Биік белестерді бағындырған

– Бұл Қазақстанға соңғы 15 жылдықта енген спорт. Қызылорда облысында 10 жылға жуық уақыттан бері бар. Ал біздің ауданда биыл ғана ашылды. Соған қарамастан біршама жетістіктеріміз бар. Тараз қаласында жасөспірімдер арасында өткен ҚР чемпионатында Үміт Ысқақ екінші орын иеленді. Осы сайыста Арайлым Бикпаева үшінші орын алды. Грэпплинг-гиден жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатында Үміт Ысқақ пен Ринат Оразбек үшінші орынға лайықты болды. Бұйырса желтоқсан айында Үміт Әлем чемпионатында бақ сынайды, – дейді грэпплинг бөлімшесінің жаттықтырушысы Жансая Мұрат.
Өрендерді шымырлық пен шыдамдылыққа шыңдап жүрген Жансая Ерланқызы өзі де 5 сыныптан бастап спорт әлеміне енген. Ол дзюдо, самбо, қазақ күресі және грэпплингтен спорт шебері. ҚР чемпионатының жеңімпазы. Азияның және Әлем кубогынан қола жүлдегері. ТМД елдерінің жеңімпазы. Оның мақсаты – күрестің осы түрін ауданда кеңінен дамытып, жеңімпаздар даярлау.
Біз барғанда спорт залда бірнеше ұл-қыз жаттығу жасап жатты. Олардың барлығының бойынан спортқа деген құлшынысты анық көруге болады. Бір-бірімен тетелес оқушылар түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланып, озық шығуға тырысуда.
– Маған грэпплинг қатты ұнайды. Бұнда қазақша күрестің де, дзюдоның да тәсілдері кездеседі. Бастысы – шапшаңдық қажет. Бұндай спорт түрінің біздің қалада ашылғаны мен үшін үлкен қуаныш. Біраз жарысқа барып та үлгердік. Болашақта керемет нәтижелер көрсетемін деген сенімдемін, – дейді Оңтүстік Батыры республикалық турнирінің бірінші орын жеңімпазы Ринат Оразбек.


Ауладағы жасыл алаң балалардан бос қалған емес. Бүгінде футбол бөлімшесінің қатысушылары ойынның көркін қыздыруда екен. Екі топқа бөлініп алып, допты ұршықша иіріп жатқан жасөспірімдердің футболға деген ынтасы жоғары.

– Спорт – денсаулық кепілі. Таңертең 9-да келгеннен балалар алаңда жүгіреді, жаттығу жасайды, ойнайды және өздеріне дос табады. Олар жаман әдеттен аулақ болады. Түрлі жарыстарға қатысып, жер көреді. Кеше ғана аудан ортылығы Әйтеке би кентінде жарысқа қатысып, үшінші орын алып келдік. Шәкірттердің жеңіске деген құлшынысы ерекше. Барлығы да болашағы зор балалар, – дейді жаттықтырушы Біржан Медетов.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА