Тізгініңді тарта жүр, жүргізуші!

Бұл көрініс Қазалы мен Қызылорданың ортасын жол қылып жүрген жолаушыға таныс жағдай. Қала ішінде емес, халықаралық күре жолда телефонмен сөйлесіп, көлік жүргізу өте қатерлі іс.
Бұдан бөлек патрулдік көлік көрінбесе жылдамдықты шегінен асырып, құстай ұшып отыратындары өз алдына бөлек әңгіме. Қаншама адам мезгілінен бұрын опат болды. Қара жамылып қаусап қалған үйлер де көп. Тек қана жүргізуші емес, соған сеніп көлігіне мінген жандар да ажал тырнағына ілініп жатыр.
Мысалы, жылына көлік апатының салдарынан әлем бойынша шамамен алғанда 1 миллион 240 мың адам көз жұмады.
Ал елімізде жол-көлік оқиғасынан 3 мыңнан астам адам көз жұмып, 30 мыңға жуығы жарақат алады екен. Қазақстанда жол апаты кезінде қаза табу қатері Норвегиямен салыстырғанда 11 есеге жоғары деседі. Бұл туралы Дүниежүзілік банк жүргізген зерттеулерде айтылған.
Түйін: Осы ретте ауданның жүргізушілеріне сапарға шығар алдында жиі-жиі жол қозғалыс тәртібі, адамның тағдыры жайында ескертулер айтылуы керек сияқты. Сонымен қатар олардың жауапкершілігін күшейтіп, жүргізушілердің санасын сілкіндіретін видеоконтенттер керек. Қазір екі адамның бірі осыны кәсіп еткен. Соған орай жүргізушілер де өз міндеттерінің жеңіл емес екендігін сезінсе дейміз.
Е.АЙДАРБЕК