Өрт сөндіруші
Түн жарымы. Қалта телефоны безек қағуда. Шырт ұйқыда жатқан Сәкен жалма-жан жан-жағын қармап, телефонды тапты.
– Алло, тыңдап тұрмын.
– Шұғыл, бөлімшеге жетіңіз!
– Құп болады!
Артық әңгіме болған жоқ. Ол асығыс киініп, үйден шығып кетті. Бұндай көрініске жары Жәмиланың көзі үйренген, ләм-мим деместен бас шұлғып, есікті іштен жауып алды. «Бәрі сәтімен бітсе екен» деген тілекпен тәтті ұйқыда жатқан ұлдарының жанына жантайды.
Сәкен мен Жәмиланың отасқанына он жылға жуықтады. Ең алғаш пойызда кездесті. Жәмила Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде студент еді. Туған ауылды, ата-ананы сағынған көңілі алып-ұшып, вокзалға пойыз уақытынан бір-екі сағат ерте келді. Әсем қала Алматының көркіне тамсана қарап отырған бойжеткеннің жүрек түкпірінде «Бәрібір, менің ауылыма ешбір қала жетпейді» деген ой жатыр. Әне-міне дегенше жүйіткіген жүйрік пойыздың бірінші жолға келіп тоқтайтындығы туралы хабарлады. Билет алған сәттен-ақ жетінші вагон, он екінші орын екенін есіне сақтап алған. Алайда тура пойыз тақалғанда билетіне тағы бір рет көз жүгіртті. Иә, жетінші вагон. Орнына келіп жайғасты. Жан-жағына көз салып еді, үлкен екі тәтейден басқа ешкімді көрмеді. Бір кезде абыр-сабыр болып, өзі құралпы төрт жігіт келді. Әңгімелерінен орындарының осы жерде екені аңғарылады. Жөн сұраса келе, әскерден қайтқан бозбалалар екені білінді. Бұлардың сағынышы тіптен бөлек. Сол төртеудің бірі – Сәкен болатын. Міне, пойыздағы кездесу осылай басталды.
Алғашқы таныстық тынымсыз телефон қоңырауларына ұласты. Күн өткен сайын сағыншқа толы хаттар мен кездесулер, сыйластық пен қимастықтың нәтижесінде жас, жарасымды шаңырақтың іргесі қаланды.
Сәкен – өрт сөндіруші. Қауіп-қатерге толы мамандықты өзі таңдады. Жұмыс барысында бірнеше рет ажалмен бетпе-бет келді. Тілсіз жаудан тұрғындарды аман алып қалуда басқа әріптестері секілді бұл да ойланбастан өрт ішіне қойып кететін кездері жиі кездеседі. Айтып келмес апат кезінде түрлі төтенше жағдай орын алады.
Түн жарымда шұғыл жиналған өрт сөндіру бригадасы электр желісінің ақауынан орын алған өрт оқиғасына жедел жетті. Лаулап жанған от бой берер емес. Жедел жеткен арнаулы машиналар суды толассыз шашып жатыр. Үрейі ұшқан үй иесі асып-сасып абдырып әрлі-берлі жүгіреді. Бір сәт жанұшыра айқайлап, жалынға беттеді. Оны Сәкен кеудесінен кері итерді. Жанталасқан әке жалынды нұсқап, әлденені айтуда.
– Іште ұлым қалды, балам бар.
Сәкен солай қарай атылды. Ала түтіннің арасынан ештеңе көрінбейді. Құлағына еміс-еміс жылаған бала дауысы келеді. Дауыс шыққан жақты бағыттай жүрді. Көзі шарасынан шыға, бой-бой болып отырған баланы көрді.
– Уф, тірі екен!
Түтіннен тамағы бітіп, дауысы қарлыққан баланың бойын үрей билеген. Әлдекімді көргенде «әке» деп алға ұмтылғысы-ақ келген. Әл-дәрмені кетіп, аяғына тұра алмады. Баланы қолтығына қысқан Сәкен кері шыға алмады. Жанекпінмен түпкі бөлменің терезесін сындырды. Қойнында қимылсыз, бүрісіп жатқан бала қалш-қалш етеді. Көзін тастай жұмып алыпты. Сыртта еңсесі езілген әке мен егіле жылап отырған ана ұлдарын көргенде одан сайын көз жасына ерік берді. Бұл кезде өрт өшіп, жалын ауыздықталған болатын.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА