Өнерімен топжарған өрендер
Биыл Қапшағай қаласында орналасқан «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына Қазалы ауданынан екі оқушы жолдама алған болатын. «Жас Шәкен жұлдыздары» фестивалі аясында ұйымдастырылған 2018 жылдың бесінші ауысымына бару №226 гимназияның 9 сынып оқушылары Досбол Нұлылла мен Ақерке Оңталапқа бұйырыпты.
«Аудандық білім бөлімінен хабарласып, талантымен танылып жүрген өнерлі де білімді екі оқушыға жолдама берілетіндігін айтты»,– дейді мектеп директорының орынбасары Нұргүл Жәлімбетова. Осы сәтте оқушы таңдауда ұстаздар біршама қиналған көрінеді. Дегенмен, жан-жақты, белсенді оқушыларды білім, өнер додаларындағы жетістіктеріне қарап мұғалімдер бір шешімге келіпті.
Мектепішілік, аудандық жарыстарды қалыс қалдырмайтын Досбол Нұрылла оқу-сауықтыру орталығында өткен сайыстардан да төбе көрсеткен. Ер балалар арасында ұйымдастырылған республикалық теннистен жүлделі бірінші орынды қанжығалаған. «Жас Шәкен жұлдыздары» бағдарламасының «Жас ақын жырлайды» атты ақындар мүшәйрасында да көпшілікті мойындатып, бірінші орын тұғырынан көрінді. Оған жасөспірімдер арасындағы «Жайдарман» сайысында алған бас жүлдені қосып қойыңыз. Бұдан бөлек «Қазақстандық жас патриоттар академиясына» мүшелікке қабылданып, Білім және Ғылым министрлігінің алғыс хатымен марапатталды. Осылайша өзінің туған жері мен оқу ордасының абыройын бір асқақтатып тастады.
Гимназиялық өнерлі шәкірттердің бірі Ақерке Оңталап та «Балдәуренде» өткен сайыстардың марапатынан кенде емес. Ақерке де республикалық қыздар арасындағы теннис ойындарының жеңімпазы. Демалыс кешенінде ұйымдастырылған «Олимпия» спорт додасында командалық есеппен бірінші орынды жеңіп, Ақерке белсенділігі үшін жеке-дара марапат алды. Сонымен қатар, «Үздік биші» номинациясын да кеудесіне таққан.
Қапшағай қаласында болып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушылар арасынан топжарған Досбол мен Ақерке қазыналы Қазалы таланттар мен шайырлардың мекені екенін тағы бір дәлелдеді.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