«Білім және ғылым: Жаңа оқу жылының ерекшелігі
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен педагогика саласы қызметкерлерінің онлайн форматтағы тамыз конференциясы осылай аталды. Дәстүрлі тамыз кеңесіне ата-аналар мен қамқоршылық кеңесінің төрағалары, мектепке дейінгі және жалпы орта, сондай-ақ қосымша білім беру ұйымдарының басшылары мен педагог қызметкерлері тікелей байланысқа қосылып, қатысты. Жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру жүйесіндегі жетістіктер бағаланып, дайындық сараланды.
Елдегі ахуалға байланысты биыл оқу жылының бірінші оқу тоқсаны бағдарламасы қашықтан өткізіледі. Осыған орай аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қали алдағы тұрған міндеттер мен жаңа оқу жылының ерекшелігі жайлы баяндады.
– Ауданда мектепке дейінгі ұйымдар желісі 52-ге жетіп, 31 балабақша мен 21 шағын орталықтарда 5065 бала тәрбиеленуде. Мемлекеттік бағдарламада көрсетілген 3 пен 6 жастағы балалардың балабақшамен 100 пайыз қамту нысаналы индикаторы орындалып келеді. Бүгінгі таңда «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша жоғары және техникалық және кәсіптік білімі бар мектепке дейінгі ұйымдардың педагог қызметкерлерінің үлесі 67 процентті құрап отыр.
Жаңа оқу жылынан бастап 11 сынып жаңартылған білім беру мазмұнына көшеді. Сонымен жаңа білім беру жүйесіне кезең кезеңімен өту толық аяқталады. Ол үшін қажетті аудандық бюджеттен бөлінген 92890,0 мың теңге қаржыға оқулықтар алынып, мектептерге таратылды. Өткен оқу жылында жеткен негізгі жетістіктерге ғана тоқталатын болсам, облыстық және республикалық олимпиадаларға 23 оқушы қатысып, жүлдегерлер саны 17-ге жетті.
Сонымен бірге 2019 жылы халықаралық сайыста 12 оқушы мен 1 мұғалім жүлдегер атанып, республикалық кәсіби байқаулардан 3 педагог жетістікке қол жеткізді. 2020 жылы халықаралық байқаулардан 19 оқушы мен 2 мұғалім, республикалық кәсіби байқауда 7 педагог жүлдегер атанды, – деді ол.
Биылғы жылы тестілеуге қатысқан мектеп бітірушілердің 76 проценті, яғни 399-ы мемлекеттік білім беру грантын иеленді. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған аудан бойынша 110 бітірушінің 104-і (95%) жоғарғы және арнаулы оқу орындарына ақылы түрде түскен.
Білім бөлімі басшысының айтуынша, білім беру ұйымдарында сабақ беретін 2425 мұғалімнің 2014-і, яғни 83,05 проценті жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтсе, ал қалған 411-і жоспарға сәйкес мерзімінде курстан өтетін болады. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі елдегі коронавирус індетінің алдын алу, оқушылар мен мұғалімдер өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа оқу жылының бірінші оқу тоқсанында қашықтан оқыту енгізіліп отыр.
Осыған орай аудандағы күндізгі нысандағы 37 білім беру ұйымының 31-і білім алушыларға қашықтан, ал бала саны 100-ден кем және шалғай елді мекенде орналасқан 6 мектепте /№78,146,134,259, 258,93/ штаттық режимде және екі ауысымда, барлық күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, 420 оқушы білім алатын болады.
– Жаңа 2020-2021 оқу жылында елдің жалпы білім беретін мектептерінде «Құндылықтарға негізделген білім беру» бағдарламасы іске асырылады. Бұл бағдарлама білім алушылардың бойында жалпыадамзаттық, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дамытуға, олардың рухани-адамгершілік дамуын қамтамасыз етуге, экологиялық мәдениетін, салауатты және қауіпсіз өмір салтын қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ «Туған елге тағзым» жалпыреспубликалық экспедициясы, ауыл, қала, көше мен елдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар тарихын зерттейтін «Тарих тағылымы», ақындар, жыраулар, күйшілер шығармалары арқылы ұлттық фольклорды зерттейтін «Қазақ мәдениетінің антологиясы» әлеуметтік жобалары енгізілген «Ұлы Дала мұрагерлері» жобасы жалғасын табады.
Сонымен бірге Қазалы ауданының білім бөліміне қарасты 1 музыка мектебі, 1 оқушылар үйі, 1 ақпараттандыру орталығы оқушыларға қосымша білім береді. Қазіргі таңда мұнда 2257 оқушы білім алуда. Мектеп жанындағы пәндік үйірмелерге 8325 оқушы, спорттық үйірмелерге 7238 оқушы қамтылған. Дегенмен балалардың қосымша білім берумен қамтылу көрсеткіші төмен деңгейде қалып отыр. Сондықтан барлық мектеп жанынан техникалық, өнер, спорт бағытындағы үйірмелер жұмысы жандандырылатын болады, – деді бөлім басшысы.
Білім саласы қызметкерлері бас қосқан жиында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев:
– Болашақта ел тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. Сондықтан да сіздерден бірде-бір баланы назардан тыс қалдырмауларыңызды сұраймын. Мұғалім оқушылар сабақты қашықтан оқитын болған соң, тапсырма берумен шектелмеуі тиіс. Жеке-жеке қадағалап, әсіресе сабақ үлгерімі төмен оқушылармен үнемі байланыста болу қажет. Ұрпақ тәрбиесінде ата-аналардың да рөлі өте жоғары. Олай болса бала тәрбиесін тек ғана мұғалімге ысырып салып отыруға болмайды, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Жиын соңында бірқатар ұстаздар ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, аталған министрліктің және облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хатымен марапатталды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА