Көгалдағы хоккей үйірмесі
Қазір спорт түрінің саны күннен-күнге артып келеді. Адам денсаулығына пайдасын тигізетін шынығу барысында көпшілік немен айналысам десе де таңдау жетерлік. Салауатты қоғам құрып, дені сау ұрпақ сабақтастығын үзіп алмас үшін зиянды заттардан гөрі жаттығу түрлерінің жарнамаға көп іліккені абзал. Аудандағы мөлтек аудандар мен ауылдардағы саябақта жаттығу алаңы көптеп ашылуда. Оған қоса мектеп қабырғасында оқып жүрген жас жеткіншектерге мұғалімдер түрлі секциялар ұйымдастырып, уақытты дұрыс пайдалануға баулып жүр. Біз білмеген спорттың түрімен Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің оқушылары айналысады. Ол – көгалдағы хоккей. Олимпиада ойындарына кіретін бұл спорт аудан тұрғындары үшін таңсық. Осы жайында жаттықтырушы Мұқағали Сансызбаевтан сұрастырып, анық-қанығын біліп қайттық.
Көгалдағы хоккейдің көне көріністерінің бірі Бени Хасанда орналасқан ескі пирамидада белгіленген. Онда имек таяқ ұстаған екі ойыншы допқа таласып тұрғаны таңбаланған. Осыған ұқсас ойын түрі ежелгі үндіс-ацтектер мен жапондарда да болған. Англиядағы Кентерберийлік кафедральді соборында біздің заманымызға дейінгі 1200 жылы мөрленген суретте сырғытпа таяқ пен доп ұстап тұрған кішкентай бала бейнеленіпті. Бұл дегеніміз ойынның тарихы адамзат өркениетінің дамумен бірге жалғасып келеді дегенді білдірсе керек.
Қазіргі заңдарға сәйкес ойнататын көгалды хоккей XIX ғасырдың ортасында пайда болған. Онымен ең алғаш ағылшындық мектеп оқушылары мен жоғары оқу орнының студенттері шұғылданған.
1861 жылы әлемдегі ең бірінші көгалды хоккей клубы «Блейкхит» Лондонда пайда болған. Артынша «Теддингтон», «Сурбитон», «Ричмонд», «Ист Суррей» сияқты командалар осы жақта ойын көрсеткен.
1886 жылы 18 қаңтар күні көгалды хоккейдің алғашқы заңы құрастырылып, ресми ұлттық ассоциацияның негізі қаланды.
XX ғасырдың басында бұл ойын Еуропа елдерінде жедел дамып, Канада, АҚШ, Австралия, Жаңа Зеландия, Жапония елдері қызуғышылық танытып, мемлекеттік бағдарламаларына енгізген.
1895 жылы Ирландия мен Уэльс арасындағы ең бірінші ұлттық құрамалар кездесуі орын алған.
Қазақстандағы көгалды хоккейдің қарыштап дами бастаған кезеңі 1960 жылдан бастау алады. «Динамо» клубының базасында құрылған жаттықтырушы Эдуард Айрихтің жетекшілігімен ойын көрсеткен команда өз тарихында 19 рет КСРО чемпионатын, 5 рет КСРО кубогін, 2 рет Еуропа чемпиондар кубогін жеңіп алған. Командадағы жігіттер КСРО көгалды хоккей құрамасының ойыншылары болды. Негізгі жеңістерінің қатарында: 1980 жылы Мәскеу қаласында өткен олимпиада ойындарында үшінші орын, 1981 жылы Малайзиядағы құрлықаралық кубок сарапқа салынған турнирде бірініші орын, 1986 жылы Лондонда өткен әлем біріншілігінде төртінші орында тұрақтаған.
Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде көгалды хоккей үйірмесі 2011 жылы ашылған. Қазіргі кезде Қызылорданың намысын қорғап жүрген «Қайсар» хоккей клубының сапында өнер көрсететін Мұқағали Сансызбаев жақында өткен елдер арасындағы Орталық Азия кубогі жарысында жүлделі бірінші орынды иеленіп келген болатын. Өзі жоғары деңгейде ойнайтын ұлттық құраманың ойыншысы жаттықтыратын жасөспірімдер облыстық, республикалық деңгейдегі бәсекелерде жүлделі болып үлгерген. Олар 2014 жылы көгалдағы хоккейден өткен респуликалық жарыста үшінші, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлын еске алуға арналған IV республикалық турнирде екінші, 2018 жылы облыс біріншілігінде бірінші, «Қайсар» ойын түрлері бойынша спорт клубының кубогіне арналған республикалық турнирде екінші, ұлдар арасындағы Қазақстан Республикасының ел біріншілігінде үшінші орынды иеленген.
Мектептің түлегі Бақытбек Қоңырбай көгалды хоккейді кәсіби деңгейде жалғастырып, қазіргі таңда Алматы қаласының намысын қорғап жүр.
1928 жылдан бері өткізілген олимпиада ойындарында 9 рет Азия құрлығының мемлекеттері жеңіске жетіп, әлемдік деңгейде көш бастап тұрғанын ескерсек, қазақ баласының табиғатына жақын деп тануға болатын бұл спорт түрін дамытуға аудан деңгейінде күш салу керек. Жүйелі бағдарлама негізінде жүзеге асатын жоба қолға алынса, Мұқағали бастаған қазалылық жігіттерді ұлттық құраманың сапынан көруіміз әбден мүмкін.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