21 000 теңге жәрдемақы тағайындауда отбасының малы есепке алына ма?
ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова табысы аз көпбалалылардың әр баласына 21 мың теңге жәрдемақы тағайындауда жеке шаруашылығы бар отбасының табысы қалай есептелетінін айтты.
Вице-министрдің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде жеке шаруашылықты есепке алу мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне берілген.
Негізі, заң бойынша атқарушы органдар жеке шаруашылықты кіріс ретінде санай ма, жоқ па, оны өздері шешеді. Ондай құқық атаулы әлеуметтік көмек туралы заңның 7-бабында берілген. Бүгінде бір ғана облыс жеке шаруашылықты кіріс деп санамайды. Бірақ қай аймақ екенін айта алмаймын. Жалпы, жеке шаруашылықтың кірісін бағалау нормативтері бар. Мысалы, сиыр ет берсе, осыншама табыс береді. Сүт қана берсе, осыншама деген сияқты. Сиырды асырау үшін қанша шөп кетеді, мұның бәрі нормативте көрсетілген, – деді Светлана Жақыпова.
Светлана Жақыпованың сөзіне қарағанда аталған мәселе әлі де қайта қаралып, тиісті шешімдер қабылданады.
Мәселен, екі көршіні алайықшы, біреуі 20 сиыр ұстайды. Балалары сүтін ішіп, етін жейді. Ал оның жанында отырған көршінің сиырлары жоқ, балаларына сүт ішкізіп, ет жегізетін жағдайы жоқ. Бірақ жәрдемақыны екеуіне бірдей тағайындаймыз. Бірінші көрші де әрбір баласына 20 мың алады, екінші көрші де әрбір баласына сондай жәрдемақы алады. Осы әділ ме? – деді вице-министр.
Светлана Жақыпова көпбалалы отбасыларға жәрдемақыны тағайындау кезінде бірқатар әлеуметтік төлемақының есепке алынбайтынын да еске салды. Бұл – Президенттің тапсырмасы.
Еске салайық, “Нұр Отан” партиясының XVIII сьезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырған еді.
baribar.kzҮкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек, – деген еді Президент.