Ипотека жайлы 16 құпия
Қалада жүрген көп қазақтың пәтері жоқ. Үй жалдап тұрамыз. Мерзімі жеткенде, тырысып-құрысып қожайыны кеп тұрады. Тиісті теңгесін санап бересің. Ақшаңнан қағылған сайын, қиялға берілесің. Осы неге ипотекаға үй алмасқа? Сөйтер болсам, бұл ақшам, біреуге емес, өз үйіме құйылар еді,-деймін ғой баяғы.
Бірақ, бір мәселе бар. Банк үйдің 30 пайызына жетер ақша сұрайды. Талайымыз, сол сол межеге жету үшін тыраштанып жатырмыз. Бірді-екі адам тауып та қойған болар? Олай болса, мынау мақала сол кісілерге арналады. Бірден айтайық. Межеге жетер ақша таптым. Қалғаны енді жеңіл болады,-десеңіз, қателесесіз. Ипотеканы рәсімдеп, үйге кіргеннен бастап бұрынғыдан да қиын мәселелер басталады. Ол қандай мәселелер? Қалай ұрынбауға болады? Төменде тізімін жазып, тәптіштеп түсіндірген болдық.
6 айға жетерлік ақша қорыңыз болмаса, ипотека алмаңыз. (Бұл минимум!)
Алыс жолға артық бір дөңгелек алып шығамыз ғой. Бұл да сол секілді, алдын ала сақтану үшін керек. Экономистердің дерегінше, әр 10 жыл сайын, кез-келген отбасында, бір қайғылы жайт боп тұрады екен. Мысалға, әулеттегі ең жақын адамы қайтыс болуы мүмкін. Яки болмаса адам ауырт дертке шалдығуы, ажырасуы, жұмыстан шығып қалуы, жол апатына ұшырауы мүмкін. Осындай оқыс жағдайларда, адамға әжептеуір ақша керек болады. Емделу үшін немесе келесі жұмысты тапқанға дейін теңге керек. Жоқ екен, банк сіздің жағдайға кірмейді. Нанға ақша таба алмай жүргенде, ипотекаңыздың үстіне пайыздар қосыла береді, қосыла береді. Мұның соңы, үйді тартып алумен аяқталуы кәдік.
Ешқашан ипотеканы доллармен немесе шетелдік валютамен алмаңыз
Сіз жалақыны теңгемен аласыз ба әлде доллармен табасыз ба, ол маңызды емес. Қазақстанда үйдің бағасы теңгеге байланған. Ал теңге – соңғы кезде қатты құбылып жатқанын білесіз. Мәселен сіз айлықты теңгемен аласыз, бірақ ипотеканы доллармен рәсімдедіңіз делік. Теңге құнсызданып, доллардың құны ғарышқа кетсе, сіз үйден ғана емес, отбасыңыздан да айырылып қалуыңыз мүмкін. 2008 сосын 2015 жылдары теңге тентірегенде, талай әулеттің шаңырағы шайқалғаны еді…
Ешқашан ипотеканы 10 жылдан арыға алмаңыз
Сізге банк 15 жыл, 20 жыл керек десеңіз 30 жылдық ипотекаларды қуана-қуана ұсынатын болады. Неғұрлым жылы ұзақ болса, соғұрлым айына төлейтін соммаң аз болады,-деп сендіреді. Рас айтады. Бірақ, сіз айына төлейтін ақшаның көлеміне емес, соңыра банкке неше миллион беретініңізді есептеңіз. Мәселен, 30 жылға несие алсаңыз, сіз 3 үйдің бағасын төлейтін боласыз. Бұл сізге қажет пе?
Ұзақ жылдық ипотеканы, ертерек жауып тастаймын деген уәдемен несие алмаңыз
Экономистердің айтуынша, қарыз алушылардың 97% несиені ертерек жаба алмайды екен. Рас қой. Адамның қолына басы артық ақша түсе қалса, сол заматта жаңа жоспар, жаңа қажеттіліктер пайда бола қалады. Мәселен кейбіреулер көлігін жаңартқысы келеді, енді біреулер демалысқа шығады дегендей. Сондықтан, жылдам жауып тастаймын деген бос арманға алданбаңыз.
Пайыздық мөлшерлемесі өзгермелі ипотекаға жоламаңыз
Мысалға банктің мөлшерлемесі 1%-ға өзгерді дейік. Алып бара жатқан ақша емес сияқты. Бірақ, 5 миллион қарызыңыз, 10 жылдан соң 50 миллион теңгеге көбейіп кетеді. Қысқасы, пайыздың мөлшері өзгереді дегенді естідіңіз екен, ондай ипотекаға жақындамаңыз.
Кредитіңізді қайта қаржыландыруға рұқсат бермейтін ипотекадан аулақ болыңыз
Уақыт өте, кейбір банктердің несие пайызы төмендеуі мүмкін. Сол кезде, әлгі мекемеден арзанға қарыз алып, кредитіңізді жауап тастай аласыз. Ал, оған рұқсат бермейтін банкке тап болсаңыз, барлығы несесін өте аз пайызбен төлеп жатқанда, сіз баяғынша еселеп төлеумен боласыз.
Мысалға, бұрынғы қарыздан 1 пайызға арзандау кредитті алып, жауып тастадыңыз делік. Сонда сіз, 10 жылға алған 5 миллион қарызыңызды төлеу кезінде, жылына 50 мың теңге үнемдейтін боласыз. Ыңғайлы ма? Олай болса, қайта қаржыландыруға рұқсат беретін ипотеканы іздеңіз.
Барлық банктердің ұсыныстарымен танысып шықпай, ипотека рәсімдемеңіз
Сіз жалақыны белгілі бір банктің карточкасы арқылы алатын болсаңыз, сол мекеме сізге көбінде «ұтымды» ұсыныстар айтып, сыртқа шығармауға тырысады. «Басқа банктерден қарағанда, біздікі 2% арзан» деп қызықтырып бағады. Ерінбеңіз, басқа банктерде қалай, аралап көріңіз. Сіздің бір сәттік еріншектігіңіз, кейін өте үлкен ақшаға татуы мүмкін. Шешімді бірден қабылдамаңыз, ешкімнің әсіресе банк қызметкерлерінің кеңесіне құлақ аспаңыз. Дұрысы, қаржылық сауаты бар, дос-жаранмен ақылдасыңыз. Банктерді аралаңыз, мейлінше көп ақпарат жинаңыз. Дұрыс таңдау, ертең сіздің миллиондаған теңгені үнемдеуіңізге себеп болады.
Дағдарыс уағында ипотека алмаңыз
Дағдарыс басталғанда, ұстанатын екі алтын ереже бар. 1) Қарыздардан қандай жолмен болса да, тез құтылуға тырысу. 2) Қиналып қалмау үшін, қор жинау. Дағдарыс уағында жылжымайтын мүліктің бағасы төмендейді. Бірақ оны сатып алатын адам болмайды. Себебі көп жұрт жұмысынан айырылады, өмір сүру қиындайды. Мәселен, кризис басталғанда сіз 10 миллионға үй алсаңыз, келесі жылы ол 8-7 миллионға дейін құны түсіп кетуі кәдік. Бірақ, сіз, банкке 10 миллионның қарызын төлейтін боласыз. Сол себепті, әліптің артын бағыңыз. Дағдарыс жаңа басталғанда ипотекаға жүгірмей, күтіңіз.
Құрылыс, жөндеу жұмыстары күтіп тұрғанын ұмытпаңыз
Ипотека алдым, үйге бірден кіріп алдым,-деген болмайды. Пәтерді әрлеу керек. Керек-жарақты кіргізу керек. Ал оның барлығы ақша. Өмірінде бір рет болсын пәтеріне жөндеу жұмыстарын жүргізген адам, қағаздағы нобай мен шын өмірдегі шығынның екеуі екі түрлі боларын біледі. Мәселен, 60 шаршы метрлік үйді жөндеу үшін 300 мың теңге жеткілікті деп ойлайсыз. Жұмыс басталғанда, 800 мың теңгенің өзі жетпей қалады. Олай болса, осы жөндеу жұмыстарына керек ақшаны алдын ала дайындап қойыңыз.
Ипотекамен қоса, басқа да төлемдері 25% жоғары болса, ондай несиені алмаңыз
Банк сізге 40%-дық несиеден қорқудың түгі жоқ. Барлық жерде солай,-деп сендіруге тырысады. Бірақ, мұндай ипотеканың еш пайдасы жоқ. Ең көп дегенде, 20-25% несиені алуға тырысыңыз. Неге? Өйткені, өмірде түрлі жағдай болады. Ол кезде, 40 пайыздық түрлі төлемдері бар, ипотеканы қалай өтейсіз? Қысқасы: Егер, сіздің отбасылық табысыңыз (салықты алып тастағанда) айына 1,500 доллады құраса, ипотеканың төлеуге тиісті қарызы 125 мың теңгеден артық болмауы керек.
Тұрақты жұмысыңыз болмаса, ипотека алмаңыз
Лауазымыңызды өсіруге, мейлінше қымбат жалақылы жұмыс табуға барыңызды салыңыз. Сонда ғана, ипотеканың қарызын ай сайын төлеп тұруға мүмкіндігіңіз артады. Әсіресе, бұл – бір ғана адамы жұмыс істейтін отбасыларға құлаққағыс.
Өміріңізді сақтандырмай ипотека алмаңыз
Иә, тағы да қайталап айтамыз. Өмірде түрлі жағдай болуы мүмкін. Құдай сақтасын, жазым болуыңыз немесе жұмыс істеу қабілетінен айрылуыңыз мүмкін. Ол кезде, ипотеканың қарызын төлеу жұбайыңызға міндеттеледі. Егер, сіздің зайыбыңыз жұмыс істемейтін болса, онда… Айтпаса да түсінікті шығар?! Сол себепті, түрлі оқыс жайттардан өміріңізді сақтандырыңыз. Қайғылы жайтқа тап болғанның өзінде, қарызды белгілі уақытқа дейін төлей алатын мүмкіндік болады.
Ескі үйден және тозығы жеткен аудандардан пәтерді ипотекаға алмаңыз
Көне аудандардың үйлері, жыл өткен сайын бағасы төмендей береді. Бір уақыттарда, жаңа, жақсы ауданға көшпек болсаңыз, (бірнеше балалы болу, дәулеттің артуы, жұмыс орнын ауыстыру) ескі үйіңізді сата алмай әуре боласыз. Сатқанның өзінде, түскен ақшамен ипотека қарызының жартысын да жаба алмауы мүмкін.
Алдағы 5 жылда бұл қалада тұруды жоспарламасаңыз, ипотека алмаңыз
Әрине, алдағы жылдарды болжап білу мүмкін емес. Бірақ, сіз немесе әйеліңіз жаңа жұмыс табылып, басқа шаһарға кетпек болсаңыз, ипотеканы рәсімдеуден абай болыңыз. Әй, біреуге жалдауға беріп кетемін. Соның ақшасымен несием жабыла береді,-деген есек дәмеге алданбаңыз. Мәселен, банкке ай сайын 120 мың теңге төлеуіңіз керек делік. Осы соммаға 1 немесе 2 бөлмелі үйіңізді, ешбір жихаз-жабдықсыз өткізе аласыз ба? Әй, қайдам. Қазіргі «квартиранттар» тым талапшыл. Сатып кетем деген арманыңыз да адыра қалады. Себебі, ипотекадағы үйдің құны, былайғы пәтерлерден қымбат болады.
Ипотеканы мақтаныш үшін алмаңыз
Жұрт бай екен деп ойласын деген ниетпен, қымбат пәтерге жүгірмеңіз. Дос-жаранның алдында кеуде керем деп, қарыздың тұңғиығына батып кетесіз. Біреудің алдында қалай көріну маңызды емес. Үй өзіңізге ыңғайлы, жаңа болса, жетіп жатыр. Біреу үшін өмір сүрмеңіз.
Үйдің жылдық төлемі – сіздің жылдық табысыңыздан 2,5 есеге артық болса, мұндай ипотекадан бас тартыңыз.
Жаңадан үйленген болсаңыз, ипотека рәсімдеуге асықпаңыз
Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ Қазақстандағы мәліметтер жақсы емес. 100 некенің 40 ажырасады деп жатыр. Әйеліңіз төркінен кетер, ал ипотеканың қарызы ешқайда кетпейді.
Қорытынды орнына. Өз үйім – өлең төсегім деген. Иә, әрқайсымыз өз үйіміздің болғанын қалаймыз. Осы мұратқа жетуге ипотека көмектесетіндей көрінеді. Алайда, пәтерді қарыз ақшаға алар алдын көп ойланыңыз, есептеп барып, шешім қабылдаңыз. Әйтпегенде, сіздің армандаған үйіңіз сізді ұзақ жылға қарызға қамап тастайтын түрмеге айналуы мүмкін.
Нұрбек БЕКБАУ “7”