Қызыл белесепет
– Балам-ау, тұрсайшы, шөжелерің шулап, ақтабаның қыңсылап, өзіңді іздеп тұр ғой. Тұра ғой енді... – Осы сөздер құлағына жағымды есітілген сияқты еді, көзін ашып алғанда қасында тұрған «Қаралы сұлуды» көргенде жаңағы түсі де, жылы дауыс та ғайып болды. Орнынан ұшып тұрған Мәди далаға жүгіріп шықты. Сол пәтпен тауыққора, ақтабанның кетегін қарап шықты. Шулаған шөжені де, қыңсылаған күшікті де байқамады. Шүпірлеген шөжелер аулада жайылып жүр. Өзіне еркелей қарап, құйрығын бұлғаңдатқан күшігінің әрекетінен тамақ іздеп тұрғанын аңғарды. Бәрінен де тәтті түсін бөлінгеніне өкінді. Түсі ойына оралғанда жанарына дөңгеленіп жас келді.
Қызыл белесепетіне мініп, анасының демеуімен алға жүріп келе жатыр екен. Армандаған белесепетіне аяқ артуы сол екен, зырлай жөнелді. Соңынан анасының: «Балам, байқашы, айналайын ...» деген сөзін қарсы соққан жел ала қашып бара жатты. Анасын көргісі келіп артына қарай бергенде оятып жіберді. Кеудесін өксік кернеді.
Ол арманы болып қалған қызыл белесепетті көрген күн болып есінде қалды. Әкесі, анасы үшеуі аудан орталығына барған. Анасын дәрігерге көрсетуге барғанда бұны да ала барған. Орталықтағы қос қабатты үлкен дүкенге анасына қажет заттарды алуға кіргенде, назары шағын, көздің жауын алатын екі дөңгелекті қызыл белесепетке түскен. Белесепетті айналшықтап жүрген бұны көрген анасы:
– Балам, алғың келе ме, саған үлкендеу болмай ма? – деген. «Иә», – деп айтудан бұрын әкесіне қарағанда, әкесі:
– Анасы-ау, әуелі келген жұмысымызды бітірейік те, – деді.
Баласының қабағы түсіп кеткенін көрген анасы:
– Мәдөш, сенің ақылың бар ғой. Қазір дәрігерге көрінеміз. Қайтарда алып береміз, – деген басынан сипап.
Дәрігерге көрініп шыққанан кейін ауруханаға жататын болған анасы:
– Айналайын, мен ауруханаға жататын болдым. Сен, нағашы апаңның үйінде бола тұр. Белесепетті ауруханадан шыққан соң өзім алып беремін. Әкеңді мазалама, – деп бауырына басқан.
Анасын содан кейін көрмеді. Ауруханадан анасы да, бөпесі де үйге оралмады. Қызыл белесепет те арман болып қала берген.
Осыдан алты-жеті ай бұрын бұның өмірінде үлкен өзгеріс болды. Бір күн бұрын төрде ілулі тұрған анасының үлкейтілген суретінің жанына барып ұзақ қарап тұрған әкесі суретті жататын бөлмесіне алып кетті.
Бала көңілі мына үлкен бөлме бар дүниесінен айырылып босап қалғандай құлазып, жүрегі бірдеңе сезгендей қобалжып, далаға бір шығып, не әкесінің ізінен бөлмесіне барып бірдеңе сұрарын білмей, әрі-сәрі күйде тұрып қалған. Сол күні үйге нағашы апасы, туыстары келді. Келгендер төргі үйде сөйлесті. Бұны шақырып еді, ол бөлмеге кіргісі келмеді.
Сәлден кейін әкесі жанына жақындап:
– Балам, жаңа үлкен кісілер шақырғанда неге келмедің? Анаңнан айырылғанымызға екі жылға қарап барады. Бәрін түсініп, еркелікті азайтқаныңды көріп жүрмін. Екеуден-екеу мына үлкен үйде әрі қарай қалай тұрамыз. Нағашы апаң да үлкейді. Өзінің тіршілігі бар. Үлкендердің ақылын алып үйге бір апа әкелгім келіп отыр. Анаңдай болмағанымен, апаңдай болады. Сен қалай қарайсың?
– Сонда анамды ұмытамыз ба?.. Суретін де алып қойдыңыз...– Әкесінің сөзін аяқтатпай, өксіп-өксіп жылап жіберді.
– Балам-ау, анаң енді бізге жоқ қой... – Бауырына басқан әкесінің бетіндегі тарам-тарам жасты көріп, іштей аяп кетті.
– Жарайды, әке. Жақсы, – деп әкесін құшақтай берді.
Екеуара әңгімеден соң көп ұзамай әкесі үйге осы апаны алып келген. Көрші ауылда тұрады екен. Бұрын көрмеген адамы. Жүзі жылы. Аққұба. Әдемі жан. Үйге жылылық кіргенін сезеді. Сонда да мойындай алмай жүр.
Оның әкесінің жататын бөлмесіне кіріп бара жатқанын көрсе, жайсыз бір күйге түседі. Әкесін қызғана ма, жоқ бөлмеден шығып өзін айналып, толғанатын анасын іздей ме екен?
Басқосу үлкен көлемде өткен жоқ. Шағын туыстардың қатысуымен беташар болды. Келген апа: «Үлкен тойдың да, беташардың да, қажеті жоқ. Баланың жүрегін жаралап алармыз», – депті. Үлкендер: «Беті ашылмаған баласың, беташарсыз болмайды», – деп жасатыпты.
– Мінезі сенің анаңа ұқсайды, жарықтық. Өзінен бұрын жақын жандардың жағдайын ойлап отыратын. Сосын маңдайымызға қалай сыйсын?! – дегенді бірде нағашы апасы айтқан.
Беташардан кейін көрші «шұнақ қыз» (бұл қызды мінезіне қарай көрші әже солай атайтын):
– Мә, әкең көрші ауылдағы «Қаралы сұлуға» үйленген бе? – деп сұрады. Әрі-сәрі күйде тұрған ол ызаланып:
– Кетші-әй, «шұнақ», – деп тістене сөйлеп, жұдырығын түйе бастағанын көрген ол:
– Жұрттың бәрі солай дейді ғой, – деп ернін дүрдитіп, жылыстай берген.
Көрші әженің: «Бұл шұнақ қыздың білмейтіні жоқ»,– дейтіні рас болды.
Бұның үйіне келген Айсұлудың «Қаралы сұлу» аталуының да сыры бар екен.
Ауылындағы шаруа қожалығын басқарған, жағдайы жақсы кісінің баласымен кездесіп жүреді. Баланың өгей шешесі қызды жақсы көреді. Сыртынан иеленіп, «болашақ келінім, мынандай» деп бас бармағын көрсетіп, мақтап отырады екен. Онысы туыстарына жақпайды. «Өгей шеше балаға қайбір жаны ашып жүр дейсің», – деп қыздың жай-жағдайын сұрастыра бастайды. Сөйтсе, әкесі қарапайым тракторшы, анасының құстың келу, қайтуында ауыратынын есітіп, қыздың сыртынан неше түрлі әңгіме таратып, жігітпен арасына от жаға бастайды. Оны естіген өгей шеше қалада оқуда жүрген балаға хабар беріп, әңгіме өрбіп кетпей тұрғанда қызбен сөйлесіп, тездетіп үйленіп алуға кеңес береді. Жағдайға қаныққан қыз бен жігіт бас қосуға келіседі. Жігіт үйіне үйленіп, қалыңдық алып келе жатқанын айтып, хабар береді. Осы жолда көлік апаты орын алып, жігіт ауруханада көз жұмады. Қыз жеңіл жарақаттанады.
Мүрдені ауруханадан алуға келгендермен бірге Айсұлу да жігіттің үйіне барып, жақындарының жанында болады. Мұны естіген қыз туыстары ашуланып: «Ана қыз не қып отыр ол үйде, сүйегімізге таңба салып. Шашынан сүйреп алып келеміз», – деп даурыққанын басқанымен, өзі жер бауырлап жатып алады.
Жігітті жерлеп үйіне келген Айсұлуға «Қаралы сұлу» деген ат тағылады. Ауылда ешкім Айсұлуға жақындамайды. Пішу-пішу әңгіме көпке дейін соңынан қалмайды. Көп ұзамай әкесі қайтыс болады.
Кітапханашының аз айлығы науқас анасымен екеуіне аздық еткен соң совхоз басшысына барып, әкесінің тракторына отыруға өтініш жасайды. Мектепте жүріп трактор жүргізуге алған куәлігі мен әкесінің қасында жүріп техникаға әуес болғаны кәдеге асады. Көп ұзамай анасы да о дүниелік болады. Жұмыста да, үйде де үнемі шалбарланып жүретіндіктен болар, ат қойғыш ауыл «Еркекшора», «Қаралы сұлу» деп сыртынан сөз ертеді. Өзі туралы не естісе де көңіл аудармағанымен, мінезі тұйықталған Айсұлу ешкіммен араласпай, жұмыстан басқаға көңіл аудармай, өзімен-өзі жүретін халге жетеді.
Нағашы апасынан осы әңгімені есіткенде Мәди Айсұлуды аяғандай болады. Алайда әкесінің төрде ілулі тұрған анасының суретін алғаны, содан бері ол суретті көрмегені, жұмыстан келген әкесінің өзінен бұрын «Қаралы сұлуды» (ұнамай қалған кезде ойына осы атау еріксіз оралатын) іздеп тұратыны есіне түсіп, есін тез жиып алған.
