Даудың басы – қыз жасауы
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейді дана халқымыз. Бабаларымыздан бүгінге жоғалмай жеткен салттық жоралғылардың бірі – ұзатылған қызға жасау беру. Қыз жасауы – қалыңдықтың қадірін арттырып, отбасын құруға ұмтылдыратын амал ма, әлде қос тараптың құтын қашыратын даудың басы ма? Осы төңірегінде ой өрбітуді жөн санадық.
Қазақ жұртында нәзік жандылар тәрбиесіне ерекше мән берілген.
Он екіге толған шағында қыз домалақ оң босағаға төсек-орнын көлегейлеп, шымылдықпен бөліп қойған. Бұл ел ішінде «Қызды оң жаққа шығару» деп аталған. Қосаға – осы шымылдық ішіндегі қыз үйінің аты. Ал оны бүркеп тұрған перде «көсеге» делінген. Ұзатылған қыз жасауымен бірге көсегесін де ала кеткен. «Көсегең көгерсін» деген ізі тілек осы дәстүрге байланысты қалыптасқан.
Қыз баланың ұзатылуына алты-жеті ай қалғанда ата-анасы үйінің жанына жеке үй тігіп, қызын сол жайға бір жеңгесімен бөлек шығарған. Ол қайын сіңлісіне үйді, ерді күтудің қыры мен сырын толық меңгерткен. Мұнда бойжеткен келіндік міндет, қонақ қабылдау, оларға берілетін сыбаға жолдарын үйлестіруді де үйренген. Бұл үй «доғалаң» деп аталған. Осы үйде әзірленетін қыз жасауы – ұзатылған қалыңдыққа ата-анасы, туған-туыстары тарапынан берілетін тарту-таралғы. Оны дайындауға әже-апаларымыз қыздың өзін де кірістіріп, ісмерлікке тәрбиелеген. Жасауды апарар алдында ауыл болып жиналып, сыннан өткізіп, тыңғылықты дайындық жасалған. Мөлшері ағайын-туыстың береке-бірлігі және әр үйдің мал-дәулетіне, хал-ахуалына байланысты әртүрлі болған.
Жасауға ірі қара малдан бөлек ақ отау, көрпе-төсек, киім, ыдыс-аяқ, көлік, сауын, сойыс малы, қару, тон, ішік, көйлек-көншек, шапан, қамзол, бешпент салынатын болған. Мағлұматтарда жасаудың мөлшері құдандалы екі жақтың өзара келісімімен әрқилы деңгейде болса да, жігіт жағынан берілетін қалыңмал, кәде, жыртысымен пара-пар болуы шарт екені айтылған.
Апарылған жасауға құдалар жағы баға береді. Бұл «жасау бағасы» деп аталады. Салтымызда баға берген адамға жоралғы жасалады. Жоралғыға көйлектік мата, тәттілер, ыдыс -аяқ беруге болады. Қыздың жасауын жігіттің жеңгелері жинайды. Жинаған жеңгелер де кәдесіз қалмайды.
Қыз жасауы қазақтың әр жерінде түрліше дайындалған. Екі жастың жаңа отауына берілетін үлестің қатарында күнделікті тұтынатын бұйымдарымен бірге заманауи жиһаздар, тұрмыстық техникалық заттар қосылады.
Жасыратыны жоқ, бүгінде қыз жасауында да бәсекелестік белең алуда. «Дүниесі оңдырып келмепті» немесе «Соңыңнан келген екі көрпе жоқ» деген сынды орынсыз сындар жаңадан отау құрып жатқан екі жастың арасына сызат түсіріп жатады. Қандай жағдай болса да жас отаудың түтінін түзу түтетіп, жайлы отбасын құруға жәрдемдесу – ортақ іс.
Бақытгүл МӘДИЕВА:
– Орынды мәселе көтеріп отырсыздар. Тұрмыс құрғаныма 8 жыл болды. Үш бірдей перзентім бар. Үйлену тойы боларда екі тарап келісіп, менің жасауымды бермейтін болған. Киіміммен бірге жатын жиһазы, жеңілдеп көрпе-төсек келді. Бір жылдан соң қайын інім келін түсірді. Келініміз ауқатты, дәулетті отбасының қызы екен. Үйге керектің барлығы жасау болып келді. Той өткен соң жұмыс барысымен көп тұрақтамай, үлкен қалаға кетті. Біз үлкендігімізге қарамай, ата-енеммен қала бердік. Сол күннен бастап енемнің маған деген көзқарасы өзгергендей болды. Анда-санда келген келінімді қонақ етіп, сөзіне ден қояды. Ал мен бірдеңе десем кемсітіп, жасауым берілмегенін бетіме таңбадай басып отырады. Кіші құдаларына деген құрметі де бөлек. Сонда адамгершілік пен сыйластық түкке тұрғысыз заттармен өлшенетін болған ба деп іштей қынжыламын. Кейде анама «жасауымды әкеліп берші» дегім келеді. Меніңше, қыз жасауын берген дұрыс. «Таныған жерде басым сыйлы, танымаған жерде тоным сыйлы» дегендей сол құрып кеткір жасау жатты жақындастырып жатқанын көзім көрді.
