Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнегелі өмір иесі

Өнегелі өмір иесі

Шәкең соғыс салқыны басылса да, елдің жағдайы жөнделе қоймаған, 1947 жылдың наурызында Қазалы ауданының Коммунизм селосына қарасты «Жанай» елді мекенінде өмірге келген.
Шамша Айтуғанов ата-анасы, өзінің өмір жолы, «Жанайды» мекен етіп, бұл күндері Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет тетігін ұстап, түрлі салада еңбек етіп жүрген, соғыс жылдары сол мекенге қан мен тері тамған аға ұрпақтар мен ата-бабалары туралы жазған «Жанайым – құт мекенім» атты естелік кітабында: «Соғыс жылдары қолына қару алуға жарайтындардың барлығы дерлік майданға шақырылған. Жасы ұлғайған соң, соғысқа жарамсыз болып ауылда әкем қалады. Ол ауыл тұрғындарына ұйтқы болып, тосыннан келген нәубеттен, қиын-қыстау кезден аман алып қалу мақсатында балық аулап, мал ұстап, егін егіп, аянбай жұмыс жасапты. Әкем Айтуған мен анам Зияда қарапайым, қайырымды рухы мықты жандар болды. Шаршауды білмейтін, жұмыс талғамайтын, отбасына, ағайын-туысқа, жан-жағына мейірім шуағын шашып жүретін. Қолда барын айналасындағылармен үнемі бөлісіп отыратын. Кеңес өкіметінің озбырлығымен жат жерден жер ауып келген кәріс, немістер «Жанайға» да жеткен еді. Ауыл балықшылары оларды еш жатырқамай орталарына алып, азықтарынан бөлісіп ес жиғызған. Солардың бірі – Ли Герасиммен әкем өле-өлгенше дос болып, қатысып кетті. Кейін Қазалы қаласына көшіп келгенде отбасыларымен араласып, қолы қалт етсе іздеп барып әңгімелесіп бір жасап қалып жүретін. Кезінде «Жанайды» паналап, тұрмыстары түзелген соң Қазалы қаласына келіп қоныстанып, аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының шеберханасында ағаш ұстасы болған неміс В.Верфель де сол қиын-қыстау жылдары Айтуған ағам әкемдей еді деп аузынан тастамайтын.
Бозкөл ауылының тұрғыны, шежіреші, марқұм Тілеуберген Төребеков, Ұлы Отан соғысының ардагері, «Даңқ» орденінің иегері Қалмырза Жарманов, Тасарық елді мекенінде тұрған ардагер Әмірбек Шахмаранов, ардагер-ұстаз Ерғали Кәрібаевтар үнемі әкем Айтуғанның ақкөңіл, қонақжай, қайырымдылығы мен еңбекқорлығын, шежірешіл көзі ашықтығын есіме салып отыратын. Ал, анам Зияда ауылда алған азғантай ғана білімімен, көкірек көзі ашықтығымен, еті тірілігімен ауылды аузына қарататын. Өте балажан, ауылдағы аш-құрсақ жүрген бар баланы жиып тамақтандырып жүруші еді. Соғыс жылдары қыз-келіншектерді ұйымдастырып жылы киімдер қолғап, шұлық тоқытқан.
Сондай қиын кезеңде елді ауызбірлікке, имандылыққа, тірлікке шақырып, сөзімен де, ісімен де үлгі болған, елдің есінде қалған ата-анамды қандай құрметке де лайық деп ойлаймын.
Біздің отбасымыз 1952 жылы «Өркендеу» ауылына келіп, нағашыларымыз Жүсіп, Омармен бірге қыстап, келер жылы Қазалы қаласына қоныстанған. Ал, мен 1953 жылдың күзінде №17 қазақ орта мектебінің 1-ші сыныбына оқуға бардым» – деп толғанады.
Үлкен өмірді бетке алып, қалада оқып, өсіп-өнгенімен Шамша «Жанай» елді мекенінде дүние есігін ашқандықтан, кіндік қаны тамған жерге аңсары аумай тұра алмайтын. Бір заманда үйрек ұшып, қаз қонған, қиқулаған құс базары бар, балығы тайдай тулаған сол мекен туралы жиі қиялдайтын.
Мамыражай бейбіт өмірді бұзған соғыс зұлматының қиын-қыстау, аш-аламан кезеңінде табиғат тарту еткен ризығымен талайлардың тағдырына араша түскен құт мекен өзін ұмытуға мүмкіншілік бермейтін. Оқыса да, тоқыса да қызмет тетігін ұстап, азды-көпті жетістікке қол жеткізсе де, тыным таптырмаған туған жер туралы толғаныстың соңы бүгінде елсіз далаға айналған ата қонысты құтты мекен еткен бұрынғы тұрғындардың бұл мекеннің «Жанай» атымен аталғаннан бастап бастарынан кешкен қайғысы мен қуанышы, тірлігі мен бірлігі, өмірге келгені мен кеткені, жоғалтқаны мен жеткені, бүгінгі перзенттерінің туған топыраққа айналып соғып, тәу етіп, ескерткіш қойғаны «Жанайым – құт мекенім» кітабы арқылы кеңінен көрініс тауыпты.
