Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Нақты әрекет халық сеніміне қол жеткізеді

Нақты әрекет халық сеніміне қол жеткізеді

Кеше Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, съезд делегаттары алдында сөйлеген сөзінде «Nur Otan» партиясы бүгінде ел тағдырына жауапты ең басты саяси күшке айналғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан қазіргі ахуалға қарамастан стратегиялық даму мақсаттарын дәйекті түрде жүзеге асырып жатқанын, бұл ретте, Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз ету негізгі міндеттің бірі екенін айтты. Сондай-ақ Президент биылғы Жолдауында «Nur Otan» партиясының қоғамдағы жетекшілік рөліне жоғары баға бергеніне тоқталды.
Қазақстан Президентінің айтуынша, әлем ғаламдық өзгерістер дәуіріне аяқ басып, халықаралық қатынастар жүйесі белгісіздік жағдайына, тіпті, бейберекетсіздікке бет бұруда. Мемлекет басшысы өткен ғасырдағы терең рецессия әлемдік экономиканы он жылға артқа лақтырып тастағанын, ал бұрынғы өсу қарқыны мен тұрақты дамуды қалпына келтіру үшін үлкен күш пен уақыт қажет екенін жеткізді.
– Қазақстанның тұрақты даму тұрғысынан мүмкіндігі мол. Себебі бізде, ең алдымен, нақты даму жоспары бар. Оны жүзеге асыруға қаржылық ресурсымыз да жеткілікті. Жауапкершілікті сезіне алатын миллиондаған азаматтардың қолдауының арқасында біз ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, бизнес қоғамдастықты қолдап, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындай алуын қамтамасыз ете алдық. Біздің бұған қол жеткізуімізде халқымыздың дәстүрлі құндылықтары, өзара жәрдемдесу, табандылық пен жанашырлық секілді қасиеттері ерекше рөл атқарды, – деді Мемлекет басшысы.
Коронавирус пандемиясымен күреске халық үлкен үлес қосты. Қиын-қыстау шақта ел азаматтары шынайы ын­ты­мақтастық пен жаппай жан­қияр­лық танытты. «Біз бір­геміз!» ұраны қазақстандық патрио­тизмнің формуласына айналды.
Бұл орайда Қазақстан Прези­денті дағдарыс кезінде бас­қарушы партияның да, Үкі­меттің де, сондай-ақ, бүкіл қоғам­ның да алдынан үлкен мүм­кіндіктер ашылатынын айтты.
– Осы тарихи мүмкіндікті пайдалану үшін біз елімізге дамудың жаңа парадигмасын ұсынуымыз қажет. Бұл жерде Президент, Үкімет және заң шығарушы сала сияқты билік тармақтары күш жұмылдыруы керек. Сондықтан алдағы сайлау бүкіл қоғам үшін өте маңызды болмақ, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы қа­лыптастырған Бес институционалды реформа мен Ұлт жоспарын жүйелі жаңғыртуға тың серпін беруге шақырды.
– Осы мақсатта біз 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағ­дарламасын қабылдаймыз. Бұл егжей-тегжейлі зерделенген, шынайы құжат. Экономикадағы қиындықтарға қарамастан, «Nur Otan» Үкіметпен бірге алдағы бес жылдықта аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін 21 триллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бағдарлама еліміздің әлеуметтік дамуын ілгерілетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шаралардың тиімді кешенін қамтиды. Партия жұртшылық тарапынан келіп түскен барлық ұсыныстар мен талап-тілектерді ескерді. Біздің бағдарламаны бүкіл еліміз дайындады десек, артық айтқандық емес, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін негізгі төрт басым­дыққа назар аударылатынын, мұнда бірінші міндет ретінде әр азаматқа өз әлеуетін іске асыру үшін тең мүмкіндік берілетінін жеткізді.
Президент алдағы бес жыл ішінде әлеуметтік төлем­дерді индекстеу үшін 3 триллион теңгеден астам қаржы бөлінетінін мәлімдеді. Зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстелетін болады. Бұл ретте оның өсім мөлшері инфляция деңгейінен екі пайызға көп болуы тиіс.
Мемлекет басшысы ден­сау­лығы мықты интеллектуалды ұлт қалыптастыруды партия бағдарламасындағы екін­ші басымдық ретінде ата­ды. Жаһандық жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, бұл бағытты ілгерілету үшін білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларына бөлінетін қаражат көбейеді.
