Жабырқаулы жүрек лүпілі
Жер-ана қара көрпесін жамылып, қою түн құшағына енген. Күндізгі көрген-білгенімізді айтып, кешкі дастарқан басында мәре-сәре боп отырғанда, сыртқы есік қоңырауы шалынды. Келген қонақтар қасына бейтаныс әйелді ерткен ауылдағы жақын жеңгеміз екен.
Кірген беттен-ақ танымайтын әйел назарымды аударды. Қысқа шашты, бойшаң, қара торы жан. Кірпіктерін жылдам қағып, жан-жағын тез шолып өтті. Әжімдері өткен өмірінің салған суреті іспетті бар келбетін жауып қалған. Суалған жанарына қарап, «асылы, адамзаттың болмыс-бітімін байқатар көздің де осындай нұрсызы болады екен-ау» деп ойладым.
Үстел басына жайғасқан қонақтар әңгімесін бастады. Жеңгеміз бәріміздің көңілімізді аударған адамды таныстырып: «Мына кісі сіңліміз болады. Аты – Жайдаркүл. Дәрігердің нұсқау қағазымен қаладағы «Жүйке аурулары жататын ауруханаға» ем қабылдауға келдік. Бүгін тіркелуге үлгірмедік», – деді. Жеңгеміздің уәжінен кейін әлгі нұрсыз жанардың жауабы табылғандай болды.
Бата жасалып, әркім өз шаруасымен кетті. Бесіктегі баламды емізіп отырғанмын, Жайдаркүл әпке қасыма үнсіз келіп отырды.
– Атың кім?
Оқыстан қойылған сұрақты күтпей қалдым. Кірпіктерін тез-тез қағып, маған тесіле қарады.
– Арайлы.
– Менің атым – Жайдаркүл. Атыма затым сай. Үнемі күліп, жайдарлы жүремін. Сенің балаң кішкентай екен ғой. Менің екі ұл, бір қызым бар. Олар есейіп кеткен.
Осы сөздерін ол көз ілеспес жылдамдықпен айтты. Жымиған сыңай танытып, таңырқаған кейіппен ұрлана қарай беремін.
– Мені жынды деп ойлап тұрсың ба?
– Жоға, олай емес. Аузыма сөз түспей, ыңғайсыз өтірік күлдім.
– Жай, көзіңіз әдемі екен.
– Өтірік айтасың. Жанары суалып, сәулесі өшкен көзде қандай өң болсын. Не көрмеген, неге жыламаған көздер бұл. Бар былапытқа белшесінен батқан мына өмірдің тек қаралығын көру жазған болса, көздеріме не айып?
Жайдаркүл әпкенің көзі қабырғаға қадалып қалды. Тереңдікке еніп кеткендей... Кірпіктері де баяу қозғалады. Салмақты кейіппен сөз бастады.
– Қыз кезімде өте көркем болдым. Беліме түскен ұзын қара шашыма ауылдағы «мен» деген бар жігіттің көзі еріксіз түсетін. Бойжетіп, көрші ауылдағы бір жігіттің қолынан ұстап, орта күйлі шаңыраққа келін боп түстім. Ата-енемізден еншіміз бөлек болғанымен, үй арасы қашық емес. Күйеуім егіс даласында істейді. Бір-екі күн, кейде апталап үй бетін көрмейді. Жалғыздықтан қорқып, ақыры оған да бойым үйренді. Қас қағымдай өмір емес пе, екі балалы да болдық. Күйеуім келсе, «байғұс, бала-шаға қамымен тыным таппай жүр ғой» деп, барымды алдына тосып, көңілін табуға тырысамын. Оқыс мінез танытып, бетіне тік қарап қарсы келген емеспін. Сөйткен күйеуім бір-ақ күнде өмірімді күл-талқан етті.
Бір жолы енеміздің үйіне барсам... Сол көріністі көрген мына көздерімнен кейде жиіркенем. Балаларымның әкесі, өмірлік қорғаным деп жүрген күйеуім басқа әйелдің қойнында жатыр. Адамның асын ішіп, хайуанның ісін істеп, ұялмай жер басып жүрген опасыз жар, өз үйінде баласын күнәға батырған опасыз шеше, жауыздықты көруді маңдайыма жазған опасыз өмір... Лағынет болсын бәріне!
