Іскер әйел – кәсіпкерлер форумы
Шағын және орта бизнес саласында 93 мыңнан астам облыс тұрғыны жұмыс істейді. Бұл экономикалық белсенді жұмыспен қамтылған халықтың үштен бір бөлігін құрайды.
Кеше өткен форумға өңірлік қаржы ұйымдарының және мемлекеттік органдардың басшылары мен кәсіпкер әйелдер қатысты. Іс-шара аясында іскер әйелдер өз өнімдерінің көрмесін ұйымдастырды.
Форум аймақта екінші рет өткізіліп отыр.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бүгінгі таңда республика бойынша кәсіпкер әйелдердің үлесі 50% - тен асатынын, сонымен қатар шағын және орта бизнес кәсіпорындарының 60% - тен астамын әйелдер басқаратынын атап өтті.
– Бұған, әрине, мемлекеттің кәсіпкерлікті дамытудағы жан-жақты қолдаулары, яғни мемлекеттік, үкіметтік және өңірлік бағдарламалардың, сондай-ақ қаржы институттары мен «Даму» қорының түрлі бағдарламалары өз септігін тигізуде. Оның ішінде, 5 млрд теңге мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылай емес қолдауға, қайтарымсыз гранттар беруге және шағын несиелермен қамтамасыз етуге бағытталуда. Айта кету қажет, біз жыл басынан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қаражатын күтпей-ақ, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы микрокредиттер беру үшін облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлдік. Қазірдің өзінде орталықпен жалпы құны 522 млн теңгені құрайтын 106 жоба қаржыландыру үшін мақұлданды. Оның ішінде, әйелдердің үлесіне жалпы құны 112 млн теңгені құрайтын 26 жоба тиесілі,- деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі биылғы жылы ауыл жастары мен көп балалы аналардың бизнес-жобаларына басымдық берілгенін атап өтті.
«Жобаларды қаржыландыру бойынша қолдау ғана емес, әкімшілік кедергілерді азайту бойынша жұмыстар да жалғасуда. Нәтижесінде кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың үлесі 22-ден 26% - ке дейін артты. Ал шағын және орта бизнес саласында 93 мыңнан астам облыс тұрғыны жұмыс істейді», – деді өңір басшысы.
Форумда кәсіпкер әйелдер өз жетістіктерімен бөлісті. Мәселен, өңірде сұлулық индустриясын дамытуға үлес қосып жүрген Динара Алмусаева төрт жылдан бері осы кәсіппен айналысады. Осы уақыт ішінде ізденуден, еңбек етуден талмаған ол аймақта сұлулық салонының екі филиалын ашып, 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнан бөлек, 600 шәкірт тәрбиелеген.
Ал, «Мансап» жеке мектебін ашқан Наталья Мишукованың тәлім ұясы бастауыш сыныптарға және мектепке дейінгі білім беруге арналған. «Кәсіпкер болу оңай емес. Әсіресе, ұрпақ тәрбиелеу ісі болғандықтан үлкен жауапкершілік екенін сезінемін» дейді ол.
Қызмет көрсету саласында әсіресе тағам дайындаудың жауапкершілігі зор. Бұл тазалық пен мінсіздікті, шеберлікті қажет етеді. Үш жыл бұрын өзінің шағын кулинариясын ашқан Айгүл Борамбаева өңірдегі «Рестораторлар мен кондитерлер қауымдастығының» төрайымы. Қонақжай халықтың дастарханын қалай дайындау қажеттігін жетік меңгерген. Ол, сондай-ақ, маман дайындауда шеберлік сағаттарын жиі ұйымдастырып келеді.
Форумда кәсіпкерлікті дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлер тыңдалып, бірқатар белсенді кәсіпкер әйелдерге облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.
Атап өту қажет, 2017 жылы аймақ басшысының бастамасымен «бір өтінім» қағидаты бойынша 70-тен астам қызмет түрін көрсететін «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» құрылды.
2018-2020 жылдар аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы ретінде жарияланды. Бұл бірден үш маңызды мәселені шешуге мүмкіндік береді: салық базасын ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын құру және өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайды жақсарту.
2018 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысы бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасаған үздік облыс деп танылып, Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаев облыс әкіміне «Алтын сапа» сыйлығын табыстаған болатын.