2019 жылы жүргізілетін халық санағының ерекшелігі айтылды
Қазақстан халқының санын анықтау үшін кезекті жалпы санақты жүргізетін уақыт таяп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Қазақстанда санақ әрбір он жылда өтетінін білесіздер.
Биыл екі өңірде: Ақмола облысының Бурабай ауданында және Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында халық санағы бойынша пилоттық жоба іске асырылды», - дейді Астана статистика департаментінің директоры Құндызбек Әбдірәсілов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің айтуынша, 2019 жылдың қараша айына жоспарланып отырған негізгі халық санағы ерекше болмақ - бұл жолы оған цифрлық ақпараттық инновациялық технологиялар пайдаланылады. Құндызбек Әбдірәсілов бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері халық санағына жұмылдырылмайтынын жеткізді. «Біз санақ жұмысына еріктілерді және «Нұр Отан» партиясын шақырамыз. Қазақстанда халық санағын жүргізуге қатысамын деушілерге қашанда есік ашық. Ол үшін 2019 жылы Астана қаласының Статистика департаментіне жүгіну қажет», - деді ол.
Астана статистика департаментінің директоры қазіргі кезде санаққа қатысушыларға ақы төлеу мәселесі қаралып жатқанын да айтты. Еске сала кетейік, соңғы рет Қазақстанда халық санағы 2009 жылы жүргізілген болатын.