Қызылордалық кәсіпкер мұқтаж отбасыларға пәтер сыйлады
Қызылордалық кәсіпкер Темірхан Әлімқұлов жомарттығымен жұрттың жылы ықыласына бөленіп келеді. Ол әлеуметтік жағынан мұқтаж екі отбасыға пәтер сыйлап, осылайша өнегелі ісін көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол былтыр Назерке Қадір есімді көп балалы анаға үш бөлмелі пәтер кілтін табыс еткен еді.
Қызылордалық ана жеті баласымен үй-күйсіз жүр екен. Бұл жағдайды кездейсоқ радиодан естіп қалады. «Көліктегі радионы қосып қалған едім. Онда «Жан шуағы» деген хабар болып жатыр екен. Онда қызылордалық жеті балалы әйелдің үй-күйсіз жүргені айтылды. Дереу радиоға телефон соқтым. Мән-жайды анықтап алдым», - деді Темірхан Әлімқұлов.
Көп ұзамай жеті балалы ана үш бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Кәсіпкер бұл жанашырлығын ешкім жариялай қойған жоқ. Жабырқағанның жүзіндегі мұңды сейілтуді азаматтық парызым деп санады. Кәсіпкер биыл тағы бір азаматшаға екі бөлмелі пәтер тарту етті. Мүгедектіктің қиындығын көріп жүрген ол жомарт жүректі азаматтың шарапатын көрді. Кәсіпкер мұқтаж жандарға бұдан да басқа көмек қолын созып келеді. Тұрмысы төмен отбасы балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар алуға да назар аударады. Темірхан Әлімқұлов басшылық жасайтын «СМП-Қызылорда» ЖШС құрылыс саласымен шұғылданады. Шиелі ауданында мектеп салумен айналысты. Сондай-ақ, осы ауданда «Жиделі» топтық су құбырын елді мекендерге қосу ісіне белсене араласты. Қазір Қызылорда қаласындағы дарияның сол жағалауында пәтер салып жатқан компанияның бірі. Серіктестіктің өндірістік қуаты әлеуетті, кәсіби техникалармен толық жабдықталған, 245 адам еңбек етеді. Оның құрамында - лай-бетон дайындау торабы, ағаш құрылымы, механикалық, пластикалық бұйымдар, шағын темірбетон бұйымдарын жасау, қозғалқыштарды орау цехтары, екі бетон зауыты және база аумағында еншілес серіктестік есебінде жұмыс істейтін кірпіш зауыты бар. Бұдан бұрын Қызылорда облысы Шиелі ауданында жергілікті кәсіпкер өз ақшасына ауылдан спорт кешенін салып бергенін хабарлаған едік.
inform.kz