Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алыстағы ағайыннан жақының

Алыстағы ағайыннан жақының

Әңгіменің кім, не туралы болмағын көзіқарақты оқырман тез бағамдай алары сөзсіз.

Айрандай ұйыған ауылдағы балалық кезеңде көршілердің кереметін көріп, сезініп өстік. Біздің үйдегілер бір жастан енді асқан шағымда Бірліктің орталық көшесіне жаңадан бой көтерген сол кездегі жаңа жобада салынға нбаспанаға қоныс аударды. Есімді енді жиған менің мектеп қабырғасын аттағанға дейінгі кезеңім со лүйде өтті. Бұл қаз-қатар тізілген қос пәтерден тұратын төрт үй көркімен ғана емес, тұрғындарының татулығымен көпке үлгі болды.

Алғашқы үйдің сол жағында Малкаждар аға мен Алтынай апаның отбасы тұрса, оң жағына біздікілер жайғасқан. Әкем нағашым деп қалжыңдасатын бұл отбасымен біздің байланысымыз өте жақын болды. Отағасы – автокөлік жүргізушісі болса, отанасы – ауылдық кеңседе есепші болып қызмет атқарады. Пәтерлер арасы ағаш шарбақпен бөлінсе де, екеуі құдды бір үйдің жеке бөлмелерінде орналасқан бірге туғандардай еді. Күнделікті қос үйде не болып жатқаны бәрімізге аян. Қандай тамақ әзірленеді, қандай киім не бұйым алды, қай жаққа сапар шекпек? Туыстарын да түгел танимыз. Аннам алыстан ағайындары келіп жатса, қонақасын береді, біздің жақындарға да құшақтары ашық. Олар да сонны біледі, бөле-жармай, базарлықтарын ала келеді. Әрқайсысын өзім асыға күтетін қымбаттылардан кем көрмейтінмін.

Алтынай апайдың аузындағы алтын тісі мені қаттықызықтыратын. Оңаша қалғанда: «Менің тісім неге алтын емес?» – десем ол кісі құшағына алып, дереу азынан бірдеңе алған кейіп танытып, қолын менің тісіме баса қоятын. Бала көңілмен айнаға асығып жеткен соң алтын тіс салынбағанына ренішімді айтсам: «...А...а, дұрыстүспей қалған ғой. Кел, тағы салып берейін», – дейтін. Тіс туралыи тағы бір қызықты жайт орын алғаны бар. Ағамның сүт тістерінің бірінен соң біріне тіс жегісі түскенін көрген көршілердің: «Тісіңнің бәрі құрттап кетіпті ғой. Бұғалтірдің баласысың, аузыңды алтындатып алмайсың ба?» – дегенін шын көрген ағам, бірде тіс дәрігері алдына барғанында: «Алтын тіс салмаймын», – деп байбалам салған екен.

Малкажар ағалардікіндегі тәттілердің де иесін өзіміз сезініп, рұқсатсыз кіріп, қалаған заттарымызды алып жүретін әдетімізді көрсе де қожайындар «ләм-мим» демейтін. Алтынай апамның біздің үйдегі ең сүйіктісі – інім болатын. Анам босанғанда қос тараптағы көршілер шығарып алып, күтім жасаған. Содан екі «анасы» «менің балам» десіп өзара бәсекелесетін.

Жасым төрт-беске толғанында олар Алматы қаласынан үй алып, сонда кетті. Оны қабылдау оңайға соққан жоқ. Бірақ байланысымыз үзілмей, әлі күнге дейін жақын қатысып тұрамыз.

Сол тараптағы үйге мұнан соң Марат ағай мен Назымкүл апайлардың отбасы келіп ор­налас­ты. Жаңа қоңсыларымыз да өте жақсы жандар болып шықты.
Олармен қатар тұрған екі жылда жақсы сыйластық үлгісін түздік.

