Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алма бақтың ұрылары

Алма бақтың ұрылары

Университеттің төртінші курсына барған жылымыз. Осы күнгі Оңтүстіктің бас қаласы саналатын Түркістанның күзін жаздан айыру оңай емес. Тамылжыған, ыстығы таңдайды кептіретін мезгіліндегі жаңа оқу жылының басы. Жаз бойы тынығып, сабаққа әлі мойынсұна қоймаған бір топ курстастардың кітапханаға кіргенінен шығуы шалт болды. Арамыздағы Қаракөз есімді қыз: «Сендерді қонаққа шақырар едім. Бірақ ауылдан келген ақшаны киімге жаратып қойдым. Оның үстіне сені жатақханаға кіргізбейді», — деп еді, ішіміздегі ақжарқын досымыз Маржан: «Неге олай дейсің? Қанша жыл бойы сонда тұрдық. Тәртіп бұзған жоқпыз. Қоғамдық шараларға қатыстық. Апайға айтып, бар амалын қарастырамыз», — деді. Мен де үнсіз іздеріне ере бердім.

Қыздар мен ерлер жатақханасы қатар орналасқан болатын. Кітапхана ғимаратына жақын нысанға жеткенше ойымыз өзгерді. Қаракөз бөлмеде тамақ жоғын алға тартып, сыртта жүре тұруды ескертті.

—Давайте, онан да ботсадқа барайық, — деді әлден уақытта Маржан пікірін ортаға салып. «Ботсад» деп отырғаны, жатақханаға жақын жердегі оқу орнының түрлі ағаштар отырғызып, тәжірибе жасайтын ботаникалық бағы еді. Бұрын-соңды сыртынан көргенім болмаса, ішіне кірмеген мен бұл ұсынысқа аң-таң қалдым. Ал қыз-жігіттер қолдай кетті. Жатақхананың тұрғылықты тұрғындарына айналған топтастар бөлмелерінен тез-тез киініп шығып, аулаға жиналды.

Жатақханада тұратындардың негізгі мақсатын сәлден кейін түсіндім. Алғаш тамашалап көреміз деген орынға біздікілер тамақтануға, дұрысы, алма алуға, соны талғажау етуге келген болды. Қиыны сол, бақ қорғауға алынған. Онда қарулы, ит жетектеген қарауылдар тұрады. Кірер есіктері бейнебақылауға қосылған. Сырын білетін қыз-жігіттер кіруге ыңғайлы тұсын біледі екен. Сол маңнан бәріміз біртіндеп кіре бастадық.

Алма ағашы аласа болса да, жемісті көп беретіндігін сонда көрдім. Біздің жерде көп өспейтін жеміс болғандықтан, маған солай таңсық көрінді ме, әлде сұрпы ерекше ағаштар ма, ол жағы әлі күнге дейін беймәлім. Әуелгіде шеткі жақтағы алмаларды теріп жүрген біз біраз уақыт өткен соң еркінсіп, жақсысын таңдай бастадық. Қыза-қыза біраз жерге кетіп қалған топ бір-бірімізден ажырап қалыппыз. Онымызды үрген ит дыбысы мен ашулы күзетшінінің серігіне берген орыс тілді әмірінен байқадық. Лезде қиындыққа душар болған бас-аяғы 5-6 адам бір-бірімізді жинап үлгірмедік. Жанымызға екі әскери киім киінген екі адам итімен бірге жетіп келді. Бәріміз де торға түскен торғайдай тыпыршып қалдық. Күзетшілердің үлкені, орта жастағы көкшіл көзді, бәкене бойлы кісі қатқыл үнмен тіл қатты:

—Қай жақтансыңдар? Тапа-тал түсте не істеп жүрсіңдер?

Бізде үн жоқ.

—Сендерге не жетпейді? Не істегендеріңді білесіңдер ме?

Тағы да үндемедік.

—Айтпасаңдар қойыңдар. Иықтарыңдағы сөмкеге салған алма қылықтарыңның айғағы. Осы арқылы күзеттегі орынға залал келтіргендерің шешіледі. Мына жатақханада тұрасыңдар. Көбіңді танимын. Қойын-қоныштарыңды тінтісем, студенттік құжаттарың мен жатахқанаға кіруге берілген куәліктерің шығады. Аттарыңды біліп, жатақханадан шығартуға, степендиядан айыруға болады...
Қыздар жағы бір-біріміздің қолымыздан қысып ұстап тұрмыз. Мұнымыз «Бәріміз — біріміз үшін, біріміз — бәріміз үшін» деген ұстаныммен не болса да, бірге көрмекке бел буғанымызды білдіретіндей. Күзетші ағайдың даусы бара-бара үдей түсті. Барлығын жүрегіме қабылдаған мен шыдамай жылап жіберіппін.

