Ерте сөнген шамшырақтар
Қазалы қаласындағы М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің спорт залында кіші футболдан жарыс өтті. Қала жастарының ұйымдастыруымен болған шара мезгілсіз дүние салған қыршындар, бұрынғы қала тұрғыны Мұрат Өмірбекұлы, Айназар Аймұхаммедұлы және Самат Қанатұлын еске алуға арналды.
«Ерте сөнген шамшырақтар» атты еске алу турниріне жиналғандар бір минут үнсіздікпен марқұмдарды еске алды. Жас ақын Жандос Әбдіғаппаров шығарған арнау өлеңін Қайырбек Әбілда нақышына келтіре оқығанда жанарына жас үйірілмеген жан қалмады. Қала әкімінің орынбасары Алмат Әбілхан талапкерлерге сәттілік тіледі. «Нұралы» мешітінің найб имамы Бауыржан Жайлыбайұлы марқұмдардың рухына Құран бағыштады. Сонымен қатар марқұмдардың жақындары шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Он команда бақ сынаған сайыста жүлделі бірінші орынды қала жастарынан құралған «Достық» командасы жеңіп алды. Екінші орынға «Орталық жастары» командасы лайық деп танылса, үшінші орын Бірлік ауылынан келген футболшыларға бұйырды. Турнир кезінде үздік ойын өрнегін көрсетіп, көрерменнің көзайымына айналған бірқатар спортшы «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік сұрмерген», «Үздік ардагер ойыншы», «Үздік жас ойыншы» номинацияларымен марапатталды.
– Бүгін футболдан еске алу турнирін ойдағыдай тәмамдадық. Ертең ас бергелі отырмыз. Бірімізге аға, бірімізге іні болып келетін жандардың есімі біздің мәңгі жадымызда. Бала күнімізден бірге ойнап, бірге өстік. Біз оларды ешқашан ұмытпаймыз. Алла жазса, осындай шараны жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырмақ ниеттеміз, – дейді ұйымдастырушылар.
Дәурен АБДУЛЛАЕВ