Бейбіткүл АМАНҚЫЗЫ:
– «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесізі болмайды» демей ме бабаларымыз. Өзім көп балалы ана, бірнеше келін түсірген енемін. Қызға жасау беру – ата-бабаның жолы. Одан жаңылу, басқамен алмастыру дұрыс емес. Қазір «екеуара келісіпті», «дүниені үй алған соң алатын болыпты» деген сөздерді жиі естіп жүрміз. Тіпті бір қызымды ұзатқанымда құдағайым: «Апа, менің дүния қабылдайтын жағдайым жоқ. Балаларға осы үйдегі заттар да жетеді», – дегені бар. Шошып кеттім. Жағдайын түсінсем де: «Менің ағайын-туысым бар. Баламның керегін алып беру аналық парызым. Оны орындамай қалай ұйқым келеді. Ал қайтаратын кәдені беру, бермеу өз еркіңде. Мен міндетімнен құтылып отырайын», – дедім. Өзімізді де әке-шешеміз байлыққа малындырмаса да, сол тұстағы дәстүрмен ұзатты.
Жасау – жас отауға көмек, балаға ата-анасын ұмыттырмайтын, үй болуға ұмтылдыратын ынталандырушы. Өз хал-қадірімше қыздарыма жасау бердім. Енді немерелеріме де дайындауды Алла нәсіп етсе деген тілегім бар.
Әсел БАХТИЯР:
– «Жасау» дейсіз бе? Иә, мамам ескі сандықты «ата-анамның көзі» деп тастағысы жоқ. Ал ол еурожөндеуден өткен үйдің интерьерін бұзып тұрғанын білесіз бе?.. Мен әлі тұрмыс құрған жоқпын. Бірақ әпкелеріме сондай бір заттарды алып, ағайындар басқосуы болып жататынын бірнеше рет көрдім. Ыдыс-аяқ, шаңсорғыш, кілем, келушілердің әкелген кейбір талғамсыз заттары, «кезекшілікте» жүретін қытай маталарынан дайындалған киіт... Олар кімге керек? Қыз барған соң бөлек шықса жақсы, ал ата-енесімен тұратын келінге артық заттың не керегі бар. Оны қайын сіңлі, қайын апа, тағы сол сияқты туыстарына таратып, жақындары ханталапайға түскендей қалағанына қол сұғып жатады. Қаланған зат қыздың ең сүйікті заты шығар, оны қимас жақыны берген шығар. Оған ешкім көңіл қойып жатқан жоқ.
Сосын бөлек шықпаған келіннің бұйымдары ескіріп қалады. Неге біз ата-анамызды шығынға батыруымыз керек. Мен одан да барлық жақындары жиылып, пәтер сыйға тартса не шетелге жолдама алып берсе дұрыс болар еді деп ойлаймын. Тұрмысқа шыққан қыз енді алысқа ұзай алмайды. Жолдама күйеуі екеуінің қарым-қатынасының түзілуіне үлесін қосар еді. Ал пәтер – құнын жоймайтын капитал. Келген жерінде үй болса, қажет кезінде сатып жібере алады. Не баласына сақтай алады. Қазіргі қыздардың барлығының талғамы жоғары. Оған басқалардың берген заттары түкке керегі жоқ. Жұрт не десе, о десін. Мен жасаумен ұзатылмаймын. Өзіме керекті затты өзім жинаймын. Себебі, қиналып таппаған табыстың құны болмайды.
Түйін.
«Дүние – іріп-шіритін құйын, сыйластық – артар сыйың. Өмірде араз болғаннан жоқ қиын» деген тәмсілді халқымыз соңына текке қалдырмаған. Деректерге зер салсақ, елімізде әрбір төрт ажырасушының үшеуінің басты «себебі» қыз жасауынан, оны даулаудан туындайды екен. Бұл – өз алдына үлкен мәселе.
Ал қалыңдық қыз «Итаяғым алтыннан болмады» деп орынсыз қынжылатын аңыз кейіпкеріндей күй кешіп, шаш-етектен шығынға батырып, ата-ананың парызын үлкен көлемді қарызына айналдырып жүргенін ұғына ала ма? Екі жақты пікірді тоғыстыратын алаңнан әркімнің түйгені әртүрлі. Біздің ұғынғанымыз, жасау – бақыттың бастауы емес. Ойымызды хакім Абайдың:
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан қапы қалма, – деген сөзімен түйіндегенді жөн көрдік.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА