Жол-көлік оқиғасын азайтудағы шетел тәжірибесі
Жылына көлік апатының салдарынан әлем бойынша шамамен алғанда 1 миллион 240 мың адам көз жұмады екен. Олардың арасында қаншама бала, жасөспірім бар. Көліктердің кесірінен қаза болғандар саны жөнінен кірісі төмен немесе кірісі орташа елдер алда тұр дейді статистика. Бұдан бөлек, жыл сайын миллиондаған адам жол апаты салдарынан жараланады. Егер жол-көлік оқиғаларын азайтпаса 2030 жылға қарай бұл адам өліміне себеп болатын жетінші көрсеткіш деңгейіне көтерілмек.
«Еуропалық деректерде» және 2015 жылғы «Әлемдегі жол қозғалысының қауіпсіздік жағдайы туралы» баяндамада 53 мемлекеттегі ахуал қарастырылған. Баяндамада ДДСҰ-ның еуропалық өңірдегі жол-көлік оқиғасын азайтуға бағытталған жобалары сәтті жүзеге асқаны көрсетілген. 2010 жылдан бері еуропалық аймақта жол-көлік оқиғасынан қаза табу факторлары 2013 жылмен салыстырғанда 8,1 процентке кеміген.
Қазақстанға келсек, жол-көлік оқиғалары салдарынан адамдардың мерт болу факторлары автокөліктер санының өсуімен бірге көбейіп барады. Қаза тапқандардың басым бөлігі жұмысқа қабілетті жастағылар. Республика ауруханаларына түскендердің 1/3 жол-көлік оқиғасынан жараланғандар. Республика жолдарында қаза тапқандар санының өскені сонша, Сирия мен Ауғанстандағы соғыста мерт болғандармен теңесуге жақын екенін айтады мамандар.
Жыл сайын елімізде жол-көлік оқиғаларынан 3 мыңнан астам адам қаза тауып, 30 мыңнан астам адам жарақат алады екен. Қазақстанда жол апаты кезінде қаза табу қатері Норвегиямен салыстырғанда 11 есеге жоғары деседі. Бұл туралы Дүниежүзілік банк жүргізген зерттеулерде айтылған.
Салыстыру үшін ілгеріректегі деректі мысалға алсақ, 2013 жылы Қазақстанда жол-көлік оқиғаларынан 3233 адам қаза тапқан. Яғни күніне 9 адам жолда бақилық болды. Бұл өлім көрсеткіші 100 мың тұрғынға 15,5-тен келеді деген сөз. Ал Швецияда осы мерзім ішінде 100 мың адамға 2,8 көрсеткіші тән. 3233 қаза табу оқиғасының 61 проценті (1972 адам мерт болған) төрт дөңгелекті көліктердің кесірінен болған. 23 процентіне (744 адам) жаяу жүргінші кінәлі екен.
Жол-көлік оқиғасын қалай азайтуға болады? Мамандар максималды жылдамдықты 5 пайызға азайтқан жағдайда адам шығыны 30 пайызға кемитінін айтады. Қалада рұқсат етілген максималды жылдамдықты 60 км/с-тан 50 км/с деңгейіне жеткізу керек. Ал мектептер мен тұрғын үйлердің маңында 20 км/с-қа дейін азайту қажет. Алдыңғы орындықта қауіпсіздік белдігін қолдану адам шығынын 50 пайызға азайтатынын зерттеулер дәлелдеген. Ал артқы орындықта қауіпсіздік белдігін тағу кісі өлімін 75 пайызға дейін болдырмайды. Сондай-ақ балаларға арналған қауіпсіздік құрылғылары балалардың жол-көлік оқиғасынан қаза табуын 54-80 процент деңгейде болдырмайды. Жол көлік оқиғасының орын алуына негізі факторлар – жүргізушілердің жол ережелерін мұқият сақтамауы, ішімдік ішіп жолға шығу және жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі.
Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, республика бойынша жол-көлік оқиғаларының 30 пайызы Алматы қаласында орын алатыны анықталған. 2015 жылы Алматыда 3 565 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл республика бойынша жоғары көрсеткіш. Жол-көлік оқиғасы Солтүстік Қазақстанда (166) аз екен.
Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері өзгеріссіз қалуда. Апатты жағдайға 90 пайыз жағдайда жүргізуші кінәлі екендігі анықталған. Алдыңғы жылы жүргізушілердің кесірінен 11 174 апат орын алған. Олардың 386-сы ішімдік ішкен немесе есірткі шегіп көлікке отырған. Кеңес Үкіметі кезінде автобус, троллейбустардың жүргізушілері отыратын кабинасына «Жүргізушіге кедергі келтірмеңіз!» деген ескертпе жазу ілінуші еді. Ол уақытта қоғамдық көлік жүргізушілері бар назарын көлік айдауға аударатын.
Бүгінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің ұялы телефонмен сөйлесіп, тіпті хабарлама жазысып көлік айдайтынын көріп жүрміз. Ал қоғамдық көлікке көбінесе мектеп оқушылары мен зейнеткер қарттар мінетіні белгілі. Осы орайда шетелдік тәжірибеден үлгі тұтар мысалдар келтіруге тура келеді.
Жапонияның Toyota Motor корпорациясы KDDI телекоммуникациялық компаниясымен бірігіп, сондай-ақ Komeda кафелер желісінің қолдауымен Driving Barista деген құрылғы жасап шығарды. Бұл құрылғы жүргізушілерді көлікті айдау кезінде смартфоннан бас тартуға мәжбүрлейді. Жаңа мобильді қосымшаны кез-келген смартфонға орнатуға болады. Жүргізуші бұл қосымшаны пайдалану үшін көліке отырарда смартфонын төңкеріп қоюы керек.
Смартфон төңкеріліп жатқан кезде жүргізушіге жүрген уақытына қарай ұпай жиналады. Жүргізуші ұялы телефонды пайдаланбай 100 шақырым жүріп өтсе, Komeda кафесінен тегін кофе ішу мүмкіндігіне ие болады. Бұдан кейін жүргізушіге әрбір 200 шақырым үшін осы кафеден тегін кофе ішуге арналған купон беріледі. Ал жүргізуші көлік ішінде байқаусызда смартфонына қол созса, жинаған ұпайлары күйіп кетеді екен. Аталмыш жоба Жапониядағы ең көп жол-көлік оқиғасы тіркелген Айчи префектурасында жүзеге аса бастады.
Жол сапасы жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған Ұлыбритания жолда мерт болғандардың саны жөнінен ең төменгі көрсеткішке ие. 100 мың тұрғынға 5,4 деңгейде. Бұл елде 1970 жылдан бері жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар саны азайып келеді. Жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғасы 40 жылда 78 пайызға азайған. Бұл елде көлік айдап отырып темекі шегуге, тамақ ішуге болмайды. Ақпарат құралдарынан белгілі болғандай, Солтүстік Уэльсте автокөлік айдап бара жатып, макарон жегені үшін голландиялық жүргізуші сегіз аптаға қамалды. Жүргізушінің көлік ішінде тамақ жеп отырғанын полицей тікұшағы байқап қалған.
АҚШ-та да жол-көлік оқиғалары азаюда. Бұл мемлекеттің барлық штаттарында ұялы телефон ұстап көлік айдауға тыйым салынған. АҚШ-та көлік басқарып отырып ұрсысқан жүргізушілер туралы ақпаратты полицияға жеткізу үшін арнайы телефон нөмірі іске қосылған.
Иә, жол-көлік оқиғаларының алдын алу тек құзырлы органдардың жұмысы емес. Бұл бүкіл ел болып атсалысатын, қоғам болып ойланатын іс. Әсіресе оқушылар көшеден бағдаршамның жасыл түсі жанғанның өзінде келе жатқан көлік тоқтады ма, жақсылап қарап алып, өткені жөн. Өйткені соңғы кезде қала ішінде байқайтынымыз, кейбір автокөлік иелері жасыл жанса да бірден тоқтамай, жылдамдығын тежей алмай, жолақтан асып барып тоқтап жатады. Оқушылар кешқұрым жалғыз өзі көшеге шықпағаны жөн. Өйткені бұл жұрттың жұмыстан қайтып, көшеге автокөліктер лық толатын мезгіл екені айтпаса да түсінікті. Кейбір жүргізушілердің жан-жағына қарамай бастырмалата жүретіні, кей адамдардың көлікті рұқсат етілмеген тротуарларға, мектеп, балабақша ауласына өте жақын қоятыны жасырын емес. Жалпы ауыл болсын, қала болсын, ересектердің барлығы жаппай автокөлік тізгіндеген заман болған соң, жаяу жүргіншілер көшенің қай бөлігінде болсын мұқият болғаны абзал. «Сақтансаң – сақтаймын» деген сөзді атам қазақ бекер айтпаған.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,