Ұжым болып Жолдауға қолдау білдірді
"Нұр Отан" партиясы Қазалы аудандық филиалының ұйымдастыруымен Қазалы қаласындағы № 1 Ақерке балабақшасында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңіндегі дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Жолдауын түсіндіру және кеңінен талқылау мақсатында еңбек ұжымымен кездесу болып өтті.
Жолдауды талқылауға арналған кездесуге "Тілеп" ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Тілеп Ибайдулла Тілепұлы, "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәмбетжан Қасқырбек Өмірзақұлы, балабақша меңгерушісі Қарымсақова Рабиға Көптілеуқызы және балабақша ұжымымен БАҚ өкілдері қатысты.
"Елбасының Жолдауында айтылғандай, Жаңа технологиялық қалып бізді түбегейлі өзгертуде. Бүгінгі қоғамда азаматтардың өз құқықтарын қалай іске асыратынын, сонымен бірге, болашақтың иесі-балаларды қай бағытта, қалай тәрбиелеу қажеттігін айқындап берді деуге болады. Яғни өмір ағымына сай талғам да, талап та өзгеруі керек. Бір сөзбен айтқанда біздің күшіміз бірлікте! Көшбасшымыздың Жолдауына қолдау көрсетіп, басты міндеттердің орындалуына үлес қосуымыз керек." – деді облыстық мәслихат депутаты Ибайдулла Тілеп. Кездесу барысында сөз алған аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Өмірзақұлы "Біз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кірістік. Технологиялық, инфрақұрылымдық тұрғыдан дамудың жаңа кезеңіне тың серпін берілді. Міне алдымызда 10 міндет тұр. Бұлар түсінікті әрі айқын. Сіздерді осы міндеттердің орындалуы жолында аянбай еңбек етуге шақырамын"-деді. Сондай-ақ балабақша меңгерушісі Рабиға Көптілеуқызы 10 басымдықтан тұратын Жолдауға кеңінен тоқталып, ұжым болып Жолдауды қолдауға шақырды. Балабақша тәрбиешілері Жолдауға қатысты өз пікірлерін айтып, бірауыздан қолдайтындарын айтты.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат.