Ұлттық тәрбие – ұлт болмысы
Өткен аптада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын арнады. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдаудың ерекшелігі – қазіргі нақты ахуалға қарай мемлекеттік дамуды бейімдеу болып отырғаны баршаға аян. Онда Мемлекет басшысы елдік дамудағы барлық бағыттарды түгел қамтып, нақты бағдарды айқындады. Ендігі мәселе осы айтылғандарды қажетті деңгейде орындау.
Кезең-кезеңге бөлінген тараудың әрбіріне жіті тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы ел ішіндегі түйіні тарқатылмай жүрген түйіткілдерді қозғап, алдағы күндері оң шешім табатынын мәлімдеді. Және оған біз бен сіз болып атсалысуға шақырып, мұның барлығы өзімізден басталатынын тілге тиек етті.
Жолдаудың ХІ тарауы «Ұлттың жаңа болмысы» деп аталады. Мұнда Президент «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптасыру, тұтас ұлт сапасын арттыру» басты назарда болуы тиіс. Сондай-ақ мұндағы баса мән беретін мәселе – білімге күш салу екенін ұмыт қалдырмады.
Жыл сайын елде жиі реформаға ұшырайтын саланың бірі – білім саласы. Ондағы көрсеткіш биыл айтарлықтай төмендемесе де, бұған пандемия кері әсерін тигізгені сөзсіз. Соның салдарынан білім ошақтары қашықтан оқытуға көшкенін де ұмытпаған жөн. Айта кету керек, қазақстандық мыңдаған жас шетелде білім алады. Олар білімдерін шыңдап, алған тәжірибелерін елде көрсетіп, саяси дамуда үлкен үлестерін қосады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек, Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген сөзін еске салды әрі еңбекқор, адал, ұқыпты, тиянақты, білімді зияткер ұлт қалыптастыра отырып, бәсекеге қабілетті мемлекет болатынымызды жеткізді.
Жолдауда ең әуелі жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны құп болатыны, соң кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асыруға және жастарды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар Президент темірдей тәртіп пен жоғары жауапкершілік әрбіріміздің бойымыздан табылуы қажет қасиет екенін, әділдіктен айнымай, қоғам дамуының маңызды шарты екенін қозғап, бастысы осы ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет екенін баса айтты.
Мемлекет басшысы «Бізге керегі – адалдық, ұқыптылық және тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз» деді. Егер бұл сөздердің тереңіне үңіліп қарайтын болсақ қазақ жат әдеттерден біртіндеп арылу керектігі қозғалған.
Жасыратыны жоқ жоғарыда айтып өткен мәселелер бүгінде қазақ бойынан табылып, кері ықпалын тигізіп, арыла алмай жүрген әдеттер. Егер әрбір елжанды азамат ұлт болмысын қалыптастыру үшін мұның барлығын артқа тастап, жаңа іс-қимыл бастауда оң қадам басатын болса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана елде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі орнайды.
Төребай ШЕРМАХАНОВ,
Ы.Алтынсарин атындағы
№204 мектеп директоры