Астанада тұңғыш рет триатлоннан Әлем Кубогы өтіп жатыр
«Бұл турнир Қазақстан үшін ғана емес, триатлон саласындағы тұтас халықаралық қозғалыс үшін маңызды. Посткеңестік кеңістікте Әлем Кубогы тұңғыш рет өтіп жатыр. Сайысты өткізу құқығын Қазақстанның жеңіп алуы да үлкен мәртебе», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Әлем Кубогының ашылу салтанатында.
Министрдің айтуынша, Әлем Кубогын өткізу құқығын жеңіп алу оңайға соққан жоқ. Әйтсе де, Қазақстанның өзге елдермен салыстырғанда бірқатар басымдықтары болды.
«Ең алдымен, бұл республикалық триатлон федерациясының еңбегі, себебі мұндай ірі сайысты өткізу үшін оған бар жағдай жасалуы керек. Қазақстанда триатлон өте қарқынды дамып келеді, бұған дейін әуесқойлар мен спортшылар арасында бірнеше жарыс өткізгенбіз. Екіншіден - триатлон Кубогын өткізу үшін инфрақұрылымның болуы және үшінші мәселе - көпшіліктің қолдау білдіруі. Мұның барлығы шешім шығаруда өз септігін тигізді», - деп атап өтті министр.
Ол Қазақстандағы спорт қозғалысының күннен-күнге дамып келе жатқанын, триатлон саласында ғана емес, марафон өткізудің сәнге айналғанын айтты.
Судың температурасы едәуір төмен болғандықтан, әзірге әйелдер арасындағы дуатлон жарысы өтіп жатыр. 15:00-де судың салқындығына қарамастан, ерлер триатлонда бақ сынайды.
Айта кеетйік, Астанада өтетін триатлоннан Әлем Кубогы мамырдың 19-20 күндері өтеді. Оған қатысуға 38 мемлекеттен 140 атлет өтінім берді. Спортшылар стандартты қашықтық бойынша сынға түседі. Яғни, 1500 метр - жүзу, 40 шақырым - велокезең және 10 шақырым - жүгіру.
Сондай-ақ, бүгін Триатлон паркте балалар жарысы, концерттік және ойын-сауық бағдарламалары өтеді.
20 мамыр күні Қазақстандағы триатлон спортын насихаттау мен дамыту мақсатында Age Group (әуесқойлар) арасындағы сайыс өтеді.