Сүлейменовтен сұрап ал
Қызық-думанға толы студенттік шақ. Ұмытпасам, үшінші курста оқимыз. Университеттің ешкімді мойындағысы жоқ «таланттары» топтасып, рухтастар жиі бас қосатынбыз.
Сол күндердің бірінде көрші топта оқитын Елмұрад Мадхалықов есімді осы «одақтағы» жігіт сабақтан соң кітапханада күтуімді өтінді. Ер балалардың арасында өскендіктен, жігіттердің жай-күйін жақсы түсінетін менімен турфактың азаматтары қыздар туралы сырын бөлісетін. Ұрысып қалса, татуластырып, әуреге түсіп жүретінмін. Елмұрадтың бұл жолғы өтініші де осы туралы болатынын іштей сезіп тұрмын.
Кітапханада ұзақ күткен жоқпын. Жаныма жоғары оқитын Нұрлыбек, Бауыржан, біздің топтағы Алмат, бірінші курстағы Шоқан деген жігіттер келіп, күтушілер қатарын көбейтті. Әлі есімде, ол кезде Халықаралық әйелдер күні өтіп кеткен, Ұлыстың ұлы күні жетпеген наурыз айының орта тұсы болатын. Арамыздағы үлкенімізге досымыз қоңырау шалды да, оның айтуымен біз «Титаник» атап кеткен студенттік асханаға бет алдық. Әдеттегі өлең оқып, сыр тарқататындай емес, мұнда төменгі екі бірдей топ қыздарын көріп, таң қалдым. Қырық-елу адам жиналып болғанда, сөз тізгінін Бауыржан алды. Бұл басқосудың мақсаты – қыздарға түркология факультеті жігіттерінің сыйы екенін жеткізіп, алғашқы құттықтауды маған берді. Рахметімді айтсам да, әлі түсінер емеспін. «Неге жігіттер ұйымдастырса, бірінші курстың қыздары не істеп жүр? Мен неге отырмын? Сегізінші наурыз өтіп кетті» деген ой маза беретін емес. Жігіттер жағы аз-аздан тілек айтып, сөзді бәрімізден көп, өндіріп жазатын ақынымыз Елмұрадқа берді. Елмұрад Мұхтар Шахановтың ғашықтық дастандарынан бастап, өзін ынтық еткен ару жайлы төл туындыларын оқыды. Бәрі ұйып тыңдап отыр. Құдды сценарий бағытымен өрбіген спектакль дерсің. Алғашқы кездесу, таныстық, қыз назы, төзімі таусылған жігіт пікірі – бәрі өлеңмен әсем өрнектелуде.
Отырыс маңызын енді ұғынғандай болдым. Бәрін ұйымдастырушы Елмұрадтың өзі болып шықты. Аз уақыт бұрын алғашқы курсқа түскен, үр қызындай үлбіреген Махидиль деген аруды ұнатып жүрген сырымен бөлісіп, оған арнаған туындыларының бірлі-жарымымен де таныстырған. Жазған хатын, алған жауабын да оқып берген. Сонда қыздың қарайтын ыңғайы жоғын білдіргенде, күрсінген келбетін көріп, ойын бөлу мақсатымен: «Бәрі дұрыс қой. Бірақ мен болсам да саған қарамас едім. Өз тілің бола тұра, не қырғызша емес не өзбекше емес, қазақ тілінде сезім білдіргенің қалай? Неге «Манастан» ырлап, Жібек, Баян, Құртқаны қоспай, айыр қалпақты ағайынның дәсүріне сай хат жазбайсың... Сосын қатарымызды көбейтпей, өлеңдеріңді қырғызша жаз», – деп тұқыртқан едім.
Басқосуда Елмұрад соны да айтты.
«Алтын досым маған: «Өлеңдеріңді қырғызша жаз. Қазақта сенсіз ақын көп», – деген болатын. Оған: «Мұның сырын Олжас Сүлейменовтен сұрап ал», – дер едім. Егер Сүлейменов орыс тілінде жазғанын доғарса, мен де өлеңді қырғызша жазамын», – деп бәрімізді қыран-топан күлкіге қарық қылды.
Сосын әңгімесін жалғап: «Қазақтар өз тілін «ата тілі» емес, «ана тілі» дейді. Білуімше, төл тілін олай үкілеген ұлт жоқ. Бұл ананың тілі қандай болса, баланың тілі де сондай дегенге саяды. Мен Қазақстанда туып-өскен азаматпын. Сүйегім, қаным қырғыз болғанымен, жүрегім, жаным қазақ деп соғады. Себебі мен қазақ қызының сүтін емгенмін. Өз тілім қырғыз тілі болғанымен, анамның тілі – қазақ тілі», – деген сөзді ерекше екпінмен жеткізді де: «Сол түн ұйықтамай, бесік тербеткен анам соңғы уақытта жиі науқастанып жүргенін айтты. Менің арманым осындай абзал жанға азамат болғанымды көрсетіп, лайықты білім алу, келісті, тәрбиелі келін түсіріп, немере сүйгізу болатын», – деді де анасына арнауын оқи жөнелді. Өлең аяқталысымен: «Бір-екі рет Махидильдің менен қашып жүргенін көрдім. Оған жаным ауырады. Қырғыздың ерлері ез емес, ару қыздарды аялай біледі. Менің сіздерді жинап отырған себебім – осындай қыр қызғалдағына ағалық ілтипат танытып, бақытты болуына жол ашу. Махидің алаңсыз оқып, саналы да білімді, өмірден өз жолын табуына кедергі келтірмеу мақсатында университеттен өз еркіммен кетіп барамын, – деп қоштасу өлеңін оқып, отырған орыннан шығып кете барды.
Елмұрад сол күні туған жері Мақтарал ауданының «Ақалтын» ауылына аттанды. Өзі қол жеткізген мемлекеттік гранттың игілігін көрмей, оқуынан қол үзді.
Мен бұл жайтты жырға қосып, «Қасиетіңе қайранмын» атты баллада жазып, бірнеше мүшәйрада жүлделілер қатарынан көріндім. Облыстық ақындар шығармашылығы топталған кітапқа да жарияланды.
Кейіннен жерлестерінің біріне кезігіп, досым жайлы сұрастырғанымда, ауылында мақта егіп, күн кешіп жатқанын білдім. Диплом алмаса да, қолы бос уақытында оқушыларды өзі жете алмаған білімге ұштап, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындайды екен. Айтпақшы, есімі де Махидильге ұқсас өзбек қызымен отау құрып, ұл-қыз сүйіп отырған көрінеді.
Тіл туралы әңгіме қозғалса, осы оқиға ойыма оралады. Өзіміз «халықаралық махаббат» санаған мұндай сезім иелері құрметке лайық деп білемін.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА