Таеквандо тарланына еліктеген
Бүгінде таеквандомен айналысатын жастардың көбі Пекин олимпиадасының қола жүлдегері Арман Чилмановтай шебер спортшы атануды армандайды десек артық айтқандық емес. Аталған таеквандо тарланындай талантты болуды көздейтін жастардың бірі – Құтай Орынбет.
Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейде 8 сынып оқитын ол бала күнінен спортқа жақын болып өсті. Себебі оның отбасы спортшылардан тұрады десек қателеспейміз. Әкесі Құдайберген Медетов салауатты өмір салтын ұстанып, баскетболдың қыр-сырын жетік меңгерген жан болса, інісі Нұржан қазақша күреспен айналысады.
– Таеквандоны таңдауым бекер емес. Себебі бұл спорт түрі жекпе-жектердің арасындағы ең мәдениеттісі болып саналады. Мұнда бірінші кезекте қарсыласқа құрметпен қарауды үйретеді. Құлап қалғанда соққы жасауға қатаң тыйым салынады, – дейді Құтай Құдайбергенұлы.
Таеквандо үйірмесінде тәлім-тәрбие алатын Құтай облыстық турнирде екі рет жеңімпаз атанды. Өткен жылы Өскемен қаласында өткен кадеттер арасында таеквандодан Қазақстан Республикасы чемпионатында 53 келі салмақ дәрежесінде қола медальді қанжығасына байлады. Жалпы 2018 жылы жас спортшы үшін табысты жыл болды. Дәл осы жылы Тараз және Қызылорда қаласында ұйымдастырылған екі бірдей байрақты бәсекеде үшінші орынға қол жеткізді. Бұл әрине Құтай Орынбеттей жас спортшы үшін үлкен жетістік болып саналады.
Болашақта табысты спортшы атануды мақсат тұтқан Құтай аптасына төрт рет Жалаңтөс баһадүр атындағы орталық стадионда жаттығады. Оған таеквандодағы түрлі айла-тәсілдерді жаттықтырушысы Серік Жиенбаев үйретеді.
– Спортты жан-тәніммен жақсы көремін. Таеквандодан бөлек, баскетбол ойнағанды да ұнатамын. Бірақ алдағы уақытта таеквандоның шынайы шебері атанғым келеді. Сондықтан да жаттығуларда тынбай тер төгіп, бапкердің айтқанын екі етпей орындап жүрмін. Олимп шыңын бағындырсам деген үмітім де жоқ емес, – деп алға қойған мақсатын да жасырмады.
Арманы асқақ жас өркеннің көздеген мақсатына жетеріне сенім артамыз. Олимп шыңынан көрініп, туған жердің абыройын әлемдік аренада асқақтата бер, Құтай!
Жеңісбек СОВЕТҰЛЫ