Біраздан соң : «Ағай, біз түркология факультетінде оқимыз. Басбұзар да, тәртіпсіз де емес, университеттің белсенді студенттеріміз. Бәріміз степендия аламыз. Ата-анамызға күш түсірмей, грантта, квотада оқып жатырмыз. Тек қарнымыз ашты... Сіз де ата-анамызсыз ғой... Бізді оқудан шығарғанда сізге қандай пайда болады?», — дегенді құрастырып, ойыма оралғанды айта беріппін. Ақталған әрекетімізді сезген күзетшілер де үнсіз қалмай, біраз жауап қайтарды. Жалғыз жеңе алмасымды білгендей топтағылар да қоштап, өз пікірлерін жамырап жеткізіп жатты. Екі жақты «ұрыс» 15-20 минутқа созылды. Күзетшінің көзқарасынан қайтпайтын райын байқап, қол-аяғымыз діріл қағып тұрсақ та, үнсіз қалмай, әр нәрсенің басын бір құрап жатырмыз.
Біраздан соң жаңағы кісі жақындай түсіп:

—Түркологияда оқимыз деңдер. Ол түрік тілі маманын дайындайды ма?— деді.

—Жоқ. Біз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріміз. Түрік тіліне қатысымыз жоқ,— дедік қосарлана.

—«Мұғалімбіз» дейді. Сендер не үйретесіңдер балаларға, өздерің тәртіп бұзушылыққа жол бере тұрып. Ертең мұғалім болған кезде де осы әрекеттерің алдарыңнан шығып жүрмесін, — деп аз уақыт үнсіз бөгелді де, қайта әңгімесін бастады — Тіл маманы болғандарың жақсы болды. Ендеше қайсысың «Алма бақтың ұрыларын» білесіңдер?

Бәріміз бір-бірімізге қараймыз. Тыныштықты бағанадан үнсіз тұрған Қанаттың даусы бұзды:

—Мен білемін. Айтып берейін, аға. Мына қыздарды босатыңыз. Жазаласаңыз мен дайынмын, —деді де ақын Мұхтар Шахановтың:

«Табиғаттың бізге жұмбақ сырлары көп таңданар,
Тағдырындай таңдар да бар мәңгі бақи ән болар.
Күз келгенде уылжып піседі екен алмалар
Алма піссе, ол алманы үзіп алған жөн болар», —деп басталатын өлеңін оқи жөнелді.

—Міне, қалаған мамандық иесіне енді ұқсадыңдар. Манадан осы өлеңді оқып, «аға» деп келсеңдер, тәтті алма қайда екенін өзім-ақ айтар едім. Енді олай жасамаңдар,— деп қолдорбамызды қайтарып, қалауымызша жеміс жиюға мүмкіндік берді.

«Жеңісімізді» тойлай отырып, «Басы қатты болғанның соңы тәтті болады» деген осы да деп күліп алдық. Кейін ағаймен қарым-қатынасты жақсарттық. Кітапханадан қойынын толтыра кітап алып бара жатқан ол бізден не туралы оқып жүргенімізді сұрауды ұмытпайтын. Кейде асығыс, не байқамай кетіп бара жатсаң: «Әй, ұрылар, қалғандарың қайда?» — дейтін жайраң қағып. Ойлап отырсақ, расымен күзетшінің қолында оқудан түбегейлі шығармаса да, басқаша әсер ететін «билік» тұрса да, адамгершілік жасағаны бізді жаман әдеттен жирендіріп, өмірімізге үлкен сабақ болды. Бәрінен қызығы, төрт жыл бойы атын атамаса сөйлемейтін Қанаттың жатқа білетін бір ғана өлеңі бәрімізді тығырықтан алып шыққаны жүрегіміздің төрінде сақталып қалды.

Басымыз құралса курстастар «алма бақтың ұрылары» туралы естелікті айтып, мәз боламыз. Қазір ол кісі бақта жұмыс істейтін-істемейтінін ешбіріміз білмейміз. Көкейімізде қалғаны — оның өнерге, өлеңге деген құрметі мен ағалық пейілі болатын.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА.
kazaly@bk.ru
15 қаңтар 2019 ж. 1 725 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 44

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930