Шырылдаған жанымды қоярға жер таппай, енеме жылап бардым. Сондағы енемнің айтқаны:
– Күйеуіңнің қай жерін аяйсың?
Кейін білсем, күйеуімнің басын айналдырып жүрген әйел саудагер екен. Дүние деп көзін шел басқан шеше мен баланы ақшаның буына мас қылып, адамдықтан аттаған шайтан кейпіндегі залым әйел ұйып отырған отбасымыздың ойранын шығарды...
Дауылдай кернеп, бар бойымды ашу-ыза биледі. Іштегі періштем не дейді, шайтаным не дейді, адасқан ақыл-таразым кімді тыңдарын білмеді. Ақыры, ақылымды мәңгіге жоғалттым да, қаласам періште, қаласам шайтан болдым. Білесің бе, мына өмір – жалған, сатқындық пен зұлымдыққа толы өмір. Сондықтан онымен күресу үшін бізге зұлым ақыл керек. Бар тіршілікке зұлымдықпен қарап, адамзат атаулыға зұлымдықпен жауап қатсаң ғана, өмірді жеңеді екенсің. Осыны естен шығарма!..
Қадала қараған өткір жанары зұлымдықтың сәулесін шашып тұр екен, шыдай алмай, жалт бұрылдым. Біраз ойланып отырды да, ары қарай әңгімесін жалғады.
Үлкен баламды енеме тастадым да, қызыммен өз шешемнің қолына кеттім. Қызымды асырау үшін егіс даласында таң алагеуімнен қара кешке дейін еңбек еттім. Сөйтіп жүргенде, тағы бір жігіт табылды. «Мүмкін, бұйырғаны осы шығар, бәрібір отбасы керек қой» деген оймен оған тұрмысқа шықтым. Бұл күйеуімнің де жөні түзу болмай шықты. Арам суға арын да, барын да сатқан адам екен. Үйдегі аз ғана дүние-мүлкімнен де айырды. Сенімім тағы да секем тудырып, үмітім өше бастады.
Одан туған ұлымның тағдыры үшін бәріне де көндім. Берекесіз, мәнсіз өмір жалғасып жатты. Бірақ, байғұстың өмірден асары аз екен, үш жылдан соң, ажал құшты.
Екі баламен жесір қалдым. Енді бар салмақ өзіме түсті. Балапандарымды асырау үшін не істемедім десеңші! Тиын табар жер болса, күн-түн демей, табанымнан таусылып, тыраштанып, жанымды аяған жоқпын. Ана боп аяладым, әке боп ақыл айттым.
Қазір балапандарым есейіп, қанаттанды. Үлкенім колледжде, кенжем мектепте оқиды. Мемлекеттің берген жәрдем ақысымен күн көріп жатырмыз. «Ит үреді, керуен көшеді» деген бар емес пе? Өткен-өтті. Тек кейде балдай тәтті, ертегідей өмірімнің тозаққа айналғанына, адам-шайтандардың пәк жүрегімді жаралағанына, жүйкемді айықпас дертке шалдырғанына пенделікпен налимын. Соның зардабынан жылына екі рет облыс орталығына келіп, «Жүйке ауруларын емдейтін ауруханадан» ем қабылдаймын.
Бірақ мен үшін Жаратқанның адамзатқа берген ең үлкен сыйы – өмірге әкелгені деп білемін. Осы өмірге келу, мейлі, ол мәнді болсын, мәнсіз болсын, өмірді көру, онымен күресудің өзі ең үлкен бақыт деп түсінемін. Баланың өзі – қандай ұлы бақыт десеңші! Менің баянсыз деген өмірімнің өзі осы балапандарымның өмірге келу бақыты үшін жаралған екен. Осыны ойласам, тәубаға келемін. Бұдан артық бақыт сұрамаймын да. Мен нағыз бақытты жанмын. Сондықтан да үнемі күліп жүремін.
Әжімге толған жүзімен маған қарап, жайдарылана күлді.
...Көзімді ашсам, терезеден түскен таңғы күн шуағы шын бақыт құшағына шақырып тұрғандай болды.
Әйгерім АЮБЕК