Аналар кеңесінің жаңа жетекшісі сайланды
Достық үйінің мәжіліс залында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің отырысы өтті. Оған «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Мартана Дәулетбаева, облыстық аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева, аудандық аналар кеңесінің төрайымдары мен белсенді мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде облыстық аналар кеңесінің жұмысын қорытындылау, аудандық кеңестердің атқарған шараларына талдау жасау, үздік тәжірибелік еңбектерді анықтау, осы жылғы жұмыс жоспарын талқылау арқылы, негізгі басымдықтарын белгілеу, сонымен бірге, облыстық кеңес төрайымы мен мүшелерін қайта қарау мәселелері қамтылды.
Шарада Жалағаш аудандық аналар кеңесінің төрайымы Роза Ералы және Шиелі аудандық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Айткүл Әбдіқадырова баяндама жасады.
Кеңестің белсенді мүшелері пікір білдіріп, тұщымды ойларымен бөлісті.
Өз кезегінде «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Мартана Дәулетбаева кеңестің төрайымы қызметін осы күнге дейін атқарған Нұрсәуле Мұсаеваға алғысын білдірді. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы ретінде кез келген мәселеде жас ұрпаққа қол ұшын беріп, отбасылық құндылықтарды насихаттау, жарқын жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарына ризашылығын жеткізді.
Шара соңында кеңес мүшелерінің қолдауымен аналар кеңесінің жаңа төрайымы болып облыстағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясатын дамытуға үлесін қосқан, кеңес белсендісі Рахима Ахметова сайланды. Сонымен бірге кеңес жаңа мүшелермен толықты.
syrboyi.kz