Халық санағына 4 ай қалды. Қазақстандықтар қандай сұрақтарға дайын болуы керек?
Биыл Қазақстанда халық санағы маусым және қазан айларында өтеді. Бұған мемлекеттік бюджеттен 8,2 млрд теңге жұмсалады.
Биыл елімізде өтетін жалпыұлттық санаққа Қазақстанның барлық азаматы қатысады. Сондай-ақ, шарадан өзге мемлекетте уақытша немесе тұрақты тұратын отандастарымыз да, керісінше, Қазақстанда уақытша немесе тұрақты түрде тұратын шетел азаматтары да шет қалмайды.
Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғалы бергі үшінші санақ. Оның бұрынғылардан ерекшелігі қандай және оған бөлінген қазына қаражаты қалай жұмсалады? Санаққа қатысушылар қанша және қандай сұрақтарға жауап береді? Бұл сұрақтардың жауабын іnformburo.kz порталы әзірледі.
Халық санағы екі кезеңде өтеді
Үкіметтің 2010 жылғы 11 қазандағы Ұлттық санақтарды өткізудің ережелері мен мерзімдері туралы қаулысына орай, республика азаматтарын санау әрбір он жыл сайын жүргізілуі тиіс. Соған сәйкес, 2009 жылдан кейін былтыр өтуі тиіс есеп бір жылға шегерілген болатын.
Халық санағының кезеңдері:
- 1-30 маусым аралығы. Бұл мерзімде интервьюерлер әрбір елді мекендегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың мекенжайын, онда тұратын адамдардың нақты санын анықтайды. Сонымен қатар, әрбір ғимаратты жергілікті картаға енгізеді.
- 1-30 қазан аралығы. Санақтың алғашқы 15 күнінде интернет арқылы сауал жүргізілетін болса, онымен қатар интервьюерлер планшеттік компьютерді қолдану арқылы жаппай сауалнама жүргізеді.
Биылғы санақтың басты ерекшелігі қандай?
Бұл жолғы санақтың бұрынғыларынан басты ерекшелігі – қағазсыз, яғни, электронды форматта өткізіледі. Бұл үшін арнайы планшеттер сатып алынады. Яғни, қазақстандықтар науқан басталғаннан кейін, интернет арқылы ЖСН нөмірімен жеке деректерін санақ жүргізілетін сайтқа тіркейді. Әрмен қарай онлайн түрде қойылған сауалдарға жауап береді. Жеке деректер бірден планшеттерге енгізіліп, ақпарат онлайн түрде sanaq.gov.kz сайтына жіберіледі.
Мұндай тәсіл елден жырақта жүрген отандастарымыздың да санаққа қатысуына мүмкіндік береді. Интернет жүйесі арқылы мәлімет берген респондеттерге интервьюерлер сауалнама жүргізбейді. Статистика комитетінің өкілдері «интервьюер эффектінің» болмауы азаматтардың сұрақтарға қысылмай жауап беріп, мәліметтердің толық алынуына әсер ететінін айтады .
Ауыл халқы жалпыұлттық санаққа іліге ме?
Сауалнама түгелдей ақпараттық технологиялардың көмегімен жүзеге асады деп жоспарланғандықтан, ғаламторға қосылмаған ауылдардың тұрғындарының санаққа қатысуы алаңдатары анық. Дегенмен, шалғай елді мекендердегі тұрғындардың саны мен әл-ауқатын санақшылар дәстүрлі түрде үй-үйді аралап есептейді. Тек адамдардан алынған жауаптар бұрынғыша қағазға жазылмайды, санақ жүргізушінің қолындағы планшеттік компьютерге толтырылады.
Санақ қалай жүргізіледі?
