Салық жөнінде сұрақтар туындаса, WhatsApp арқылы жауап алуға болады
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың сұрақтарына WhatsApp мессенджері арқылы жауап береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі МКК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2018 жылдың 19 қарашасынан бастап жеке тұлғалар мүлік бойынша салық, жер телімі және көлік құралына (қарызы немесе аударымы) қатысты өзін мазалаған маңызды сұрақтарға жауапты WhatsApp мессенджері арқылы ала алады. Сұрақтарды жұмыс күндері 8-776-136-41-32 нөміріне таңғы сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін жолдауға болады.
«Біз азаматтардың маңызды сауалдарына жауап беруге тырысамыз. Еске сала кетсек, сонымен бірге мемлекеттік қызметтерге, салық және кедендік мәселелерге қатысты сұрақтарға 1414 нөмірінен жауап алуға болады. Кедендік заңнамаға қатысты «1412» байланыс орталығынан немесе 8-800-080-64-52 нөмірінен сұрап біле аласыз. Бұл байланыс нөмірлері экономикалық салада қылмыс немесе құқықбұзушылық тіркелген жағдайда, сыбайлас жемқорлыққа немесе мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды қызметкерлері тарапынан құқықтан тыс әрекеттер байқалған кезде арыз қабылдайды», - делінген хабарламада.
Салықтық және кедендік сұрақтар бойынша аумақтық бөлімшелердің телефон нөмірлері kgd.gov.kz ресми сайтының «Біз туралы» айдарының «Халықпен жұмыс» бөлімінде жазулы тұр.