Елімізде теннис спорты қалай дамып жатыр
Сарапшылардың пікірінше, теннис Қазақстанда ілгері дамып келе жатқан спорттың бірі.
Аталған спорт түріне қызығушылық танытушылар баршылық. Дегенмен бәрі бірдей кәсіби деңгейге өтіп, бағы жанып кетпейді. Таяу күндері Уимблдон -2022 чемпионы атанған қазақстандық спортшы Елена Рыбакинаның тарихи жеңісінен кейін тенниске қызығушылардың саны арта түседі деген болжам бар. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі отандық теннистің қазіргі жағдайымен танысып, кәсіби жаттықтырушының пікірін тыңдап көрген еді. «Өз басым баланы тенниске 4-5 жастан берген дұрыс деп ойлаймын. Осы орайда «Baby tennis» деген бағдарлама бар. Әлем елдерінде кеңінен дамыған, Қазақстанда бірнеше жыл бұрын пайда болды. Бағдарлама тікелей теннис ойнауға емес, баланың икемін, ебін байқап, спортқа деген қабілетін анықтауға арналған. Осылайша «Baby tennis» арқылы 6-7 жасқа келгенде баланың тенниске деген қызығушылығы мен қабілетін білуге болады. Бұл уақыт жағынан да ұтымды. Теннис орталығына келген баланы, алдымен, тестілеуден өткіземіз. Атап айтқанда жүгіртеміз, шапшаңдығын байқаймыз, ракеткамен допты ұру деңгейі мен алаңдағы жалпы қимыл, қозғалысы есепке алынады», - деді елордадағы «Дәулет» теннис орталығының жаттықтырушысы Марат Шәріпов. Жаттықтырушының айтуынша, балада спорттық қабілеттен бөлек, қызығушылығы болуы керек. Яғни ата-ана баланы спортқа қызығушылығына қарай бергені абзал. «Спортқа баланы мәжбүрлеп беруге болмайды. Спортта мынадай тенденция бар, баланың ынтасына қарағанда ата-анасы мен жаттықтырушының қызығушылығы жоғары болса, одан нәтиже шыпайды. Қазір менің тәрбиемде 10 спортшы бар. Жас ерекшеліктері әртүрлі. Мен жаттықтырып жүрген спортшылар меженің ортасына келген теннисшілер. Яғни олар теннис ойнауға әлдеқашан кіріскен, бірақ кәсіби тенниске өтпеген. Республикалық және халықаралық турнирлердің чемпионы болып жүрген шәкірттерім де бар», - дейді ол. Сондай-ақ маман елімізде теннис спортын одан әрі дамыта түсуге қатысты кедергілерді атады. «Елордада теннис үшін басты кедергі - ауа райының қолайсыздығы. Біз далада емес, үнемі залда жаттығамыз. Теннисті даладағы алаңда ойнаған бөлек. Осы тұста залда ойнап қалған спортшылардың далаға бейімделуі қиындау. Теннисшілерге қатысты екінші мәселе, Қазақстанның аталған спорт түрі жақсы дамыған елдерден өте алшақ орналасуы. Мысалы, теннистен әлемдік ірі, беделді турнирлер Австралия, АҚШ, Франция секілді елдерде өтеді. Ол жаққа екінің бірі барып қатыса алмайды. Әйтпесе бізде таланттар баршылық», - дейді жаттықтырушы. Оның айтуынша, еліміздегі теннисшілердің 95% шетелге барып ойнауға мүмкіндігі жоқ. Дегенмен Қазақстанда теннис спортын дамыта түсу жолында бар жағдай жасалған. «Теннис қымбат спорт түрінің бірі екені баршаға аян. Десе де табысқа кенелу үшін сен әлемдегі үздік 200 спортшының қатарында болуың керек», - деді М. Шәріпов. Баланы тенниске 4-5 жастан берген жөн деген уәжбен еліміздің теннис федерациясы да келісіп отыр. «Негізі 4 жастан бастап беруге болады, дегенмен тәжірибе 5-7 жастың дұрыс екенін көрсетіп отыр. Тенниске өте ерте жаста беру үмітті ақтамауы да мүмкін. Дегенмен балада дағды пайда болады. Кейде бірдей жастағы балалардың теннис ойнау деңгейінде айтарлықтай айырмашылық байқалып жатады. Сондай-ақ, 5-7 жастағы балаларды теннис ойнауға бірден үйретпейді. Алдымен олардың дағдысын қалыптастыру керек. Спортқа баулуда бала логикасын қоса жетілдіру маңызды. Теннис – логиканы қажет ететін спорт түрі. Содан соң ғана жас спортшылар ракеткамен доп соғу, теннис добын жай емес, есеппен лақтыру, қарсыластың добына төтеп беру тәсілдерін үйренеді», - деген кеңес берілді аталған ведомстводан. ҚР теннис федерациясы ұсынған статистикаға сәйкес еліміз бойынша теннис корттарының саны соңғы 15 жылда 6 есе көбейді. 