Респонденттер өзі және отбасы мүшелері үшін онлайн режимде Sanaq.gov.kz сайтында санақ парақтарын толтыра алады. Бұл жүйе тәулік бойы қолжетімді болғандықтан, азаматтардың сауалдарға қалаған уақытында жауа беруіне болады. Сондай-ақ, сауалнаманы толтыруды уақытша тоқтатуға және ыңғайлы уақытта жалғастыруға мүмкіндік бар.
Ал мамандандырылған сайт респондентке санақ парақтарын толтыру барысында қажетті нұсқаулықтар мен әзір жауаптар ұсынады. Сондай-ақ, виртуалды көмекші сауалнаманы толтырып, санақтан өтуге жәрдем береді.
Айта кетейік, Sanaq.gov.kz сайты жақын күндері тест режимінде іске қосылады.
Санақ кезінде қандай сұрақтар қойылады?
Санақ кезінде азаматтардан барлық санат бойынша жауап алынады. Санақ парақтарында жалпы саны 65 сұрақ қамтылған. Онда отандастарымыздың жеке басына қатысты сауалдар мен ғимараттардың жай-күйі де жазылмақ. Респонденттер:
- тұрғылықты жері;
- білімі;
- тілді меңгеруі;
- сауаттылығы;
- діні;
- некелік жағдайы;
- туу көрсеткіші;
- жұмыспен қамтылуы;
- еңбек өтілі;
- денсаулық жағдайы;
- мүгедектігі;
- күнкөрістің негізгі қаражат көзі;
- тұрмыс-тіршілігіндегі шектеулері туралы сұрақтарға жауап береді.
Бұл жолы мемлекет тек өз азаматтары туралы ғана емес, сондай-ақ, елімізде тұрақты тұрып жатқан, жұмыс істеп табыс табатын шетелдіктер жайлы да мәліметтерді жинайды. Сондықтан, 2009 жылғы санаққа қарағанда, сауалнама қағаздарында қосымша жаңа сұрақтар пайда болады.
Ең қызығы, биыл қазақстандықтардың тұрып жатқан үйі туралы мәлімет те тізімге алынады. Сауалдар тізімінде баспананың қай жылы салынғаны, көлемі, бөлме саны, абаттандырылуы және қабырғаларының қандай материалдан жасалғаны да сұралады. Санақ кезінде қойылатын сауалдармен алдын ала мына жерден танысуға болады.
Санақ жүргізуге 30 мың адам жұмылдырылады. Олар кімдер?
Халық санағын өткізу үшін 18 жастан асқан, ынталы, жауапты, мінезі ашық интервьюерлер іріктеледі. Олардың жұмыс өтілі мен кәсіби біліміне қатысты еш шектеу қойылмайды. Бастысы – планшеттік компьютерде жұмыс істей алатын, Қазақстан азаматы болуы тиіс. Олармен өтемелі қызмет көрсету шарты жасалатын болады. Шарт жасалғаннан кейін барлық жұмысқа тартылған санақ персоналы арнайы оқытудан өтеді. Статистика комитетінің мәліметінше, 2020 жылғы санақ барысында осындай 30 мыңға жуық адам уақытша жұмыс істейді.
Санақ жүргізушілерге қанша ақы төленеді?
Халық санағын өткізу кезінде санақ персоналымен көрсетілген қызметтерді толық көлемде орындағанда 1-кезең интервьюеріне – 75 743 теңге, 2-кезең интервьюеріне – 94 697 теңге төленеді. Ал нұсқаушы-бақылаушыларға – 113 614 теңге сомасында төлем көзделген. Еңбекақы өтеулі қызмет көрсету туралы шарт аясында төленбек.
Биылғы санаққа бөлінген қаржы қалай жұмсалады?