Қызы Қымбатпен ойнап жү­ріп, үйді шашып тастасақ та, апай онымызды балалыққа санап, кешіріммен қарайтын. Бірде екеуміз ойнап жүргенде Қымбат шағын шкаф есігін басып қалып, жоғарыда тұрған ауыр, түрлі-түсті теледидар менің үстіме құлап түскенінде, мамам өбектеудің орнына «Өзіңе де обал жоқ» деген.
Ол уақыт тоқсаныншы жылдардың бас кезі еді. Әлі есімде, ақшалары бола тұра, тұрғындардың дүкен сөресінен затты алуы өте қиынға соғатын. Кір сабынды қақ жарып, өсімдік майын мөлшерлеп, нанды шектеп сататын сол күндері анам ауылдағы сыйлы адамдардың біріне айналды. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені ауылдағы дүкендер жүйесінің меңгерушісі. Жұрттың ауызының суы құритын небір тәттілер мен қат заттар үнді шайы, Мәскеулік май, ұнтақ сүт, шұжық секілділер біздің үйден табылады. Ауылдық жерде қонақ ескертпей келе беретіні қашанғы әдет. Сол жағдайда тығырыққа тірелген Назымкүл апа анама келіп: «Қыз-ау, қонаққа сыйлайтын оны-мұныларың бар ма еді?» – дейді. Анам да емеурінді түсініп, жасаулы тұрған тәрелкелердегі тәттілерді беріп жататын. Қонақ кетісімен апай: «Рахмет, мынауыңды алып қой, сен де біреуді алдарсың», – деп әлгі алған дәмдерді қайта табыстайтын. Ойлап отырсам, азаматының ары мен абыройын асырып, жоғын жасырып отырған сондай алтын жандардың ісі үлкен тағылым екен-ау.

Інімнің екінші анасы Әлия апа. Бұл кісі келесі үйдің батыс беткейінде, біздің үйге жақын тұратын Бақытжан ағаның жары. Көп сөзге жоқ апайдың балалары да бауырларымыздай болды. Үйлеріне бара қалсаң, бір зат орнын ешқашан өзгертпейтін. Әрбір бұйым, ұсақ-түйектің өзі бұл жайда орныққан, арнаулы жері бар. Тіпті жаңа жылда киген балалардың маскалары келер жаңа жылға дейін айнаның төбесінде ілініп тұрады. Үйдегі кішілер де сол тәртіпке үйренген бе, бейберекет заттарға қол тигізбейді. Үй иесі толықша келген орта бойлы кісі үнемі орыс тіліндегі газеттерге шұқшия көз салып отырады. Қарапайым ауыл еңбеккері екеніне қарамай, онымен сөз таластыру, пікір сараласуға кез келгеннің жүрегі дауаламайтын.

Сол ерлі-зайыптылар да бізден қолғабысын аямай, аналық, әкелік мейірімін ата-ана­мыздан кем төккен жоқ. Қысқы суықта қалың қар үстімен өзінің екі кішкентай қызын жаяу жүргізіп, үйіндегі жалғыз шанаға інімді көрпеге орап, балабақшадан алып қайтатын. Жерде қар жоқта тонының ішіне салып, қымтап әкелетін. Осындай тел өскен кенжеміздің тұсауын дәл осы кісілер кесті. Кішкентайынан «Сен Бақытжан ағаның баласысың» дегенді санасына сіңіріп өскен інім бастауыш сынып оқығанша, сол қалжыңға имандай сенетін.

Көрген-білгені арқылы өмір жолына өріс алатын кішкентай жаным осындай жақсы жандардан зейінге түйер көптеген зерделі іс, жақсылық пен тазалықтың айқын көрінісін көрді. Қазір бір-бірінің үйіне себепсіз бара алмайтын, айналасындағылардың тірлігін сезіне алмайтын өлшеулі сыйластықты көргенде тонның ішкі бауындай бірігіп, алыстағы ағайыннан жақын болған осындай абзал адамдарды аңсайсың.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
Сурет әлеуметтік желіден алынды
01 маусым 2019 ж. 1 100 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930