17 өңірде 344 теннис алаңы салынды. Сонымен бірге еліміздің барлық өңірінде 38 теннис орталығы бар. Соңғы теннис орталығы биыл маусымда Түркістан қаласында ашылды. Ел аумағында жыл сайын теннистен 150-ден астам республикалық және халықаралық турнирлер ұйымдастырылады. Қазақстандық тенниске қатысты тағы бір дерек бүгінде аталған спорт түрімен 20 мыңнан астам адам тұрақты айналысады. Оның ішінде 5000 теннисші 10 жасқа дейінгі бала. Еліміздің теннис федерациясы спортшылардың денсаулығын күтіп, турнирден соң қайта қалпына келтіру мәселесін көтеріп отыр. «Теннисшілер үшін проблемалардың бірі турнирлерге дайындалып, қатысуға қаржы табу. Көптеген ойыншылар, әсіресе рейтингі жоғары емес спортшылар өз қалтасынан төлейді. Турнирге қатысамын деп ақшасын үнемдеп жүріп, басты байлық денсаулықты ұмытады. Спортшы өз денсаулығын 2 есе күту керек. Кәсіби спортшылар үшін денсаулықты қайта қалпына келтіруде жақсы маман табу оңайға түспейді. Қазақстанда бұл жағынан проблема жоқ. Біздің спортшылар әлемнің үздік мамандарына қаралу мүмкіндігі бар», - деген түсінік берді федерация. Федерацияның дерегі бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе және Өскеменде теннис спорты жақсы дамыған. Нұр-Сұлтан қаласы спорт және дене шынықтыру басқармасының мәліметіне сәйкес бүгінде елордада 5 теннис орталығы бар. Атап айтқанда, «Дәулет» теннис орталығы (Қордай 6), ұлттық теннис орталығы (Тұран 6/1), «Astana Solar» ЖШС («Қазатомпром» АҚ), «GoldenSet» теннис мектебі (Тәшенов көш.) және оқушылар сарайында аталған спортпен айналысу мүмкіндігі бар. Онда 50 жаттықтырушы 2500 теннисшіні тәрбиелеп жатыр. «Қолжетімді спорт» бағдарламасы аясында қала бойынша 13 алаң және мектептерде балаларға теннис тегін үйретіліп жатыр. Айта кетсек, биыл Нұр-Сұлтан қаласында теннистен 20 республикалық және халықаралық турнир өткізу жоспарланған. Оның қатарында ел чемпионаты да бар. 2022 жылғы қаңтар-мамыр аралығында астаналық теннисшілер жарыстардан 35 медаль жеңіп алды. Уимблдон жеңісінен кейін теннистегі келесі асу «Үлкен дулыға» турнирлері. Оның қатарында Австралия ашық чемпионаты (Australian Open), Франция ашық чемпионаты (Roland Garros) және АҚШ ашық чемпионаты (US Open). Аталған додалардың дулығасын жеңіп алу аса құрмет және үлкен беделге ие. Бұларды әлем чемпионаттары деп те атайды. Спортшылардың кәсібіндегі жеңісінен бөлек, олардың денсаулық жағдайы мен күтімі үлкен маңызға ие. Теннисшілерді жарыстан кейін қалпына келтіру шарасы бірнеше бөліктен тұрады. Яғни педагогикалық, психологиялық және медициналық-биологиялық. Медициналық-биологиялық шараға денсаулық жағдайын бағалау және есепке алу жатады. Атап айтқанда: - тағамның құнарлылығы мен теңгерімділігі; - тамақтану режимі; - дәрумендер қабылдау; - Денені қайта қалыпқа келтіру шаралары. Оған массаж, физиотерапиялық және арнайы температуралық процедуралар, оксигенотерапия, сауна, акупунктура сияқты бальнеологиялық әдістер; - Биологиялық белсенді қоспалар мен фармакологиялық препараттарды (допингке қарсы тексеру міндетті) қабылдау; «Жарыстан соң спортшыны қайта қалпына келтіру кешенді процесі жалпы жағдайда әсер етеді. Сол сияқты әр процедураның өз әсері бар. Кәсіби спортта мақсатты стратегия қажет. Оның көмегімен бұлшықеттердің тұтастығын қалпына келтіруге және қалпына келтіру кезеңін қысқартуға болады. Бұлшықет ауруының алдын-алуда мұқият жаттығу жасау ғылыми дәлелденген дүние», - дейді федерациядан.