Әңгімесінің соңында нағашы апасы өзінің бұның әкесімен Айсұлудың жарасуына себеп болғанын, әпкесінің орнын басады деп, бұған қамқор болады деп Айсұлуға сенетінін, жаны таза жан екенін айтып, бауырына басса да, селсоқ тыңдады. Нағашы апасының бұл ісін түсіне алмай, өзін жалғыз қалғандай сезінді.
Бірде бөлмесінен шығып жатып, ашық тұрған әкесінің бөлмесінен мұқият оралған суретті орауынан ашып жатырған «Қаралы сұлуды» көреді. Анасының суреті екенін сезді. Дүрс-дүрс соққан жүрегі аузына тығылды, кеңсірігі удай ашып көзіне жас келеді. «Қаралы сұлу» қазір суретті паршалап тастайтындай көрініп, ұмтыла бергенде үйге кіріп келе жатқан әкесінің: «Айсұлу... а Айсұлу», – деген дауысын есітіп, бөлмесіне қайта кіреді.
Ашық есіктен көріп тұрады. Суреттің орауын алып, қарап отырған «Қаралы сұлу» атын айтып шақырған дауысқа елең етті де, отыра берді. Қасына келген бұның әкесіне:
– Мәдөштің анасы ма? – дейді анасы сияқты жылы үнмен. «Мәдөштің» дегенді естігенде мұның жанарын ыстық жас жуып кетеді. – Мәдөштің мені неге ұнатпайтынын енді түсіндім. Шамасы, мына суретті мен келерден бұрын тұрған жерінен алып, мында әкеліп тығып тастағансың ғой. Қалай дәтің барды? – Дауысы дірілдеп шыққандай болды. Әкесі келіп ашық тұрған есікті жабады.
Бөлмедегі екеу ұзақ сөйлесті. Әкесі түскі асқа шақырды. Түскі аста әкесінің де, жарының да томаға тұйық ойлы жүздерін көру өзіне ауыр тиетінін сезді. Үшеуі де тамақты үнсіз ішті.
Сыртқа шығып шөжелеріне жем шашып, өзіне еркелеген Ақтабанға тамақ берді. Айсұлудың (бұл жолы «Қаралы сұлу» деген атау ойына оралмады): «Мәдөштің мені ұнатпайтынын енді түсіндім» деген сөзі ойына оралды.
Айсұлу келгелі өзінің онымен ашылып сөйлеспейтіні, ештеңе сұрамайтыны, бірдеңе сұраса қысқа жауап беретіні, үйде оның бар екенін елемеуге тырысатыны, айтқандарын орындағанымен, ынтасыз істейтіні ойына оралып, соның бәрі Айсұлудың жанына тиетінін бүгін сезді. Ал оның өзіне деген жылы көзқарасы мен үстіне, киіміне, тазалығына мән беріп, айтқызбай орындайтыны, тіпті бұның алдында өзін айыпты адамдай сезінетіні сөздері мен істерінен байқалып тұратынын да іштей ұғынды.
Бөлмесіне келген әкесі басынан сипап бауырына тартты. Айсұлу келгелі әкесі бұлай бауырлаған емес еді, көңілі бұзылды.
– Балам, әкеңді кешір. Кейде үлкендердің де қателесетіні болады. Сенің алдыңдағы кінәмді Айсұлу апаң бетіме басқанда қатты ұялдым. Оны мойындаудан қорықпаймын. Әсіресе «Анасының суретін көзінше төрден алып, тығып тастағаның не қылғаның, ең болмаса, бөлмесіне апарып ілмедің бе? Баланың алдында өзіңді де, мені де же көрінішті еткенің не қылғаның? Бұлай бұл үйде қалай жүремін?» – дегенде өзімді қоярға жер таппадым. Мен олай істегенде Айсұлудың көңілін аулайын дегенім жоқ, анаңның суреттегі бейнесіне қарауға жүрексіндім, өзімді оның алдында кінәлідей сезіндім. Амал жоқ, осылай жасауға тура келді, балам, – деп әкесі жерге қарағанда, ештеңе айта алмады. Басынан мейірлене сипаған әкесі орнынынан асықпай тұрып, бөлмеден шығып кеткен.
Әкесінің ізінен шыққан бұл бөлмесінен шығып неге екені өзіне де белгісіз, әкесіне емес төргі бөлмеге беттегені сол еді, төрдегі анасының суреті көзіне оттай басылды. Ешқандай уайымсыз, ешкімге кінә артпаған күйде бұған қарап күлімсіреп тұрды.
