Бұғауға көнбеген баукеспелер
Кент орталығындағы ағайынның шақыруымен шаңырағындағы тойына бара қалғанбыз. Көпшілік жиналған жер әңгіме-дүкенсіз болушы ма еді.
Кең бөлменің төріне жайылған дастарқан үстінде ауылдан келген ақ сақалды қария көңілінде жүрген көкейкесті ой ұштығын шығарды.
– Осы күні заман азған ба әлде адамның пиғылы бұзылып бара ма, білмедім, – деді ол жағалай отырғандарға. – Олай дейтінім, қазір ауылдық жерде даланың тағысы қасқырмен бірге адамның «қасқырлары» да көбейіп кетті. Бұл күндері кеңес өкіметі кезіндегідей емес, мал басын көбейтемін деген азаматтарға ешқандай да тыйым, қысым көрсетілмейді. Ауылда бұрынғыдай жұмыс орны жоқтықтан күнкөрістің басты көзінің бірі мал бағып, оның санын көбейту болып тұрғаны белгілі. Мұны Елбасының өзі де қызу қолдап, ауыл еңбеккерлеріне жағдай жасау жөнінде әртүрлі қолдау көрсетіп келеді. Барлығы да құптауға тұратын жағдай. Арамызда мал басын молайтып, сол арқылы тіршілік етіп бала-шағасын асырап отырған азаматтар шыға бастады.
Алайда сондайлардың табан ет, маңдай терімен жиған адал несібесіне көз алартып, қол сұғатындар бар. Олар жымын білдірмейтін жылпостар, ұрлық жасаумен айналысатындар. Біздің ауылда сексенді алқымдап қалған ағайын-туыс, көрші-қолаңына сыйлы ақсақалымыз бар. Оның ұл-қыздарының бәрі де өз алдына үй болып кеткен. Қолында үйлі-баранды, аурушаңдау баласы бірге тұрады. Өткен жылдың күзінде сол тілге тиек етіп отырған ағамыздың үш бас жылқысы бір күнде өрісте жүрген жерінен ұшты-күйлі жоғалды да кетті. Жылқы иесі жан-жаққа сұрау салып іздестіріп көрді.
Содан кейін не болды дейсіздер ғой. Ақыры сүбелі де, қоңды үш жылқы құмға сіңген судай таптырмай ізін суытты. Әрине сол сұғанақ қолды ұрының сыбайластарының ортамызда жүргені айдан анық.
Ақсақалдың әңгімесі аяқтала бергенде дастарқанның орта шенінде отырған алпыстың ортасына келген кейуана сөз қозғады.
– Сіздің әңгімеңізді қоштаймын, замандас, – деді ол салмақты кейіппен. – Жұрттың ақ адал еңбегіне қол сұғатын баукеспелер біздің қалада да жетіп артылады. Жаңағы өзіңіз айтқан жылқылар далада жүрген жерінен жойылса, бізде тіпті масқара. Бір күні келінімнің ауызғы кіреберіс бөлме жақтан: «Апа! Мында келіңізші!», – деген ащы дауысын естісімен далаға шықтым. Ол есік алдында қаққан қазықтай состиып қалыпты. «Қарағым-ау, не болып қалды. Айтсаңшы», – дедім түк түсінбей. Келінім: «Апа, су құятын ыдыс қолды болыпты», – деді. Сонда барып ішіне он шелектен астам су кететін қалайы ыдыстың орнына көзім түсті. Іздестірген болдық. Бірақ табылмады. Бұл арамыздағы кейбір жұмыссыз жастардың сұғанақ қолының ізі екені белгілі.
Үлкендеріміздің аузынан естіген бұл екі оқиға көңілге үлкен ой салды.Бұл күндері нарыққа бет бұрған кезеңде өндіріс орындары азайып, екі қолға бір күрек жетіспей жатқаны шындық. Алайда жұмыс жоқ екен деп ақша табу үшін қылмыстық жолға бару кімге жақсы. Дана халқымыз «Ұрлық түбі – қорлық» деген тағылымды тәмсілін осындайларға арнаған-ау шамасы.
Біздің баяғы ата-бабаларымыз жолға түсіп жатқан олжа затты алу үшін де «Бұл кімнің заты» деп үш рет айқайлау керек депті. Сонда ғана ол мұсылманшылықта адалдық болып есептеледі екен. Сондай-ақ қазекең «Жаным – арымның садақасы» дейді. Ал экономикалық-әлеуметтік саласы дамыған елдерде ұрлық жасаушылар өте аз көрінеді. Олай болса, қай-қайсысымыз да ұрлық-қарлықтан аулақ болып, адалдықты ту етіп көтере білгеніміз жөн емес пе?!
Сахи ҚАПАР