Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жанкент шаһары жыландар шабуылынан қирады ма?

Жанкент шаһары жыландар шабуылынан қирады ма?

Алаштың анасы атанған Сыр өңірінде талай тарихқа куә ескі шаһарлардың орны жетерлік. Солардың бірі – Сырдарияның Арал теңізіне құятын сағасына жақын қоныс тепкен Жанкент. Бұл қалада иісі түркі баласының абызына айналған Қорқыт атаның кіндігі кесілген. Деректерге сүйенсек, қазақ өнерінде орны бөлек музыкалық аспап – қобыз да ең алғаш осы қалада жасалса керек. Себебі қобыздың тұңғыш иесі Қорқыт ата екені тарихтан мәлім. Сондай-ақ Жанкент дегенде атақты Бегім ана оқиғасы да елдің есіне түседі. Қысқасы, көне шаһардың қойнауына бүккен құпиясы көп. Үңіле берсең, қаншама қазынаға кезігесің.

Бүгінгі таңда шаһар республикалық сипаттағы археологиялық ескерткіш санатына енгізілген. Сыр өңірінің Қазалы ауданына қарасты Жанкент ауылына іргелес жатыр. Қазіргі көрінісі – биік төбе сияқты топырақ басқан қорған. Деректерге сүйенсек, аталмыш ескі қала VІІ – ХІV ғасырларда Жанкент, Янгикент аталған. Оғыздар елінің астанасы болған. Жүздеген жылдар бойы осылайша оғыздардың бас ордасына айналған. Түрікмен тарихшысы Әбілғазы Баһадүр Жанкент аумағын оғыздардың ертеден мекендеп, ел билеген патшасы сол қалада өмір сүргенін жазады.

Ғылыми тұрғыдағы зерттеулер беріде жүргізілді. Орыс археологі Петр Иванович Лерх 1867 жылы Сыр жағасына келіп, Жанкенттің өткен кезеңін таразылап, көптеген деректер тапты. Оны жазба жүзінде бүгінгі ұрпаққа мол мұра етіп қалдырды. Орыс зерттеушісі Сергей Павлович Толстов та Жанкент тақырыбына біршама уақыт зер салған. Көне қала маңайына Ресей астанасы – Мәскеу қаласындағы И.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының мамандары мен қазақстандық Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары да атбасын тіреген. Жергілікті Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті де оғыздар астанасы жайында мол мағлұматтың жарыққа шығуына мұрындық болып келеді.

Көне дәуірдің шежіресін тарқатқан ғалымдар Жанкенттің Ұлы жібек жолы бойындағы іргелі сауда-саттық орнының бірі болғанын айтады. Ауызба-ауыз тараған әңгімелерге сүйенсек, бұл қалада аларман таңдай қағатын әдемі кілемдер тоқылған деседі. Түрлі тұскиіздер де жасалған. Жергілікті алтын қолды шеберлер ат-сайманын жасап, садақ-жебені де әзірлеп, көзе-сауытты да шығара білген. Жалпы алғанда, Жанкент Мәуреннахр жерін Еуропа, Үндістан және Иран жерімен байланыстыратын ұлы керуеннің бойында бойлай орналасқан. Бір деректе осыдан мың жылдай бұрын Арал теңізі аймағында тұз өндірісі дамыған делінеді. Еуропаның бірқатар елдері тұзды осы аймақтан алдыртқан екен. Соған дейін кәрі құрлықтағы халық тұзсыз тамақ ішіп келген көрінеді.

Қала орынын орыс ғалымы Петр Иванович Лерх алғаш қазып зерттеген. Ол кезде қала орны бүгінгідей жоғала қоймаған. Жанкенттің ескі қабырғалары мен архитектуралық дүниелері де жарым-жартылай сақталған. Тіпті бірқатар көшелерінің ізі де бар екен. Сырттай қараған адамға Жанкент үлкен төбе сияқты үйінді болып көрінген. Қамал қабырғасының қалыңдығы 6 метрге жуық. Қаз-қатар тізбектеліп, бірнеше биік мұнаралар мен оқ ататын тесік көздер орнатылған оңтүстік қабырғасы сол кезде жақсы сақталған. Ал ең биік мұнара оңтүстік-батыс беткейінде орын тепсе, қаланың қақ ортасында жан-жағын қоршаған ескі сарай болған көрінеді.

Зерттеулер барысында ғалымдар үйлердің орны мен қабырғасын ашып көргенде бірқатар көріністерге куә болған. Олар сан алуан архитектуралық үлгілер, қабырғаға түсірілген суреттер, күйдірілген кірпіштерді байқаған. Оған қоса көк және қызғылт шынымен жабылған көзе тақталар да көптеп кездескен. Араб қарпімен әшекейленген сауыттар және өзге де өнер өрнектерді ғалымдар тапты. Осындай орасан зор мәдени байлық Жанкенттің өркениетті өмір сүргенін дәлелдей түседі.

«Ғалымдар Жанкенттіқазу барысында көне кезеңде әдемі дүниелер жасап шығарған шеберхананың орнын тапқан. Шеберхананы зерттеу үстінде көп жайға көз жеткізілді. Атап айтқанда, онда кірпіш және көзе сауыт күйдіретін орындар бар екендігі белгілі болды. Сондай-ақ көркі көз қанықтыратын глазурь шыныларының шеберхана орындары да анықталған. Олардың барлығы да сол кезде өндірістен қалған жұмыстардың қалдығы болса керек. Шеберхананы зерттеу барысында глазурь қорытатын пештің орны табылып, ғалымдар осылайша қымбат дүниеге кезіккендіктері туралы жазады. Бұл құндылық ХІІІ-ХІV ғасырлардағы Алтын Орда (Дешті Қыпшақ) дәуірінің өркениетінен көрініс береді»
, – дейді Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің директоры Роза Асанова.

Ғалымдар зерттеу барысында сол дәуірдегі күміс және мыстан жасалған теңгелерді де тапқан. Орыс зерттеушісі С.П.Толстов көптеген құнды дүниелерді жинақтаған. Одан кейін де бұл жерде талай іс атқарылды. Осыған қарамастан көне шаһарды толық танып, білдік деп айта алмаймыз. Мәселен бүгінгі күнге дейін Жанкенттің нақты қай ғасырда іргесі қаланды, не себепті тіршілік етуін тоқтатты деген сауалдың түйіні тарқатылмай келеді.

Қаланың жойылуы жөнінде де біршама деректер кездеседі. Оның алғашқысы – Бегім ана оқиғасына байланысты. Бегім ана Жанкентті билеген Санжар ханның зайыбы болған. Оның пәктігіне күмән келтіріп, әйелінің екі қолын шауып, зынданға тастайды. Бегім ананың әкесі – Қарабура әулие оқиға барысына қатысты Жанкент қаласына келеді. Ол қызының ақ екеніне көз жеткізіп, Санжар ханға наразы екенін білдіреді. Күйеу баласы хандық құрған Жанкент қаласы содан кейін жыландар шабуылынан жермен-жексен қирапты деген деректер айтылып жүр. 

Тағы бір жорамал бар. Жоғарыда атап өткеніміздей Жанкент Азия мен Еуропаны жалғаған қала қатарында. Ұлы жібек жолының кейіннен құрлық арқылы өтетін дүниежүзілік керуен жолдары қысқара бастайды. Осылайша, өркендеген Жанкенттің де ғұмыры аяқталады. Жанкенттің ХV ғасырдан кейінгі тағдыры белгісіз. Ол жайында жазба деректерде ешқандай мәліметтер кездеспейді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
01 маусым 2019 ж. 2 729 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 66

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 61

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930