Талаптылар табысы
Жас өрендерді белсенді өмірге, спортқа баулу жұмысы үздіксіз жалғасуы қажет. Осы мақсатта ауданда Астана қаласының 20 жылдығына орай ХХІ жазғы спартакиада ойындары өтті.
Сайысқа Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназия мұғалімдері даярлаған оқушылар белсене қатысты. Ауданның 36 мектебінен келген спортшылар арасынан аталған оқу ордасы шәкірттерінің еншілеген жүлделері аз емес. Мәселен, стол теннисінен өткен жарыста Досбол Нұрылла, Нұрислам Едіге мен Ақерке Оңталаптан құралған топ жүлделі бірінші орынды жеңіп алған. Сондай-ақ Досбол Нұрылла ауданның «Үздік ойыншысы» атанып, жақын арада Көкшетау қаласында өтетін республикалық сайысқа жолдама алды. Сол сияқты командалық есеппен қол күрес сайысында Серік Жүсіп, Оңталап Құдайберген мен Айниза Жұбания оқ бойы озып шықты. Сайыстың осы түрінің үздігі ретінде Серік Жүсіп танылды. Нағыз тегеурінділік пен білек күші сыналатын гір тасын көтеру додасында да Әділ Шайкенов пен Еламан Аймағанбетов қарсыластарын қапы қалдырып, бірінші орын мінбесінен табылды. Айта кетейік, Ә.Шайкенов гір тасын төбесінен 110 мәрте көтеріп, ауданда тіркелген рекордты жаңартқан.
Спартакиада аясында ұйымдастырылған жарыста қыздар арасында волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ ойындарынан гимназиялықтар топтық есеппен екінші орынды місе тұтты. Ал жалпы есеп бойынша бас жүлдені №249 мектеп-лицей, бірінші орынды №204 мектеп еншілесе, үздік үштікті Ж.Жабаев атындағы №234 мектеп қорытындылады.
Өнер мен білім, спорт сайыстарында биіктерден көрініп жүрген №226 мектеп-гимназия оқушылары әлі де талай белестерді бағындара береді деп сенеміз. 700 шәкірт білім алатын оқу ордасы бейімделген спорт залын місе тұтып отырғаны ғана көңіл қынжылтады. Біздікі алдағы уақытта білім мекемесіне барлық мүмкіндігі бар, кең көлемдегі спортзал табысталар болса, болашақ олимп шыңын бағындырар саңлақтар шығар ма еді деген ой ғана.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