Кейуана көңілі
Кішкене бөлме іші тып-тыныш. Дәмге толы дастарқанның екі шетінде екеуміз отырмыз. Быжылдаған ескі самаурын дыбысы естіледі.
Менің көзім үй-ішіндегі заттарда. Жұқа қаңылтырмен өрнектелген сандық. Әжейдің «сырын кетіресіңдер» деп бізді жанына жолатпайтын асыл дүниесі ол. Келін болып түскен соң соңынан келген ағаш кереует. Сонау сәби кезіміздегі содан асыл, содан көрікті нәрсе жоқтай көрінетін жиһаздар еді-ау. Солардың бәрі көнеріп, кішірейіп кеткендей. Сонда да әр қайсысы өз орнында. Көзге ыстық-ақ.
Анау оюлы кебеже. Біз одан ләмпаси кәмпит ұрлаймыз деп үстіндегі тақтайдың ашық жеріне қолымызды сұғып, қайта суырып ала алмай талай ұсталып қалғанымыз бар-тын. Серік қой бәрін бастап жүрген. Көз алдыма сол уақыттағы кескініміз келеді. Өз-өзімнен жымиып қоямын...
Буы бұрқыраған кесені қолыма алып, басымды көтердім. Қарсы алдымдағы қабырғадағы Серіктің суретіне қарадым. Алысқа көз тігіп тұр. Бұйра шашты. Шүңірек көзі «Мен айыптымын ба?» дейтін тәрізді.
– Ақан, шырағым, шай ал. Қазанға сыбағалы тамағыңды салдым. Серік кеткелі жолдастары да есік ашпайды... Ана майдан нанға жағып же. Қолдан шайқаған...
Кішкене тарелкадағы сары майды Айым әжей маған қарай ысырып жатты. Әжімді жүзі солғын. Нұры тая бастаған көзі жасаурай қарады.
– Ішіп отырмын ғой, әжей. Өз жағдайыңыз, денсаулығыңыз қалай? Серік хабарласып тұра ма?
– Үһ, Ақан-жан-ай, жүрміз ғой сүйретіліп.
Жанқалтасынан кіршіксіз ақ орамал алып, жасаураған көзін сүртті. «Осы жайды бекер қозғадым-ау?». Өзімде қысылып қалдым.
– Жүрміз ғой, шырағым!... Тіршілік те әйтеуір. Мына бір-екі мал бар. Серік жанға деп жүр едім. Есейгесін өз жөнін тапқаны болар. Қайтейін.
Әжей тағы күрсінді. Шәйнекті толтырып, самаурынның бастырғышын алып қойды. Шай құйып, кесені маған ұсынды.
– Қатарынан кем еткенім жоқ. Бірге өстіңдер. Оның аяғына кірген шөңге, менің маңдайыма кірсін дедім. Етегім елпі, жеңім желпі болып жүрсе де жетімдік көрсеткем жоқ шығар...
Қамыққанын сездіргісі келмегендей бетін ары бұрды да: «Тамақтың тұзын көрейінші,» – деп тұрып кетті. Менің де көңілім бұзылып ыңғайсызданып қалдым. Әжейдің соңғы сөздері сол бір күндерді тағы еске салды.
...Жаз болатын. «Қаратүзгінге» баратын жолдағы ақ тақыр. Күнге күйіп, қара қақпышымыз шыққан алты-жеті бала асықты ұрып жатырмыз. Шекемізді шыжғырған күн де, аңызақ жел де бізге түк емес. Бас қосылған соң бір шекіспей тынғанбыз ба? Асыққа таласып айқайластық та қалдық. Серік шатақтау болатын. Сәтемірдің баласын жығып-ап теппесі бар ма... Ауылды басына көтеріп ол кетті. Айым әжей қайдасың деп ауылдың екінші шетіне біз тарттық. Көп ұзамай-ақ бір мәсісін шұлғаусыз киіп, шұлғауы мен бір мәсісін қолына алып Сәтемірдің былшық сары, жалқаяқ қатыны жетті. Көшені басына көтеріп келеді.