Көңілі бұзылып, бөлмеден қамығып шықты. Әкесінің бөлмесінен қолында жолға жиналатын заттары бар Айсұлу шығып келе жатыр екен. Санасында әкесі айтқан сөздер, анасының суретінің орнына ілінуі «Айсұлу үйден кетіп бара жатыр екен» деген ойға жетеледі. Өзінің еркінен тыс ұмтылып, Айсұлудың ту сыртынан құшақтап: «кетпеңізші» дегенін өзі де байқамай қалды. Қолы ішіне тигенде, біреу қолын теуіп жібергендей болды.
Бұған қарай бұрылып, құшақтай алып:
– Мәдөш, не болған саған, кім айтты мені сендерді тастап кетеді деп? – деп басынан сипап, бауырына тартты. Ол көзімен жолға жиналған заттар салынған сөмкені көрсетті. Дорбаға бір, бұған бір қарап, езу тартып күліп:
– Аудан орталығындағы ауруханаға ауылдағы емханаға жолдама алып келуге бара жатырмын. Кешкі тамақты дайындап қойдым. Әкең біледі, – деді де –Ауылдағы дүкенге велосипед түсіп жатыр екен, – деді сөзін жалғастырып.
«Анасы, аурухана, қызыл белесепет...» Екі көзі боталап, жасқа толған бала өгей шешесінің қолынан ұстап, өксігін баса алмай: « Бармаңызшы, бармаңызшы», – дей берді.
– Қорықпа, бәрі жақсы болады. Велосипеттің қызыл түстісін алып келемін. Күтесің ғой, – деді. Бұл үнсіз басын изеді.
Әкесі келгенен кейін Айсұлудың бөпе әкелуге дайындалып жүргенін білді. Алғашқыда ештеңеге түсіне алмай, аңырып қалса да, әкесінің қуанышты жүзінен үйге кішкентай бауыры келе жатқанын түсінді. Қолын кім тепкілегенін де сезді. Қызғаныш па, қуаныш па, әлде анасы есіне түсіп қорыққаны ма, жүрегінің атойлап тұрғанын байқады.
«Аурухана, бөпе, қызыл белесепет...» көңілін қорқыныш билеген ол әкесінің мойнынан құшақтай алып:
– Ол, келеді ғой... Келеді ғой, әке, – дей берді.
Ертеңіне Айсұлу оралды. Қызыл белесепет ала келіпті. Бұның қуанғанын көріп, әкесі мен екеуінің бір-біріне жымиып, бас шұлғығандарын көріп, анасының суретін Айсұлудың қолына алып отырған күнгі бөлмедегі ұзақ әңгіменің нәтижесі екенін айтпай сезді.
Екі күннен кейін Айсұлу ауылдағы ауруханаға жатты. Үйге келген нағашы апасы Айсұлудың ауруханаға жатқанын үрейлене айтқан бұны жігерлендіріп:
– Қорықпа, бәрі жақсы болады. Мен тауықтың сорпасын дайындап қойдым. Белесепетіңмен зыр етіп тамақ апарып барып келе ғой,– деді. Екі күннен бері белесепетті босқа мініп жүрген оған мына тапсырманы орындау үлкен сенім білдіру болды.
Аурухана жаңадан салынған, әлі қоршалмаған екен. Алдындағы шағын беседкада отырған Айсұлу бұны анадайдан көріп, орнынан тұрып, құрақ ұшып қарсы алды. Бауырына тартып, басынан иіскеді. Қайтарда бұл жүргізе бастағанда, белесепет сәл бұлғақтап кеткенде:
– Балам, байқашы, айналайын, – деген жанұшырған дауыс шыққан жаққа жалт қарап еді, қолындағы затын қоя салып, өзіне ұмтылған Айсұлу екен. Түсіндегі анасының дауысы болып есітіліп, «Балам, тұра қойшы», – деп ұйқыдан оятқан деген жұмсақ дауыс осы дауыс еді.
Белесепетінің түзу жолға түсіп, дұрыс жүріп бара жатырғанына мейірлене қарап тұрған жанды көрді. «Мама, құламаймын». Ол осы сөзді есітіп тұрғандай, ерекше бір мейіріммен әлі қарап тұр еді.
«Анашым, кешірші, қазір менде сен алып беремін деген қызыл белсепет бар. Жақында бөпе де болады-ау. Айсұлу апаны іштей болса да «мама» дедім. Ол сені ұмытқаным емес, саған ұқсатқаным шығар. Оларды сені жоғалтқандай жоғалтқым келмейді. Кешірші мені, анашым...» Бетін жас жуып келеді. Жүйткіген қызыл белесепет осы ойларының орындалуына асықтырғандай.
Құдайберген ЕСЕКЕЙ