Қазақстандықтардың салығы тағы да кешірілетін болды
Қазақстандықтар салық рақымшылығы мүмкіндіктерін қайта пайдалана алады, деп хабарлайды Stan.kz апарат агенттігі.
"Мысалы, 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1 350 азаматтың негізгі қарыз сомасы 1 млн теңгеден асады. Аталған жеке тұлғалардың жиынтық қарызы 6,8 млрд. теңгені құрайды. Оның ішінде негізгі қарыз-4,2 млрд теңге, өсімпұл - 2,6 млрд теңгені құрады", - дейді мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 2020 жылдың 6 сәуірінде Мемлекет басшысы үкіметке 2020 жылы мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша жеке тұлғаларға салықтық рақымшылық жасауды қайта жүргізуді тапсырды. Мемлекет басшысы тиісті заңға 2020 жылғы 2 шілдеде қол қойды.
"Есептен шығарудың негізгі шарты – негізгі салық қарызының сомасын төлеу. Өсімпұл төленген салықтың түрі бойынша есептен шығарылады. Салықтық рақымшылық жасау мерзімі – 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін. Өсімпұлды есептен шығару үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Борыштың негізгі сомасын төлеу жеткілікті. Өсімпұл автоматты есептен шығарылады. Мемлекеттік кірістер органдарының барлық аумақтық бөлімшелерінде өсімпұлды есептен шығару жөніндегі комиссиялар құрылатын болады", - деп түсіндірді министрлік.
Болжам бойынша, 2020 жылы салық рақымшылықты шамамен 1,2 млн. азамат пайдаланады, яғни бюджетке 12,7 млрд. теңге төленеді, есептен шығарылатын өсімпұл сомасы – 4,3 млрд. теңгені құрайды.