Неге сағат сыйлауға болмайды?
Сағат – кез келген мерекеде сыйлауға тұрарлық зат. Ерлерге арналған келісті қолсағаттар, әйелдерге түрлі тастармен көмкерілген білезік іспеттілері бар. Алайда жақын адамдар арасында сағат сыйлауға болмайды деген түсініктің барын білеміз. Бұның себебі неде?
Деректерде «Сағат сыйлауға болмайды» деген наным алғаш рет Қытайда пайда болғандығы жазылады. Себебі, Аспанасты елі механизмі бар дүниеге аса сақтықпен қарайды екен. Иероглифтеріндегі өлімді бейнелейтін таңба – сағат белгісіне ұқсас келеді. Сондықтан шығыс даналары бір-біріне сағат сыйлаудан қашады. Бұдан бөлек сағат екі адамның арасындағы қарым-қатынастың тоқтайтын уақытын көрсететін бірлік те болады. Жапондардың түсінігінде жақын адамға сағат сыйлау оған тікелей өлім тілеумен бірдей екен.
Ал сүйіктіңізге неге сағат сыйлауға болмайтынын білесіз бе? Мұның соңы айырылысуға апарады деген тұжырым бар. «Сағат тілі тоқтағанда, сезім алауы да сөнеді» деген пікірлер де айтылады. Батыс дәстүріне сай сағат тілі өткір зат қатарына жатады. Яғни сағаттың тілі пышақтың рөлін меңзейтіндіктен, оны адамға сыйлау жамандық шақырғанмен бірдей. Одан келіп шығатын түсініктер «бақытты екіге бөлу» немесе «достық қарым-қатынасты тоқтату». Кейбір бойжеткендер жігіттердің сағат сыйлауын «айырылысайық» деп түсінуі де мүмкін. Сол себепті, сыйлық таңдағанда абай болғаныңыз абзал. Бұған сенесіз бе, жоқ па, өз еркіңізде. Миллиондаған бақытты жұп сыңарының сыйлаған сағатын тағады. Көпшілігі ырым-тыйымдарға сене беруге болмайтынын айтады. Дегенмен жартыңыздың көңілін алаң қылмау үшін дұрыс сый жасай білу қажет. Құрбыңыздың туған күніне, досыңыздың қоныс тойына, көршіңіздің қуанышына сағат сыйламас бұрын ойланыңыз. Олар сағат сырына қаншалықты мән береді? Кейбір елдерде «сағат тілі тоқтағанда, айнымас достар да ажырайды» деген сөз бар.
Керісінше сізге сыйлыққа сағат берсе не істеу керек? Шу шығарудың қажеті жоқ. Қанша дегенмен жақын адамыңыз сіз үшін шын көңілмен сыйлап тұрғаннан кейін, сағат туралы келеңсіз түсініктерге мән бермеуге тырысыңыз. Жаман ойдан арылып, күлімдеп қана сыйлықты қабыл алғаныңыз дұрыс. Бәлкім ұсынған адам сағат жайындағы түсінікті мүлде білмейтін шығар. Екінші жағдайда, сатып алыңыз. Бұл сағаттың толық ақысын төлеу деген сөз емес. Он теңгесін ғана беріп, сыйлықты сатып алған сипат жасаңыз. Ол сіздің санаңыздағы наным-сенімнен арылуға көмектеседі. Өйткені уақыт өте келе сыйлыққа қараған сайын, іштей сағатты сатып алдым деп ойлайсыз.
Сырға толы сағат туралы мына бір қызықты дерекке қараңыз. Түсінде сағатты көрген адам биржадағы ойындарда табысқа жетеді. Ал түсінде сағатқа қараса, бар күшін салған ісі дұшпандардың кесірінен түкке де тұрмай қалатынын білдіреді. Мұнара сағат түсіңізге кірсе, көптен күткен маңызды жаңалық естисіз. Қолда тұрған сағаттың тілін дұрыстау – атқарған қызметіңіз үшін сізді мадақтап, ақыңызды беретін болады, тек ақыңыз қаржылай түрде болмауы мүмкін екендігін ескеріңіз. Қабырға сағатын көрсеңіз, өміріңізді түбегейлі өзгертетін кезеңнен өтесіз. Қол сағат көру ойлаған затыңызды іске асыру үшін уақытыңыздың жетпейтінін көрсетеді.
Көпшілік арасында сағатты сол қолға тағу керек деген түсінік бар. Неге? Психологтардың пайымдауы бойынша адамдар сағатты әлсіз қолына тағады екен. Оңақайлар сол қолына, ал солақайлар оң қолына. Осы орайда бізбен ой бөліскен оқырмандар: «Сағатты сол қолға тағамын, себебі оң қолмен жиі жұмыс істеймін, сағат кедергі келтіреді», «Негізі оң қол ма, сол қол ма, онда тұрған ештеңе жоқ. Ең бастысы, өзіңе ыңғайлы болса болды», «Сағаттың бұрағышы оң жағында тұрады. Ал оң қолыңда тұрса сол қолыңмен бұраған ыңғайсыздық тудырады» деген пікірлер білдірді.
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