Жұрт неге жүйкелеп жүр
Бүгінде екінің бірі ашушаң. Қит етсе, «Жыныма тимеші», «Жүйкемді тоздырмашы» деп, бірін-бірі жағасынан алуға құмар. Бұл, тіпті, бесіктен белі шықпаған балаларға да тән ауруға айналды. Оның басты себебі неде? Жүйкесі жұқарып, күйзеліске ұшырап жүргендер кімдер? Әлемдегі ең қауіпті аурулардың қатарында тұрған бұл сырқаттың негізі себебі неде? «Айқын» жауап іздеп көрді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, 2030 жылға қарай депрессия зардабын тартатындар саны екі есе өсіп, 40 процентке жетеді. Тіпті кейбір сарапшылар психикалық ауытқулардың адамзат қасіретіне айналуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Депрессия ауруы – әлемде жүрек-қан тамырлары мен онкологиялық аурулармен қатар тұрған сырқат. Бүгінде осы күйзелістен 350 млн адам зардап шегеді. Бір ғана АҚШ-тың көретін шығыны жылына 200 млрд доллардан асып түседі. Ал ғаламдық шығын триллион долларға жетіп жығылады. Жалпы, күйзелісті адам психикасының бұзылуы деп алуға болады. Былайғы кезде мән беріп қарамауымыз мүмкін, бірақ бұл кәдімгідей қауіпті аурулардың қатарына жатады. Өйткені адамның жүйке жүйесінің әлсіреуімен, күйзеліске түсуімен ойнауға болмайды. Ол адамның кейде өзін жазықты сезінуінен, себепсіз қорқуынан, жағымсыз көңіл күйден білінеді. Сол сияқты керісінше адамның әлденеден қанағат алу қабілетінен айырылуынан, ерекше оқиғаларға селт етпеуінен, не қайғырып, не қуанып, эмоциясын білдірмеуінен де білінеді екен. Күйзеліске ұшыраған адамның бір нәрсеге назар аударуы, ерік-жігерін жинауы да қиын. Мамандар бұл дертке адам себепсізден себепсіз ұшырауы мүмкін екенін айтады. Алайда өзінің қосылған ортасы, өмір сүру салты да белгілі бір деңгейде өз әсерін тигізе алады. Әсіресе, соңғы 50 жыл ішінде күйзеліске ұшырағандардың саны көп. Ғалымдардың сөзіне сенсек, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан кейін дүниеге келгендер арасында бұл дерт өршіп кеткен. Әлеуметтік себепті айтпағанның өзінде бұған жаһандану мен ақпараттық заманның да өз әсері бар екен. Әсіресе, өндірістің автоматтандырылуынан кейін бұл дерт әлеуметтік сипат алған. Бұрын адам өзі қолымен істеген жұмыстың жемісін жейтін еді. Оның наны тәтті еді. Алысқа бармай-ақ ауылшаруашылық саласын алайық. Адамдар өздері егін егіп, мақта теріп, өздерінің төккен терінің өтеуін қолымен сезіп, рақатын көріп келді дейік. Қазір қалай? Энергия алатындай жұмыс күші азайды. Кеңседен шықпайтындар үшін жұмысының мәні мен мағынасы жоқ сияқты. Бұл жұмыс жойылса да одан ешкім зардап шеге қоймайтындай еңбек түрі басым қоғамға айналдық. Бары мен жоғы бірдей жұмыс көбейіп, адамның еңбек күшін қажет ететін жұмыс азая бастағанда бұл құбылыстың орын алуы заңдылық екен.
Не дейсіз?
Ерік БАЙЖҮНІСОВ, Медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары: – Иә, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын 300 миллионға жуық адам депрессиямен бетпе-бет келеді. Сондықтан онымен ойнауға болмайды. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, күйзеліске ұшыраған әрбір төртінші адам суицидке бейім болады. Біз де осы жан күйзелісінен туындайтын проблемаларды болашақта емес, қазірден бастап шеше бастауымыз керек. Өкінішке қарай, біздің елде депрессиямен ауыратындардың нақты саны белгісіз, керек десеңіз, шамалайтын статистика да жоқ. Бірақ өзіңіз айтқандай, жұрттың жүйкелеп жүргені де рас. Оған қол қусырып қарап отыратын болсақ, зардабы ауыр болады. Әрине, бізде әртүрлі профилактикалық шаралар жүргізіледі. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің өсуіне байланысты дәл осы топқа арналған іс-шаралар жүргізіліп жатады. Бірақ депрессия жас таңдамайды. Елімізде суицид өлім-жітімге түрткі болатын себептердің «бестігіне» кіреді. Былтыр еліміз бойынша 3 644 адам өз-өзіне қол салған. Қасіреті сол, оның басым бөлігі – ересектер. Оған жол апаты немесе басқа да бақытсыз жағдайлар арқылы суицид жасауға бел буған, бірақ белгілі бір себептермен онысы іске аспай қалған 3 500 адамды қосыңыз (жасырын суицид – ред). Әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар институтын енді ғана қолға алып жатырмыз. Шын мәнінде, осы қызметтерді әрбір адамның пайдалануына толық жағдай жасалуы тиіс. Ілкіде күйзеліс әлеуметтік проблемалардан, тұрмыс тауқыметінен туындайтын ауру болып саналатын еді. Технология заманы оның да өңін өзгертті. Қазір депрессия жағдайы жақсы адамдарға тән бола бастады.
Төлеуғазы БҰҚАШОВ, Психикалық денсаулық медициналық орталығының дәрігері: — Елордада мұндай аурумен ауыратындардың саны шамамен 10 мыңнан асады. Бұл – жан күйзелісі. Ал жанның ауруын адамдар медициналық мәселе деп ойламайды. Науқас депрессиядан өздігінен шықса да, бәрібір оған медициналық көмек керек. Біздегі менталитет бойынша, біз дәрігерге сенбейміз немесе елдің сөзінен қорқамыз. «Бас жарылса бөрік ішінде» деп жүре береміз. Керісінше, «Жолым болмады», «Жолымды ашып береді» , «Ішіме жын кіріп кетті» деген сеніммен бақсы-балгерлерге баруды жөн санаймыз. Сөйтіп, көп уақытымызды өлтіріп аламыз. Ауру туралы, нақты айтсақ, оның түрлері өте көп. Бірақ біздің елде ең көп белең алғаны – депрессия. Ондайларды біздегі реабилитациялық орталыққа жөнелтеміз. Шеберханаға апарып, арт-терапиямен шұғылдандырамыз. Тігіншілікке, ағаш жонуға, ән айтуға үйретеміз. Осылайша, көңілдерін басқан уайымнан арылтуға көмектесеміз. Енді біреулерінікі – желікпе синдром. Бұлар, керісінше, ұшқалақ, еш нәрсенің байыбына бара бермейтін жеңілтек келеді. Енді біреулері бар, көздеріне түрлі бейнелер елестейді. Медицина тілімен ондайларды галлюцинация деп атаймыз. Елестер сол адамға әлдекімді өлтір, ұр, соқ, қират деген сықылды бұйрықтар береді. Сондықтан мұндай халдегі жандардың қоғам ортасында болуы қауіпті. Психикалық дерттің тағы бір себебі айналадағы әлеуметтік жайттарға байланысты. Әсіресе, қомақты ақшаға тірелгенде, көп кісілер дәрменсіз қалыпқа түсіп, тез жүнжіп кетеді.
Ерлан БОШАЙ, психолог: — Қазақстанда тұрғындардың 11 пайызы жан күйзелісіне ұшыраған. 18-ақ млн халқы бар Қазақстан үшін бұл аз емес. Қазір екі адамның біреуі «Жүйкемді тоздырмашы» деп сөйлейді. Иә, рас, бүгінде жүйкелеген жұрттың қарасы қалың. Оның түрлі себептері бар. Ең негізгісі ретінде мынау үлкендер түгілі титтей балалардың да қолынан түспейтін ойыншыққа айналған телефонды айтсақ болады. Оның зияны шаш етектен. Ол балалардың денсаулығына кері әсер етеді екен. Есте сақтау қабілеті нашарлайды. Танымдық қабілеті төмендейді. Бойды сүлесоқтық пен бойкүйездік билейді. Балалардың көбісі ашушаң, шаршауық, жүйкесі тез құриды. Ал ұялы телефонмен ұзақ сөйлесетін балалардың жүйкесі жұқарып, депрессиялық синдромға ұрынуы жиілейтін көрінеді. Адамдар пойызда, лифт ішінде телефонмен сөйлесіп жатады. Ең зияны да осы екен. Әсіресе, жастар қазір алаңсыз қалта телефонына таңылған, қолдарынан бір тастамайды, құлақтарынан түспейді. Түнде құшақтап ұйықтайды. Әйтеуір тыным жоқ. Бұл адамға білінбегенмен, жүйкесіне үлкен салмақ түсіріп жатыр. «Бүгінгінің балалары ашушаң» дегеннің себебін тек осыдан көрсек болады.
Ләйла РУСЛАН