– О, дегеніңе жетпе, жетім көрбақ! Алтыға жетпей әкеңді жұттың. Шешең кетті-анау, желігіп. Қасыңа келген балаға бүйедей тиесің. Ана қақбас сені несіне тұлға қылам деп жүр екен. Түсші осыдан қолыма...
Зікір салған қожадай қояр емес.Қара жерді сабалап жүр.
– О, дүзі қара, сен басынатындай ошағым оттан түскен жоқ. Жоғал, жөніңе жүр! Ақ ит кіріп, көк ит шыққан аузыңа ие бол. Өшір қараңды!
Колхоздың жұмысынан қажып келгендігі ме, жоқ басқа себебі барма, әшейіндегі әжейдің мейрімді жүзі сұсты еді. Нұрлы көздері бір түрлі, әлгі әйелді жеп жіберердей...
Салмақты айтылған сөздер әсері ме, жоқ әжейдің сұсы басты ма, шабалаңдап келген әйел бірден басылды.
Құлағымыз тып-тыныш болды...
– Жалғызымның тұяғы. Сені жылатпаспын. Сенің қанатың қатайғанша ажалға да бой бермеспін, балапаным! – деген Айым әжей Серікті бауырына басып тұрып.
...Серіктің әкесі, Айым әжейдің жалғыз баласы – Ережептің өкпе ауыруынан қайтыс болғанын, шешесі – Айгүлдің жас сәби мен қарт әжені тастап, ерге шығып кеткені сол күні құлағыма тиген.
Содан бері талай уақыт өтті. Ержеттік. Мектеп бітірдік. Біз оқуға аттанғанда Серік ауылда қалған. «Әжем бар ғой» дегенімен бізден қалғанына қатты ренжитін. Бір-екі рет хатында: «Шешем Алматыда екен. «Кел, оқуға түсіремін» – дейді» деген. Содан соң хабар болмай кеткен. Енді мынау...
Менің ойымды қайта кірген әжей бөлді.
– Шай суып қалған шығар. Жалғыздық осы ғой. Қай жағына боларыңды білмейсің. Сенің шешеңде жас емес, әкелмейсің бе біреуді? Әлгі Сәтемірдің жаманы да үй болып отыр. Серікжанды да сөйтіп аяғын тұсауым керек екен. Достарынан кем болмасыншы, бір жыл қасымда болды ғой деп, бір сиырды сатып, қалтасына салып, Алматыға аттандырғанмын. Жақында барып қайттым. Оқуға түсе алмаған екен. Шешесі түсіріпті. Қазір соның қолында көрінеді. Ең болмаса бір көріп кетейін деп ойлап едім. Алматыдан дем алатын орын таппағандай таса дей ме, даша дей ме сонысына кетіпті. Қай тасаны таба алатын едім. Сұраған жұртқа көріп қайттым дедім.
Бер жағымен салдырап сөйлегенімен кәрі жүректің шерлі мұңы сезіліп тұр. Төмен қарай бердім. Алдыма келген тағамды да үнсіз іштім. Қоштасып тұрып:
– Ақанжан, шырағым! Тел қозыдай тең өскен құрбысы едің ғой, Серікжан мені жылатпасын. Мына адыра қалғыр дүниені мен қара жерге бірге алып кетпеймін ғой. Оралсын қара шаңыраққа, жетім етпесін мені – деді.
Жылап тұрып менің бетімнен сүйді. Бетіме тиген жас жүрегімді шымыр еткізді. Менің де жанарыма дөңгеленіп жас ұялады. Айым әжейді қимай қоштастым.
Ойланып келемін. «Қазақ даналығы айтушы еді-ау «Атасы жоқ – мас жетім, анасы жоқ – қас жетім» – деп... Ал, көңілі жетім ше?... Мен әлі ойланып келемін.
Құдайберген ЕСЕКЕЙ,
Әйтеке би кенті