Шамша Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектебін 1964 жылы тәмамдап, орта білім алып шықты. Сол жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің механико-математика факультетіне қабылданды. Алайда отбасының тұрмыстық жағдайына байланыс­ты сырттай оқып, 1971 жылы «Математик. Математика пәнінің оқытушысы» мамандығын алса, 2002 жылы Қазақстандық экономика және құқық институтының сырттай бөліміне түсіп, 2004 жылы Каспий қоғамдық университетінен қаржы және несие факультетін бітіріп, экономист мамандығын алды.
Еңбек жолын 1965 жылдың наурыз айынан Қазалы аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында ағаш ұстасының көмекшілігінен бас­тады. Ал, сол жылдың қыркүйек айынан 1975 жылға дейінгі аралықта аудандық «Ленин туы» газеті редакциясында корректор, әдеби қызметкер, аға әдеби қызметкер, еңбекші хаттары бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы болып жергілікті тұрғындарды ауданның әлеуметтік, мәдени, рухани, саяси жаңалықтарынан хабардар етуге елеулі еңбек сіңірді. 1975 жылдың қаңтарынан Қазалы аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1988–1991 жылдары ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
Шәкең 1991–1994 жылдары Қазақстан Соцпартиясы аудандық комитетінің төрағасы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қазалы аудандық ұйымы басқармасының төрағасы, Қазалы ауданы әкімдігі Тіл басқармасының бастығы, ал 1994 жылдың мамыр айынан 1995 жылдың желтоқсанына дейін Қазалы ауданы әкімінің орынбасары болды. 1995 жылдың 1 желтоқсанынан бас­тап, он бес жыл бойы Қазалы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне басшылық етті.
Ол кезең Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі елімізде жұмыссыздық жағдайы, мемлекеттік қаржының тапшылығынан міндетті әлеуметтік төлемдер бірнеше айлап төленбей тиісті жәрдемақылар берілмей, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандардың, тұрмысы төмен отбасылардың өтпелі кезең қиыншылықтарынан қажи бастаған кезі еді.
Тиісті орындарға ауданның экологиялық апат аймағындағы статусын алға тартқан ол күйзеліске түсіп, үміт күткен халық алдындағы жауапкершілікті терең сезіне отырып жолын тауып, өз еліміздегі және шет елдерден келетін қайырымдылық қорларының көмектеріне қол жеткізді. Соның нәтижесінде мұхиттың арғы жағындағы Америка Құрама Штаттарынан жиырма, қырық тонналық контейнерлермен, сондай-ақ, Финляндиядан азық-түліктерді, су жаңа түрлі киім-кешектерді, басқа да күнделікті тұрмысқа аса қажетті заттарды алдырып, арнайы әлеуметтік бөлме ашып, тұрмыс жағдайы төмендерге кезекпен тегін таратуға мүмкіндік жасады. Қызмет бабымен Астана, Алматы қалаларына іссапар кездерінде ретін тауып, қайырымдылық қорларын жағалап, елдегі тұрмысы төмен отбасыларының қажетті көмекке қол жеткізу жолдарын іздеп тыным таппайтын. Әйтеке би кентіндегі Тоқтар Әбубәкіров көшесі тұрғындарының адам саны, отбасылық жағдайларын зерттеп, сол кездегі Парламент Мәжілісінің депутаты қазақтың тұңғыш ғарышкерінің қабылдауында болып, көмек сұрағанын да әлі ұмытқан жоқ.
Қазақстан Республикасының Оңтүстік Кореядағы төтенше және өкілетті елшісі болған, атақ-дәрежесі бүкіл елге белгілі қоғам қайраткері, қиын кезеңнің өзінде Қазақстандағы 575 мүгедекке коляска-арба сатып алып берген, республика мектептеріне 770 компьютерді тегін сыйға тартқан Дархан Әлиұлы Бердалиевпен байланыс орнатуы Қазалы ауданындағы ондаған мүгедекті коляска-арбамен қамтамасыз етуге, тұрмысы төмен отбасыларды қажетті заттармен қамтуға мүмкіншілік тудырды.
Шамша Айтуғановтың Қазалы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде қызмет еткен жылдары еңбегінің ең жемісті кезеңі деуге болады. Өйткені, елге ортақ еңсені езген ауыртпашылыққа мойымай мұқтаж жандарға көмек қолын созып, алға қойған мақсатына жету жолында кездескен қиындықтарға бой бермей, азаматтық парызына дақ түсірмей абыроймен атқарып шығуы халықпен етене жақын болуының, әкенің қаны, ананың сүтімен дарыған қарапайымдылықтың арқасында жүзеге асты.
Шәкең 2010 жылы құрметті еңбек демалысына шықса да, баспасөз саласындағы тәжірибесі ескеріліп, 2011 жылдың қыркүйек айынан конкурс қорытындысымен «Қазалы» газеті жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директор – Бас редакторлығына тағайындалды. Ал, 2014 жылдың қаңтар айынан 2016 жылдың қазан айына дейін «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты аудандық «Қазалы» газетінің Бас редакторы болып жемісті еңбек етті.
Ұзақ жылдар бойы атқарған түрлі саладағы абыройлы қызметі үшін 1986 жылы «Еңбектегі ерлігі үщін», еліміз егемендік алғаннан кейінгі «Қазақстан Республикасының Парламентіне – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медальдарымен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды. Бұдан өзге, бірнеше мерекелік төсбелгілер, республикалық, облыстық Құрмет грамоталары мен дипломдарын және Қазақстан Журналистер одағы бөлімшесінің, қоғамдық ұйымдардың, облыс, аудан әкімдерінің «Алғыс хаттарын» иеленді. Кезінде аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық Кеңес депутаты болды. 1974 жылдан КСРО Журналистер одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қиындығы мен жауапкершілігі әрқилы, әрқайсысы білімділікті, ұйымдастырушылық қабілетті, халықтың әлеуметтік, саяси ахуалы туралы дер кезінде дұрыс шешім қабылдай білетін біліктілікті қажет ететін түрлі салада қызмет ете жүріп, Шамша Айтуғанов шығармашылық жұмыстан да қол үзбеді.
Аудандық, облыстық, республикалық мерзімді баспасөз беттерінде мақала, очерк, публицисти­калық туындыларға үздіксіз жарияланып келеді.
Қазалы ауданындағы тұрмысы төмен, мүгедек жандарға асқан дархандықпен қамқор қолын созған, сонымен бірге, Алты алашқа белгілі халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының атындағы 1000 адам сиятын, 150 орындық асханасымен, діни қызметкерлерге арналған жеке бөлме, компьютерлермен, өзге де толып жатқан керек-жарақтармен жабдықталған зәулім мешіт ғимаратын салып берген Дархан Бердалиев туралы «Қазалы» газетінде жариялаған «Жүрегі жомарт, пейілі кең Дархан» атты эссесі оның журналистік қабілетінің қарымдылығын айқын байқатады.
Әр жылдардағы баспадан жарық көрген «Қаракесек Ақайұлы Ақтай батыр», «Ұлысқа ұран болған Ақпан баба», «Ақша бұлтты Ақтан батыр», «Жанайым – құтты мекенім», «Ақтан батыр» кітаптары елін, жерін қорғауда бастарын бәйгеге тіккен бабалар әруағын қастерлеудің, туған жердей киелі мекенді қадір тұтудың, еңбек етуді, бірлікті, тірлікті, татулықты, адамгершілікті дәріптеудің айқын айғағы.
Шәкеңнің жұбайы Гүлшат Сейтімқызы Дауылбаева да бұл күндері зейнет демалысында. Жоғары білім алып мемлекеттік қызметтерде, ғылым жолында абыройлы еңбек етіп жүрген төрт баласынан бес немересі бар.
Өзінің өмір жолында Шамша Айтуғанов перзенттік парызына адал болды. Қызметтің қай саласында да еңбекқорлығымен, талапшылдылығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, үлкенмен де, кішімен де, ханмен де, қарамен де жатсынбай тіл табыса алатын кішіпейіл қарапайымдылығымен елдің де, кейінгі толқын қызметтестерінің де есінде жақсы атымен қалды. Мұндай құрмет кез келген жанның еншісіне бұйыра бермейтін бақыт екені анық. Сонымен бірге оның өмір бойғы ұстанымы – бақталастық, көре алмаушылықтан туындайтын шексіз әділетсіздікке төзбей көзіңше күле қарап, айнала беріп сыртыңнан ғайбат әңгіме айтушылармен күресу, қарамағындағы қызметтестері мен жастарды өтірік айту мен өсек-аяңнан, адамға қиянат жасаудан бойын аулақ ұстауға тәрбиелеу болып келеді.
Сондықтан да бүгінгі күні жетпіс деген жемісін күтетін мәуелі жасқа асып-тасып желпінбей де, алқынбай да байыппен жетіп отырған Шәкеңнің өнегелі өмір жолының ұрпақ тәрбиесіне тигізер ықпалының зор екеніне күмән жоқ.
Әлімжан ҚИЯС,
Әйтеке би кенті.
09 қаңтар 2018 ж. 2 242 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930