Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада «Жас сақшы – болашақ ел қорғаны» атты спорттық – патриоттық сайыс өтті

Қызылордада «Жас сақшы – болашақ ел қорғаны» атты спорттық – патриоттық сайыс өтті

Жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты, тәртіп пен табандылықты нығайту мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Arlan» спорт кешенінде «Жас сақшы – болашақ ел қорғаны» атты спорттық іс-шара өтті.Іс – шараға қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің есімдерін мәңгі ұмытпау, ерліктерін ұлықтау мақсатында Қызылорда облысы бойынша білім ордалары жанынан ашылған «Жас сақшы» полиция сыныбының оқушылары қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, олардың бойына тәртіп пен табандылықты, достық пен ұйымшылдықты, отансүйгіштік пен жауапкершілікті қалыптастыруға негізделді.
Ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегі жас ұрпақ үшін үлкен өнеге. Бейбіт уақытта азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау жолында қызметтік міндетін атқарып, қаза тапқан милиция лейтенанты Бектұрсынов Есентұрсын Бақтиярұлы, милиция капитаны Әбішев Кеңесбек Махметханұлы, милиция сержанты Қалеков Қайрат Шаразадинұлы және полиция аға лейтенанты Қозыбаев Талғат Есентайұлының есімдері облыстағы «Жас сақшы» полиция сыныптарына беріліп, олардың ерлігі ұлықталып келеді.
Салтанатты жиынның ашылуында Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Бүгінгі шараның басты мақсаты – балалар арасында салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, «Заң мен тәртіп» қағидаттарын берік ұстанатын, елін, жерін сүйетін, жауапкершілігі жоғары жас ұрпақты тәрбиелеу. Спорт – адамды шыдамдылыққа, тәртіпке, табандылыққа және жеңіске деген жігерге баулиды. Ал осы қасиеттердің барлығы заң мен тәртіпті құрметтейтін азамат үшін аса маңызды. Сіздер «Жас сақшы» сыныбының оқушылары ретінде болашақта ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін қорғауға үлес қосатын азамат болып қалыптасасыздар. Жарыс болған жерде жеңіс те, жеңіліс те болады. Сондықтан бүгінгі жарыста жеңіске ұмтылумен қатар бір-біріңізге құрмет көрсетіп, командалық рух пен достықтың үлгісін көрсетіңіздер» деген тілегін білдірді Департамент бастығы.
Сайысқа барлығы 7 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылардың өнері мен дайындығын арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының құрамында Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубақабылұлы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы, Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы полиция полковнигі Бисен Бағлан Серікбайұлы болды.
«Жас сақшылар» сайыс барысында өздерінің білімдері мен біліктілігін, шапшаңдығы мен ептілігін, ұйымшылдығы мен жігерін танытты. Тартысты өткен жарыс қорытындысында жеңімпаздар анықталып, жүлделі орындарға ие болған үш командаға Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының кубогы табысталды.
Сайыс қорытындысы бойынша I орынды Қызылорда қаласындағы М. Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейі иеленді. II орын Жаңақорған ауданындағы А. Абдуллаев атындағы зияткерлік мектебінің командасына бұйырса, III орынды Шиелі ауданындағы М. В. Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицейінің «Жас сақшылары» еншіледі.
Сонымен қатар жарыс барысында белсенділігімен, шапшаңдығымен және ерекше қабілетімен дараланған командалар арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда Арал қаласындағы №71 орта мектебінің «Жас сақшылары» «Алғыр», Қармақшы ауданындағы О. Шораяқұлы атындағы №30 қазақ орта мектебінің командасы «Шапшаң», Жалағаш ауданы Есет батыр ауылының №124 орта мектебінің жас сақшылары «Жігерлі», ал Сырдария ауданы Т. Қозыбаев атындағы №131 мектептің командасы «Белсенді» номинациясына лайық деп танылды.
Сайыс соңында жас сақшылардың жүзінен жеңіске деген қуанышпен қатар елге қызмет етуге деген асқақ арманның лебі сезілді. Бүгінгі талапты шәкірт – ертеңгі ел қорғаны. Олардың бойындағы тәртіп пен табандылық, жауапкершілік пен отансүйгіштік – қоғамның жарқын болашағына бастар берік негіз. Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақтың жүрегіне елге деген сүйіспеншілікті сіңіріп, азаматтық жауапкершілігін арттыра түседі. Өйткені Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының темірқазығы, ел тыныштығының кепілі. Ал оны қастерлеп, қорғау – әразаматтың қасиетті борышы.
29 қыркүйек 2026 ж. 40 0

Тіл – ұлттың тұғыры

29 қыркүйек 2026 ж. 45

Қажырлы еңбек – ел мерейі

29 қыркүйек 2026 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930