Егісті әртараптандыруға мән берілді
Осы жылы Қазалы ауданының диқандары жалпы көлемі 17 675 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Көктемгі науқан барысында әртараптандыру бағытындағы дақылдарға ерекше мән беріліп, былтырғымен салыстырғанда биыл жаздық бидай – 140, арпа – 108, тары – 4 және жүгері 200 гектарға артық егілді. Күрішпен салыстырғанда суды мейілінше аз «ішетін» бұл дақылдар диқандарды жаздағы қуаңшылық кезінде көп қиындыққа сала қойған жоқ.Биыл ауданда картоп, көкөніс, бақша дақылдарынның көлемі де артып отыр. Мысалы, Сарыкөл ауылдық округіндегі «Данияр» шаруа қожалығы – 20, ал Ақжона ауылдық округі аумағындағы «Дүзбаев Әсет» қожалығы 23 гектарға түрлі дақылдар егіп, қазір өнімдерін өткізуде. Бұдан өзге 900 гектар көкөністің 40, ал жалпы көлемі 1050 гектар болатын бақша өнімдерінің 32 пайызы жиналды.
Табиғат жағдайына байланысты басқа ауданға қарағанда күрішке орақ салуға кештеу кірісетін ауданда ораққа қатысатын жатка мен комбайнның 22 данасы шетелдік жоғары өнімді, сапалы, заманауи техникалар. Жалпы, қолда бар 42 комбайн, 29 жатка, 115 трактор, 40 жүк көлігі мен 59 трактор тіркемесі толық дайындықтан өтіп, егін жинау жұмыстарын бастауда.
Шаруашылықтар бойынша егін жинау науқанына қатысатын техникаларға қажетті қосалқы бөлшектер мен қою май және жағар майдың қосымша қорлары жеткілікті.
Биыл аудандағы ауылшаруашылық құрылымдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы және басқа да қаржы көздерінен 652,5 млн теңгеге 22 техника сатып алуды жоспарласа, бүгінде 359 млн теңгеге 16 техника алынды.
Аудан бойынша күріштің суын байлау, ору және бастырудың кестесі бекітіліп, алқаптардың суын тарту 5 тамыздан басталып, бүгінде ауыл шаруашылығы құрылымдары бойынша 6 496 гектар күріштіктің сағасы толық байланды.
Осы күнге дейін мың гектардан астам алқаптың күрішіне орақ түсіп, 490 гектар жердің күріші бастырылды. Орташа өнім гектарына 40 центнерден айналуда.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат