Енді тойға әнші шақырылмайды, сөз берілмейді
Енді тойға әнші шақырылмайды, сөз берілмейді, құдалардан басқасы тұрып жүреді, уақыты 120-150 минут
Қуаныш пен шаттықтың, мереке мен берекенің ордасы той десе қазақ қашанда бір иығын беріп тұрады. Той иесінің қуанышына ортақтасуға келген ағайын-туыстың басы осы тойға жиналады. Халықтың қазынасы қазақ тойының бүгінгі келбеті соңғы кездері ел талқысына жиі түсіп жүр. Ереже, формат шеңберіне сыймайтын той-томалақта неше түрлі «ғажайыптар» мен «сұмдықтар» орын алуда. Осы ретте жақында Қазақ Ұлттық Әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясы қазақ тойының жаңа форматын көпшілікке ұсынды. Мұны қаламгер Марат Тоқашбаев Facebook-тегі парақшасында жариялады деп жазады «Рейтинг» басылымы. Толық нұсқасы мынадай:
1. Ең алдымен той уақытын қазіргі 5-6 сағаттан 1,5-2 сағатқа қысқарту үшін тойдың креативті фуршеттік тәсілі ұсынылады.
2. Той тура шақыру билетінде көрсетілген уақытта басталады. Беташардың қысқартылған нұсқасы орындалады. Ең жақын 5-6 адам ғана таныстырылады.
3. Тойда жасы үлкен кейбір адамдарға, құдаларға үстел қоюға болады, жалпы қонақтар түрегеп жүріп, өзі қалаған адаммен сұқбаттасады.
4. Тост болмайды. Оның орнына жас жұбайлар немесе мерейтой иесі сағат тілі бойынша айналып, әр топқа немесе әр үстелге келіп аялдап, өзінің алғысын арнайды. Ешкімге микрофон берілмейді. Топтағы қонақтар өздерінің ізгі тілегін тікелей білдіріп, сыйлығын ұсынып жатады. Тілек-тілдесу 2-3 минуттан аспайды.
5. Асабаның қызметі енді тост беру орнына келген қонақтардың абырой-атағын таныстыруға, олардың сіңірген еңбегін мәлімдеуге бағытталады.
6. Той тамағы халал түрде фуршеттік қазандарда жасалады, әркім не жегісі келсе, тәбеті неге тартса соны өздері барып қалағанын алып жейді. Құрметті қонақтарға ұсынылатын жіліктер алдын ала араланып, шағындалып, арнайы тәрелкелермен әкелініп тартылады. Оны қаласа тұрып, қаласа отырып жеуіне болады.
7. Сусын мен ішімдіктер даяшылар тарапынан разноспен ұсынылады.
8. Тойдың алғашқы бөлігінде бақырып-шақырған қатты музыка болмайды, тек жанға жайлы жұмсақ музыкалық фон ғана болады (Домбыра, қобыз, скрипка)
9. Тойдың екінші бөлігі биге арналады. Әнші жұлдыздар шақыру міндетті емес. Би репертуары тек қазақ эстрадасынан жасақталады. Даяшылар сусындар мен т.б. арнайы тағамдарды үш рет қана ұсынады.
10. «Тойбастар» дәстүрінде қонақтардың бірі ән айтады, той иелері жас жұбайлардың арнайы естелік кәдесыйларын ұсынады.
11. Той үлкен ақсақалдың бата беруімен, той иелерінің алғыс айтуымен аяқталады. Аса салтанатты ұйымдастырылған той 120 минутта, әрі кетсе 150 минутта аяқталады.
Сценарий авторы Марат Тоқашбаев жазбасында былай дейді: Қазақтың бүгінгі тойы жұртты әбден мезі етіп болды. Ол бұдан 60, 70 тіпті 100 жыл бұрынғы тойлардан мүлде бөлекше өтіп жүргені мәлім. Ол кезге қайтып оралмайтынымыз тағы айқын. Қазақтың бүгінгі тойында уақыт пен тамақ – ысырап, децибиллдердің жоғарылығынан қонақтардың өзара әңгімелесуіне мүмкіндік – тапшы, үздіксіз тост пен арақ ішу – жиіркенішті. Тойдың бұл жаңа тәсілі арқылы тойға кешігу жойылады, той уақыты қысқарады, уақытты бағалау артады, адамдар бір-біріне жақын бола түседі, тост айтудан құтыламыз, арақ-шарап тұтыну азаяды, жұлдыздарға тәуелділік кемиді, понт жоғалады, міндет орындалады!».
Расында да «итің жаман» десе өкпелеп қалатын ұлтымыз сөз келмесін деп тойды мінсіз атқаруға тырысады. Бүгінде бай мен кедейдің тойын ажыратудан қалдық. Себебі бай өз қалтасын ал, кедей банктің қалтасын қағады да екі той да хан сарайындай жалтылдаған мейрамханада аста төк дастархан жайылып, атақты әнші-бишілер өнер көрсетеді. Той мерекеге емес жарысқа айналғаны қашан. Оның үстіне теледидарда танымайтын жандардың тойларын дүйім жұртқа көрсетіп, «мынауский» өткен тойларды анықтайтын бағдарламалар көбейіп кетті. Онсыз да бір-бірінен асып түсуге дайын тұратын қазекемдер абырой үшін бар мал-мүлкінен айырылуға да дайын. Сондай-ақ тойдағы қонақтардың ерсі қылықтары, қазақилыққа жат, ұятсыз әрекеттер де жұрттың ызасын тудырғандай. Кешігіп келуді айтпағанда ысырапшылдық, торт кесіп жегізу, жасанды сценарилер секілді кемшіліктерді Сіз де әрбір қазақтың тойынан байқаған боларсыз.
Сіз не дейсіз?
Дүкен Мәсімханұлы, шығыстанушы, филология ғылымдарының докторы, ақын:
Қытайда той ережесін Үкіметтің өзі бекіткен
— Той қазақ қоғамындағы этномәдени және әлеуметтік құбылыстың бірі. Философтар қазақта тойдың көп болуын халқымыздың өмірге деген құштарлығымен байланыстырады. Алайда ұлттық дәстүріміздің келбеті соңғы жылдары мүлдем өзгеріп кетті. Қазіргі тойлардан мән-мағына кетіп, өзара жарысқа айналып барады. Қайбіркүнгі Шымкент қаласындағы тойда құны 179 мың долларлық торт не деген сұмдық?! Бұл мақтаныш емес нағыз дарақылық, жарыместік. Енді кедейлер сол миллион теңгелік тортты аламын деп шапқылайды, жетпесе несие алады. Түптеп келгенде бұл отбасылық берекенің тұрақсыздығына, шаңырақтың шайқалуына алып келеді. Біздер қазір «қарызданып қатын ал, қатының қалар қасыңда» деген мақалды ұстанып қалғандаймыз. Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» деп атап өткен болатын. Той — ұлттық қазынамыз. Елбасы айтқандай оны сақтап әрі жаңғырту қажет. Академияның ұсынып отырған қазақ тойының жаңа келбетін қолдауға болады. Біріншіден той уақытын қысқарту және уақытылы келу, даңғаза музыканың орнына жайлы әуеннің қойылуын қолдауға болады. Сондай-ақ тостсыз-ақ той өткізуге болады. Мәселен Түркияда екі жастың қуанышына келген қонақтар сый-сияпатын беріп, бір кесек торт пен бір кесе шәйін ішіп, бір-екі билейді де қайтады. Бір сөзбен айтқанда уақытты бағалайды. Қытайдағы қандастарымыз бұған дейін тойды тостсыз өткізіп жүрген. Отандастарынан көріп енді олар да сөз сөйлеуге құмартып барады. Алайда жаңа форматта қарастырылған креативті фуршетке қарсымын. Түрегеп жүріп тамақ ішу біздің салтымызға, жалпы ислам қағидасына сай келмейді. Тойды салтымыздың шеңберінен шығармай, алайда бүгінгі заманға сай етіп, бірізділікке түсіру үшін үкіметтің араласқаны дұрыс. Аспан асты елінде билік той ережесін бекітіп тастаған. Оларда қонақтың саны, той шығыны бәрі есептеулі. Той басталарда ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері келіп барлығын тексеріп кетеді. Алғашында бұл ерсі көрінгенімен, халық кейіннен бұл тәртіпке үйренісіп кетті. Өркениетті ел боламыз десек қазаққа да «бетімен кеткен» тойды жөнге келтіру керек.