Қырық жылдан кейінгі кездесу
Ақсуат ауылы батыстан шығысқа, шығыстан батысқа пойыздар зулап өтіп жататын шойын жолдың бойында, Төретам стансасы мен Қазалы ауданының орталығы арасындағы шағын станса – Майлыбас ауылдық округіне жақын, Сырдың жағасына орналасқан. Ақсуат ауылының бұрынғы атауы «Қазалы» кеңшары. 1943 жылы облыста ғана емес, республика көлемінде алғашқы асыл тұқымды қой шаруашылығының бірі болып құрылған кеңшар биязы жүнді ақ қой өсіруден жоғары табыстарға қол жеткізді. Сондықтан ел тұрғындары бұл ауылды «Ақ қой» кеңшары деп атап кеткен. Жібек жүнді қойды Сыр бойына жерсіндіріп, өзі құрған шаруашылықты бес жыл бойы басқарған Сәбила Батырованың ерен еңбегін елі ешқашан ұмытпайды. Осы жемісті еңбек дәстүрін жалғастырған Дүйсенбай Маханов деген азамат еді. Ол Қазақстанның сол жылдардағы басшысы Ж.Шаяхметовтің тікелей қабылдауында болып, 1948 жылы асыл тұқымды кеңшар директоры қызметін бастап, 1961 жылға дейін осы шауашылықты биік дәрежеге жеткізді. Социалистік Еңбек Ері атанды. Озат шопандар Ленин, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордені сияқты жоғары наградалармен марапатталып, аудандық, облыстық, республикалық және КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттығына сайланды.
Ақсуат ауылы кеңшардың орталығы болғандықтан, осындағы №100 «Кеңтүп» орта мектебі жанында жүз балаға арналған мектеп-интернат оқу мен тәрбие берудің үлгілі орны ретінде танылды. Жан-жақтағы ферма-ауылдардың бастауыш, сегіз жылдық мектептерін бітіріп келгендер 9-10 сыныпты «Кеңтүп» мектебінде жалғастыратын. Осы мектепті бітіргендер арасынан елімізге танымал Бекділда Алдамжаров, Серік Асылбеков, Сейітқұл Оспанов сияқты ақын-жазушылар шықты. Сондай-ақ еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жеке қожалық құрған, кәсіпкерлікпен айналысып, ел игілігі жолында өз үлестерін қосып жүрген азаматтар да аз емес. «Рза» АҚ-ын басқарып, Сыр өңірінің ғана емес, республикаға танымал кәсіпкер атанып отырған Самұрат Имандосов, Алматы қаласы мен еліміздің бірқатар өңіріне құрылыс нысандарын салып жүрген кәсіпкер-құрылысшы Тоқсан Жаңабаев, Қызылорда қаласындағы «Сарыбұлақ» фирмасының басшысы Сайран Әбдірасылов сынды азаматтар ауыл мақтаныштары.
Әркімнің де туып өскен өлкесі өзіне ыстық дегендей, осы Ақсуат ауылынан түлеп ұшқан әрбір түлек үшін алтын бесік – туған жердің орны бөлек. Жақында №100 «Кеңтүп» орта мектебін 1979 жылы бітіргендер арада қырық жыл өткеннен кейін сағынышты басқосуларын өткізді.
Сырдың бойын жағалап, суға шомылып, қызғалдақ теріп, көбелек қуып, тай-құлындай тебісіп, бірге өскен бала кезгі достар – сыныптастар кездесудің алғашқы күнін бақилық болған аяулы ұстаздары мен асыл достарына арнады. Ауылдағы мешітте дұға оқылып, ас берілді. Ас үстінде ауыл әкімі Қаныш Жұбатқан, имам Нұрлыбек Мықтыбаев, еңбек ардагері Қуаныш Рзаханов, ардагер ұстаз Қойтанбай Нұрбаевтар сөз алып, жан-жақта жүрген мектеп түлектерінің ел үшін жасап жатқан еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық тіледі. Туған жерге келіп, сауапты іс жасап жатқандарына алғысын айтты.
Қандай іс болсын, қашан да оның ұйымдастырушылары мен жанашырлары бір кісідей жұмылғанда ғана жақсы өтері анық. Осы орайда қырық жылдық кездесуді ұмытылмастай игі шара ретінде өткізуге белсене араласқан Елтай Жәрменов, Ғалымжан Пазылбеков, Зейнегүл Тілегенова, Күлән Сәлімбетова, Үрзипа Шерімбетова, отбасылық жұптар Дулан – Бақыт, Рысбек – Сәуле Бақтыбай – Несібелі сынды ауылда еңбек етіп жатқан достарға жиналғандардың бәрі риза болды. Сондай-ақ «ас иесімен тәтті» дегендей, туған жердің түтінінің түзу шығуына айтарлықтай үлес қосып отырған ауылдағы ағайынның барлығы алыстан ат арылтып келген достарын құшақ жая қарсы алып, берекелі тірлігін көрсетті.
Уақыт неткен жүйрік десеңші. Бәрі де кеше ғана сияқты еді. Арада қырық жыл уақыт зырғып өте шығады дегенді кім ойлаған? Кездесудің екінші күні сағынышты балалық шақты, мектеп қабырғасындағы қызық кездерді еске түсіруге арналды.
Осыдан 40 жыл бұрын мектеп бітірген түлектердің біразы арман қуып, еліміздің түкпір-түкпіріне орналасып, шаңырақ көтерді. Балалы-шағалы болды. Енді бірқатары туған жерден табан аудармай, ауылдың берекелі тірлігіне үлес қосып отыр. Қазір қарап отырсақ, сыртқа кеткендерден гөрі, ауылда және жақын елді мекендерге, Байқоңыр қаласы мен Төретам стансасына, Ақай кентіне орналасқандардың саны басым екен.
Алматы қаласында тұратын Лиза Жәнтенова, Қаракөз Алдамжарова, Бақыткүл Кенжеғұлова, Қызылорда қаласындағы Мәдина Жұбанышева, Оразкүл Жолдасбаева, Сарыбұлақ ауылындағы Дайрабай Жүргенов, Бақыткүл Құрманбаева, Ақсуат ауылындағы Алтынкүл Молдабаева сынды түлектер қашан да ауыл игілігі үшін жасалатын іс-шаралардан қалмауға тырысады.
Иә, қырық жыл деген аз уақыт емес. Жол түскенде, ауыл жаққа барғанда кездесіп қалатын бірен-саран сыныптастар болмаса, бір-бірімен көптен жүздеспеген достар қырық жылдық кездесуден үлкен әсер алып қайтты. Әсіресе кездесу жайын алдымен айтып: «Бір себеппен туған жердің топырағына табан тіреп, сағыныштарыңды басып қайтыңдар», – деп жатқан ауылдағы сыныптастарға қалай риза болмассың?!
Халқымыз «ер топырағына тартады» деп бекер айтпаған. Бұл – қай уақытта да, қай кезде де өз мәнін жоймайтын даналық сөз. Сондықтан араға жылдар салып сағынып жүздескенде, айтар әңгіме де, бөлісер жаңалық та көп болды.
Ақ жарылып, сырласайық,
Ән-жырмен шашу шашайық.
Бір бозбала, бір бойжеткен боп,
Гүл терем деп қыр асайық,
Еске алып солай бала күнді,
Болсын бәрі жарасымды!
Кездесу кешінде өзінің қуанышты тілегін осылай білдірген сыныптасымыз, бұл күндері бақытты әже болып отырған Бақыт Қосмәмбетованың осы бір ақжарқын шумақтары бәріміздің жүрегімізден шықты.
Сол жылы сезімнен арылмай, бәріңді де бір кісідей құшақтап: «Құрметті асыл достарым, сыныптастарым, қатарларымыз сиремесін, әрқашан қуанышпен қауышайық!», – дедім. Ләйім солай болғай!
Сәдуақас ЖҰБАТОВ