– Бұл – адами капиталға, еліміздің болашағына құйылған стратегиялық инвестиция. Ден­саулық сақтау ісіне бөлінетін қаржы көлемі ішкі жалпы өнімнің 5 пайызынан кем бол­майды. Жаңа ықтимал эпиде­мияларға дайын болу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Баяндамада үшінші басым бағыт ретінде экономиканың және аймақтардың тұрақты дамуы айқындалғаны айтылды. Президент жаһан экономикасы ұзақ тоқырауға ұшырағанын, дегенмен, ол мұндай дағдарыс экономиканы жаңа үлгіде қалыптастыру үшін жүйелі реформалар жасауға мүмкіндік береді деп санайды.
– Әлемдегі барлық экономика ғалымдары мен парасатты саясаткерлер адамзат тарихындағы теңдессіз жаһан­дық дағдарыс жағдайында эко­­номикалық процестерді бас­­­қаруда мемлекеттің рөлі барын­ша артып отыр деген тұ­жырымға келді, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар қатаң әрі теңдестірілген макро­эко­­­но­мика­лық саясат, жеке мен­шік секторды қол­дау, ха­лық алдындағы әлеу­мет­тік міндеттерді орындау есе­бінен экономиканың өсі­мін қамтамасыз етудің маңы­зына тоқталды. Бұл ретте шы­ғындарды бақылауды қатаң назарда ұстау керек.
«Nur Otan» бағдарла­масын­дағы төртінші басымдық – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» және жауапты азаматтар.
Президенттің пікірінше, тұрақты даму үшін сенім мен жауапкершілікке негізделген мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылы қажет.
Бұл ретте Мемлекет басшысы біздің ортақ жұмысымыздың басты бағдары халық мүддесі мен проблемалары екенін нақтылады. Президенттің айтуынша, мемлекет халық үні мен пікіріне құлақ асуы тиіс.
– Партия жұмысының оң коэффициенті азамат­тары­мыздың өмірін жақсартатын нақты шешімдерге байланыс­ты болмақ. Бос сөз бен құрғақ уәде емес, нақты әрекет қана халық сеніміне және саяси көшбасшылыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан партия мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуды мықтап қолға алады. Бұл – стратегиялық сипаттағы міндет, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде партияның жаңа бағдарламасы дамыған азаматтық қоғам мен экономикалық тұрғыдан то­лыққанды мемлекет құруға бағытталғанын, жетекші партия­ның мәртебесі билікке қол жеткізуде емес, мемлекет пен халыққа нақты пайда тигізу мүмкіндігінде екенін атап өтті.
– Мемлекеттік басқару жүйе­сіндегі лауазымды қызмет ат­қаратын партия мүшелері еңбекқорлықтың, саяси жауап­кершілік пен азаматтық патрио­тизмнің айқын үлгісі болуға міндетті. Партиямыздың мүше­лері болашақта да осы үдеден табыларына күмән келтірмеймін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Тәуел­сіз­дігіміздің отыз жыл­дығы Мәжіліс және мәслихат депу­тат­тарының сайлауымен басталып жатқанына, оның символдық мәні зор екеніне назар аударды.
– Алдағы сайлау қоғамның біртұтастығын және береке-бірлігімізді бекемдей түседі деп сенемін. Бұл науқанның ашық, әділ әрі заңды өтуі үшін барлық жағдайды жасаймыз. Мен Мемлекет басшысы ретінде мұны жіті қадағалаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Съезде Елбасы партияның реформа жүргізу тәжірибесі мол және барлық жоспарларды жүзеге асыруға саяси ерік-жігері жеткілікті екенін баса айтты.
– Партияның жаңа бағ­дарламасы орындалады. Бұл құжат елді одан әрі жаң­ғыртуға және барлық қазақ­стандықтардың тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашады. Сайлау науқанын ойдағыдай өткізу үшін партия республикалық және аймақтық штабтардың жұмысын үйлесімді ұйым­дастыру қажет. Кандидаттар, белсенділер, сенімді өкілдер барлық аймақтарды аралап, әр сайлаушыға жетуі керек, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі болуға партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің кандидатурасын ұсынды.
Сөз соңында партия Төр­ағасы елдің тәуелсіздігі мен тұ­тастығын сақтап, халықты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасына топтас­тыру және мемлекетімізді одан әрі өркендету үшін еңбек ете беретінін айтты.
Қорытындысы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты партияның сайлауалды бағдарламасы қа­был­данды. Сонымен қатар Парламент Мәжілісіне сайлауға қатысу үшін партияның 126 мүшесінен тұратын партиялық тізім бекітілді.
Онлайн режимде ұйымдас­тырылған съезд жұмысына облыстардан өкілдер қосылып, ой-пікірлерін білдірді.
syrboyi.kz
26 қараша 2020 ж. 567 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 41

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930