Жас саңлақтардың жұлдызды шағы
Сәуір айы басталғаннан облыс орталығында спорттың түр-түрінен додалар өтті. Аталған жарысқа ауданның маңдай алды спортшылары аттанды. Нәтижелері көңіл қуантып, алғашқы күннен-ақ жүлделі бірінші орындарды қоржынға сала бастады. Ендеше, бірнеше аптаға созылып, мәресіне жеткен бәсекедегі аудан спортшылары алған асуларға тоқталғанды құп көріп отырмыз.
Бозкілемдегі біздің палуандар
Жоғарыда айтып өткендей, алыс-жақын аудандардың спортшылары жиылған Қазақстан Республикасының чемпионатының алғашқы күні грек-рим күресінен басталды. Яғни U17-U23 жас аралығындағы мақтаныштарымыз бозкілемде тартысты.
Осылайша жарыстың алғашқы күні жеңіспен басталды. 45 келі салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсеткен грек-рим күресінің палуаны Шыңғысхан Әбдіхалымов ел чемпионы атанып, бірінші жүлдені қоржынға салды. Міне, осындай қуанышты сәтті бөліскен палуанның жаттықтырушылары Әмірбек Айнадинов пен Ғанибек Нысанның жағымды естілген жаңалығына бәрекелді десіп, қуанып қалдық.
Аталған чемпионаттың екінші күнінде тағы төбеміз көкке жетті. Кіл мықтылар бас қосқан додада №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің грек-рим күресі бөлімшесінің палуаны Қуаныш Аманкелді 110 келі салмақ дәрежесі бойынша ел чемпионы атанып үлгерді. Мұнда да бапкерлер Мейірман Әлизақ пен Кеңшілік Есмурзаев аудан халқын жеңістерімен құттықтады.
Осы сәтте дүбірлі додаларда топ жарып, аудан намысын арқалап жүрген №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі спортшыларының алдағы күндеріне сәттілік тіледік.
Зілтемірші қыздар жеткен жетістік
Қызылорда қаласындағы ауқымды дода әрі қарай ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасында жекелей жаттығулар бойынша ҚР-ның жеке-командалық чемпионатымен жалғасты. Спорттың бұл түрінен алғашқы күннен-ақ ақжолтай жаңалық желдей есті.
№17 ОРМБЖ мектебінің зілтемірші қызы Салтанат Қыпшақбай 49 келі салмақ дәрежесі бойынша қола жүлдегер атанды. Ал екінші күннің нәтижесімен 59 келі бойынша өнер көрсеткен спортшы нәзік жанды Алтынай Тәңірбергенова күміс жүлдені қанжығасына байлады. Осылай қос ару екі күннің ішінде өзгелерден оза шауып, жүлделі орындардан көріне білді.
Қуанышымен бөліскен Салтанат Қыпшақбай «Барлығы жаттығумен келеді. Бапкердің қатаң талабы мен тәртібінің арқасында осындай жүлделі күндерге жетіп жүрміз», – дейді.
Қыздардың жаттықтырушысы Азиз Жақсылықтың айтуынша, бұл жеңістің әлі басы екен. Өз спортшыларының таудай талабына сенетін бапкер, әлі талай дүбірлі додаларда топ жаратынына сенімді. Білікті бапкердің алдағы күндеріне сәттілік тілеп, жеңісті күндері көп болуына тілектес болдық.
Грэпплингте де бар кіл мықты
Бұл кезде Тараз қаласында сәуір айының 09-10 күндері аралығында грэпплинг ноуги, грэпплинг ги түрлері бойынша 2007-2008 және 2009-2010 жылдары туылған балалар мен жасөспірімдер арасында ҚР-ның чемпионаты өтіп жатты.
№17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі грэпплинг бөлімшесінің спортшы қыздары жүлделі орындардан көріне білді. Нақтыласақ, 42 келіде Айкүнім Русланқызы мен 48 келі салмақ дәрежесі бойынша Бегімсұлу Жаңабаева күміс жүлде иегері атанды. Сондай-ақ 80 келі салмақта Наргиз Яхып қола жүлдені еншіледі.
Айта кетейік, бұл жарыстың бірінші күніндегі қорытынды болатын.
Ал екінші күні грэпплинг ги бөлімі бойынша спортшы қыздар тағы да өзгелерден үздік болды. Атап айтсақ 40 келі бойынша Айжан Ерқосай мен 52 келідегі Айда Оралбай күміс жүлдені иеленді. Сол секілді 48 келі салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсеткен Бегімсұлу Жаңабаева қола жүлдені қанағат тұтты.
Аталған мектептің грэпплинг бөлімшесінің спортшы қыздарын жаттықтырушы Жансая Мұрат: «Сәтін салса аудан жұртын әлі талай жеңісті күндермен қауыштырамыз», – дейді.
Осы ретте 2008-2009 жылы туылған кіші жасөспірім қыздар арасында бокстан Қостанай каласында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатқанын баса айту керек. Өйткені ол жаққа Қазалы атынан барған Зарина Толыбай 74 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, бірінші орын алды.
– Әр жерден жиналған спортшылар шетінен мықты. Дегенмен алаңға шыққан талай үздік жарыс жолынан шығып қалып жатты. Сол сәтте бокста қайратты қыздардың тәрбиеленіп келе жатқанын аңғардым. Алаңда алдына келген қарсыластардың барлығы осал емес. Десек те Зарина уақытында өзін-өзі жинап үлгерді. Көптеген жаттығудың арқасында олардан әлдеқайда жоғары тұрды, – дейді бапкері Руслан Жолбарысов.
Құрметті оқырман, бір ғана сәуір айының ішінде аудан спортшыларының жеткен жетістіктерін байқаған боларсыз. Ол аз десеңіз, олар бір жылдың он екі айында да аудан намысы үшін бар күш-жігерлерін салуға дайын. Сондықтан мерейімізді тасытып жүрген спортшы жастарға қандай қошемет көрсетсек те жарасады.
Абзал ЖОЛТЕРЕК