Ауқымды шараға 8 млрд 211 млн теңге жұмсалады деп көзделіп отыр. Бұл қаржы келесі мақсаттарға жұмсалмақ:
- 3 756 млн теңге – санақ жүргізушілер қызметтеріне төлем;
- 1 086 млн теңге – 27 412 планшетті сатып алу;
- 933 млн теңге – «е-Статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйені дамыту;
- 845 млн теңге – 653 жұмыс станциясын, жиһаздар, кеңсе тауарларын сатып алу, көлік пен орын-жай жалдау, байланыс қызметтері және өзгелер;
- 634 млн теңге – деректерді өңдеу, дайындау, жинақтарды тираждау және тарату;
- 475 млн теңге – 139 автокөлік құралдарын сатып алу;
- 356 млн теңге – іссапар шығыстары;
- 126 млн теңге – нұсқаулықтарды тираждау бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу, картографиялық материалдарды дайындау.
Санаққа бөлінген 8 млрд теңге талан-таражға түспей ме?
Қазақстанда жалпыұлттық санақ бұған дейін екі рет, 1999 және 2009 жылдары өткен еді. Соңғы науқанға қазынадан 1,1 млрд теңге бөлініп, соның 700 млн теңгесі ұрланғаны ел есінде. Бұл қылмысқа сол кездегі Статистика комитетінің басшысы Анар Мешімбаева кінәлі деп танылып, ол 2014 жылы 7 жылға сотталған болатын. Даулы оқиғаны ұмытпаған белсенді қазақстандықтар «биылғы санаққа бөлінген қыруар қаржы мақсатты жұмсала ма?» деп алаңдаушылық білдіруде.
Осыған орай, Informburo.kz Статистика комитетіне «Санақ кезінде қаржы жымқыру дерегі қайталанбас үшін қандай шаралар қолға алынады және қаржының жұмсалуы бойынша халыққа есеп беріле ме?» деген сауал жолдады. Статистика комитеті басшылығы биыл мұндай қылмыстың қайталанбайтынына сенімді. Олардың жауабынша, барлық көрсетілетін жұмыстар мен сатып алынатын тауарлар мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ашық түрде жүзеге асады. Әрі қаржының мақсатты жұмсалуын Қаржы министрлігі бақылауға алады. Ал, ауқымды шара аяқталғасын 8 млрд теңгенің қалай игерілгені туралы ақпарат Статистика комитетінің сайтында «Азаматтық бюджет» бөлімінде жарияланады.
Қазақстан халқының саны қанша?
2009 жылғы өткізілген санақ нәтижелері бойынша халық саны 16 009 597 адамды құрады. 2019 жылғы 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша халық саны 18 611 095 адамға жеткен. Оның ішінде қалалықтар – 10875,7 мың (58,4%), ауылдықтар – 7735,4 мың адамды (41,6%) құрады. Этникалық құрамы бойынша халықтың 68,5%-ы қазақ, 18,9%-ы орыс, 1,4%-ы украин және қалған 11,2%-ы басқа ұлт өкілдері.
Санақ не үшін жүргізіледі? Оның нәтижесімен қайдан танысуға болады?
Мамандар санақ жүргізу арқылы тек халық санын ғана емес, отандастарымыздың тұрмыс-тіршілігіндегі кем-кетігін анықтауға болатынын айтады. Сондықтан, мұндай шараны өткізудің әлеуметтік-экономикалық маңызы зор.
«Біз қандай да бір зерттеу жасағанда Қазақстанның барлық азаматтарына сауалнама жүргізе алмаймыз. Тек ірі қала тұрғындарын ғана қамтимыз. Ал шалғайдағы ауыл халқының жағдайы сұралмайды. Сондықтан мұндай шара ретімен өткізіліп тұрғаны дұрыс. Санақ қорытындысы ғылыми қызметкерлерге, әлеуметтанушыларға, демографтарға және экономистерге зерттеу жасауға көмектеседі. Мемлекеттік органдар осы есептің негізінде қай өңірдің өмір сүру деңгейі төмен, қай облыста қай саланы дамыту керек деген сауалдарға жауап іздеп, дұрыс шешім қабылдауы керек», – деді Тұңғыш президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Камила Ковязина.