Қызылордада егде жастағы жұмыссыздар бармен болады
Қызылорда облысында «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру кезінде қазалылық егде жастағы 6 азаматқа бармен мамандығы үйретілген болып шықты. Бұл олқылықтарды облыстық прокуратура мамандары кезекті тексеріс кезінде анықтады.
Жалпы, облыста аталмыш бағдарламаға қатысты шикіліктер көп. Жоба аясында қайта даярлықтан өткен тұрғындар жұмысқа орналаса алмаған. Жаңақорған ауданында жастар тәжірибесін ұйымдастыруға бөлінген қаражат есепшінің қалтасына кеткен.
«Шиелі ауданында 376 адам қайта даярлық курсынан өткен. Оның 25-і оқыған мамандығымен жұмысқа орналасқа орналасса, 76-сы басқа салада еңбек етіп жүр. Қалғандары мүлдем жұмыссыз отыр. Бағдарламаның түпкі мақсаты бұл емес. Жаңақорған аудандық жұмыспен қамту орталығының есепшісі 11 миллион теңгеден астам қаражатты таныстарының есеп-шоттарына аударып жіберген. Мемлекет қаржысын жымқырған бухгалтер келтірген шығынның орнын толтырып, 7 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Қазалы ауданында да аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруда жіберілген кемшіліктер көп», — деп мәлімдеді Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Орын алған фактілерге байланысты жауапты сала мамандарымен сұхбаттасқан болатынбыз.
«2014 жылы облысымызда жұмыстан қысқартылғандардың саны өте көп болды. Сол себепті республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, арнайы жол картасы жасалынды. Осы жобаның тәртібіне сәйкес азаматтар бармен мамандығын меңгерді. Олар қызмет көрсету саласында жұмыс жасайды. Яғни аудандағы асхана мен кафелерде еңбек етеді. Шиелі ауданында жұмыссыз қалғандар көп деп айтуға болмайды. Кейбір жеке кәсіпкерлер жұмысшымен ресми келісім-шарт жасаспайды. Сол кезде олар жұмыссыздар қатарында қала береді. Кейбір мамандарға бос орын болмай қалып жатады. Дегенмен қайта даярлау курсынан өткендерді тұрақты жұмыспен қамтуға тырысамыз», — деді Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Жанар ДӘУЛЕТБАЕВА.
Айта кету керек, бір адамды оқытуға мемлекеттен айына 30000 теңге бөлінеді. Қайта даярлау курстары бір айдан алты айға дейін созылады.