Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалыда спортшылар марапатталды

Қазалыда спортшылар марапатталды

Бүгін Қазалы ауданында спорт күні мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен шараға спортшылар мен жаттықтырушылар, сондай-ақ, сала ардагерлері де қатысты.

Салтанатты шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйледі.
– Сіздерді жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде тойланатын спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – спортты жанына серік етіп, онымен беріле шұғылданатындардың, салауатты өмір салтын берік ұстанғандардың мерекесі.
Спортшылардың шеберлігі мен кәсіби деңгейін жоғарылату мақсатында аудан спортшылары республикалық, облыстық біріншіліктерге тұрақты қатысуда. Сондықтан да бұқаралық спорт әрбір адамның өміріне етене серік болады деп және Сіздер келешекте де аудан намысын биікке көтереді деп сенемін.
Төл мерекелеріңізде Сіздерге зор денсаулық, жеңіс жолында табыстар тілеймін. Әрқашан Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқата беріңіздер. Елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын спортшыларымыз көбейе берсін, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Мерекелік шараға облыстық VІІ «Ақ бидай» спартакиадасында ауданның намысын абыроймен қорғаған спортшылар да қатысты.
– Қызылорда қаласында 3 күнге созылған жарыста үстел теннисінен ерлер мен қыздар командасы және шағын футболдан аудан құрамасы жеңістің биік тұғырынан көрініп, ауданның абыройын асқақтатты. Одан бөлек тоғызқұмалақшыларымыз да намысты қолдан бермей, екінші орынға ие болды. Ал, қол күресі мен гір көтеруден бақ сынаған спортшыларымыз үшінші орынды місе тұтты. Нәтижесінде 80 ұпай жинаған Қазалы ауданының құрамасы жалпыкомандалық есепте 2 орынға тұрақтады, – деген аудан басшысы спартакиадада жеңіске жеткен спортшыларды құттықтады.


Құттықтау сөзінен кейін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев спорт саласының ардагерлеріне құрмет көрсетті. Олардың қатарында ҚР білім беру ісінің үздігі, спорт саласының құрметті қайраткері, грек-рим күресінен ҚР спорт шебері Қуанған Бәкенов, қазақ күресінен КСРО спорт шебері Жұмабек Құлбаев, Әбдрейім Шүреновтер бар. Ардагерлердің иығына қазақы дәстүрге сай шапан жабылып, аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Мұнан соң облыстық VII «Ақ бидай» спартакиадасында жеңіс тұғырына көтерілген спортшылар мен жаттықтырушылар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Шара соңында ардагер спортшы Жұмабек Құлбаев аудандағы барлық спортшылардың атынан аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.

"ҚАЗАЛЫ" ақпарат
16 тамыз 2021 ж. 1 660 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 77

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930