Аудан төрінде қонақта – Ақұштап Бақтыгереева
Өткен сенбіде аудандық кітапхана жанындағы «coworking» орталығында «Қазалы» газетінің ұйымдастыруымен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Ақжайықтың ақ шағаласы» атанған ақын Ақұштап Бақтыгереевамен кездесу кеші өтті.
Кітапхана қызметкерлері дайындаған «Ақжайықтың ақ шағаласы» кітап көрмесі қалың жұртшылыққа таныстырылып, кеш шымылдығын №216 мектептің оқытушысы Құралай Асаубаева «Қазалым» әнімен ашты. Сөз зергерімен кездесуге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әліби Әбиев арнайы қатысты. Шара тізгінін ұстаған «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаев жергілікті оқырманға ақын шығармашылығы туралы деректер оқып, өлең жолдарынан үзінді келтірді.
Мұнан соң танымал ақын:
– Уақытпен санасатын заманда Сыр бойына Жайық қызы келді дегенді естіп жиналған жұртшылыққа ризашылығымды білдіремін. Оқырманымен қауышып, кітапсүйер қауымның жүрекжарды лебізін тыңдау ақын үшін ең үлкен бақыт. Жасында жұлдыздай жарқырап өткен Ғани Мұратбаев пен Роза Бағланова, Мәдина Ералиева сияқты қазақ өнерінің алып тұлғаларын туғызған киелі топыраққа табанымыз тиіп, бойымды ерекше сезім билеп тұр.
«Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,
Ауызында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның» – деп Төлеген Айбергенов жырлағандай жарты ғасырдан асқан ақындық ғұмырымда мен біраз дүниені бастан өткердім. Соғыстан кейін туған «жоғалған ұрпақ» өкілі болғандықтан тұла бойыммен қатыгездік пен қиянат атаулыға қарсы тұрдым. Аумалы-төкпелі заманның талайын көрген қазақ халқының қайсар мінезді қаракөз қыздарын жырға қостым. Бейбітшіліктің бойтұмарын таққан болашақ ұрпақ біз көрген қиямет-қайымды көрмесе екен деймін, – деген ойымен бөлісіп, кітапхана оқырманына естелікке арнайы ала келген «Ақ шағала» таңдамалы кітабын табыс етті.
Мұнан соң қазалылық ақын Сағыныш Өтеулиева кеш иесіне ақ тілегін арнап, төл туындысы «Сырұя» жыр жинағы мен гүл шоқтарын сыйлады. Аранды ауылының кітапханашысы Данабек Жәдиев жырдан шашу шашып қалың көпшілікті дән риза қылды.
Абай атындағы №90 мектептің оқушысы, жас ақын Әлихан Махашев Ақұштап Бақтыгерееваға «арнау» өлеңін оқып, ақынның ақ батасын алды.
Келесі кезекте Қазалы ауданының құрметті азаматы Шарафадин Алтынбаев ақын шығармашылығына тоқталды.
Шараны қортындылаған Болат Жолтаев:
– Ақжайықтан әуелеп ұшқан ақ шағала Сыр жағасына келіп дамылдады. Ақұштап ханым биыл 75 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Тәңір таңдайына сөз салған таңдаулы жанның бірісіз. Қуатыңыз семімей, алты алаштың баласын жауһар жырыңызбен қуантып жүре беріңіз!, – деп, туған жер тарихынан сыр шертетін «Қазалы» кітабын және қошемет гүлін тарту етті.
Өлеңсүйер ағайын ақын шығармаларына қолтаңбасын қойдыруға асығып кезекке тұрды. Шара соңында аудан тұрғындары кеш иесімен естелік суретке түсті.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