологияны қолдану арқылы жүргізілген шаралар нәтижесінде 60% жағдайда әйелдер бала көтереді. Біздің елде жасанды ұрықтандыруды жүргізу тиімділігі орта есеппен 42%-ке дейін өсті. Бала туу фактісімен емдеу тиімділігінің көрсеткіші 30% деңгейінде, бұл еуропалық ең жақсы деген клиникалардың көрсеткішіне сәйкес келетін көрінеді.
Игі бағдарламаға орай биыл квота беру көрсеткіштерін кеңейтуге, оларды алу кезегінің азаюына мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда 11030 әйел бедеулікпен есепте тұр.
– Бізде бедеулік бойынша есепте тұрғандар саны – 40-50 адамға жетеді. Ауданға квота берілсе, пациенттерді барынша дайындаймыз. Бұрын тіркелмеген және жеке медицина орталықтарына қаралған бедеулік көрсеткіштері бар жандарды анықтап, белсенді жұмыс жүргізуге мүмкіндіктерімізді жұмсайтын боламыз.
Қазіргі күні жасанды ұрықтандыру бойынша теміржол ауруханасында 3 әйел есепте тұр. Биыл туу көрсеткіші алдыңғы жылдармен салыстырғанда көбейген, яғни 100 әйелге артқан. Бір қуантарлығы, жалқы да, егіз де босанғандар қатары артуда. Сондықтан тағы да халық санын ұлғайту мақсатында тынбай жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл бағдарламаның әйелдер үшін берері көп. Бүгінгідей карантин кезінде олардың қаражат жағынан да тапшылық көруі байқалады. Мұндай мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жобаға біз де қуанамыз, – дейді Қазалы теміржол ауруханасының бас гинекологы Индира Опабекова.
Оның айтуынша, дәрігерлер қолдан келген көмекті аямайды. Тоғыз ай бойы жүктілікті бақылауға барлық мүмкіндік бар. Ана мен бала денсаулығына айрықша қарайды.
Индира Ақымқызы бас гинеколог ретінде жоғарғы топтағы жүкті әйелдерді бақылап, күнделікті 30 әйелге дейін қабылдайды. Оларға тиісті кеңестерін береді. Қажет болған жағдайда жолдамамен облысқа жібереді. Барлық анализдерді де, теміржол емханасында тапсыртады. Мұнда мамандар да, дәрілер де жеткілікті деген уәжін жеткізді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА