Қазақ туризмінің болашағы қандай?
Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр, Қытай, Тайланд және тағы да басқа жылы жақтар. Қазақстандықтардың көбі жиған-тергенін жұмсап демалатын орындардың көбі, міне осылар.
Соңғы уақытта, бұл елдердің қатарына Корея, Еуропа мемлекеттері де тез қосылып кетті. Тіпті, Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанның көне жерлері де трендке айнала бастады. Яғни, жыл сайын қазақстандықтар өзге елдің туризм нарығына миллиардтаған доллар құйып жатыр.
Ал, Қазақстан үкіметі ел туризміне амбициямен қарап, туризмді дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдады.
Жаңа құжат туризмге жаңа леп әкелмек
Бұл тұжырымдама мәдени-танымдық, экологиялық, этнографиялық, спорт және тағы басқа туристік бағыттарды негізге ала отырып былтыр әзірленген болатын. Президенттің тапсырмасы бойынша, туризмді мемлекеттік деңгейде басқару үшін «Kazakh Tourism» атты ұлттық компания құрылды.
Бұл компанияның мақсаты – қазақстандық өнімді (яғни, Қазақстанның көрікті жерлеріне арналған турларды – авт.) әлемдегі негізгі туристік нарықтарға таныту. Ол нарықтар қатарында – Ресей, ТМД елдері, Қытай, Индия, Парсы шығанағындағы елдер мен Иран, оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс Азия мемлекеттері деуге болады. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, туризмді дамытудағы жүйелі жұмыс қана бұл мақсатқа жеткізе алады.
-Бұл айтылып отырған міндетті орындау үшін туристік саланы дамыту, заңнамалық бастамаларды қолдау сияқты тұтастай бір құрылымдық мәселелерді шешу керек. Ең бастысы, Қазақстан туризмін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру шарт.
Өйткені, соңғы он жыл ішінде әлемдік туризм өте тез дамып келеді, көптеген елдерде туризм қарқыны мықты салаға айналып, тіпті жаһандық экономикалық дағдарыс кезінде де көп елдердің экономикасын тұрақтандырып отырған бағытқа айналды. Әлемде туризм саласының өсу қарқыны әлемдік экономиканың өсу қарқынын бір пайызға басып озады деген болжам бар, — дейді министр.
Біздің туризм қай белесте?
Дүниежүзілік туристік ұйымның мәліметіне сүйенсек, әлемнің жалпы ішкі өніміндегі туризмнің үлесі қазір 10% , ал, әлемдік экспорттағы үлесі – 7%. 2017 жылы халықаралық туристердің саны 1,3 млрд адамға жеткен. Әлем бойынша туристердің орташа өсу қарқыны – 3-4%. Қытай мен Индияның дамуы көзге ерек көрінген. Бұл көрсеткіштер Қазақстан туризмін дамыту үшін жақсы себеп бола алар еді.
-Үкіметке туризм саласын ұлттық экономиканы әртараптандырудың негізгі драйверіне айналдыру керек деген міндет жүктелді. 2023 жылға дейін Қазақстанда туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 1%-дан 8%-ға жеткізу көзделген, — дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі туризмнің үлесін өзге елдермен салыстырсақ, әрине, көптеген елдер туризмнен қандай табыс көріп отырғаны ашық байқалады.
Мәселен, Испанияда жалпы ішкі өнімдегі туризмнің үлесі 11% құрады. Бұл елде туризм саласына арнайы Туризм министрлігі жауапты екен. Испаниядағы Туризм министрлігініңі жыл сайынғы бюджеті – 327 млн еуро. Бұл қаражат көбіне инфрақұрылым салып, бағытқа жаңа технологиялар мен жаңа инвестиция тартуға жұмсалады.
Түркияның жалпы ішкі өніміндегі туризм үлесі – 12,5% болса, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің жыл сайынғы бюджеті 185 млн доллар. Ұлыбритания туризмі жалпы ішкі өнімнің 9% құраса, сондағы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің жыл сайынғы бюджеті 480 млн долларға жеткен.
Ал, Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі саяхат саласының үлесі әзірге 1,3%. Үкімет пен министрлік бұл көрсеткішті келесі бес жылда алты есеге арттырғысы келеді. 2023 жылға дейінгі туризмді дамыту тұжырымдамасының негізгі мақсаты да осы болып отыр.
Бірінші қадам – саяхатшылардың сапарын жеңілдету
Қазақстан туризмді дамыту үшін өзге елдермен визалық режимді ырықтандыруға көп назар бөлмек. Қазір 63 елдің азаматтары Қазақстанға турист ретінде де, басқа мақсатта да визасыз кіре алады. 2018 жылдың басынан бері электронды виза енгізуге қажетті жұмыстар басталған. Мәдениет министрлігінің мәліметіне сүйенсек, е-виза жобасы Астана және Алматы қалаларында желтоқсан айында ілкі жоба ретінде іске қосылады.
ҚХР мен Индия елдерінің азаматтары 2018 жылдың соңына дейін Астана, Алматы қалалары арқылы ұшып келсе, 72 сағат визасыз осы екі қаланы аралай алады. Яғни, транзитті режим.
Екінші қадам – туризм «магниттерін» көбейту
Бұл дегеніміз – Қазақстанның көрікті жерлері өз азаматтарымызды болсын, шетелдік қонақтарды болсын, магнитше тартып тұруы керек деген сөз. Тұжырымдама бойынша, ондай тартымды орындардың саны кемінде елу шақты болуы шарт.
-Аймақтармен бірлесе отырып, республикалық туристік карта әзірленіп, оған аймақтық деңгейдегі елу жоба, республика бойынша 10 жоба енді. Бұлар ішкі және сыртқы туризмді дамытудағы ең басты құралымыз болмақ. Аймақтық деңгейде Медеу, Шымбұлақ, ЭКСПО музейі, Бәйтерек, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі сияқты орындар, ал, республика бойынша Алматы облысының таулары, Алакөл, Балқаш, Бурабай, Каспий теңізі, Шарын шатқалы сияқты орындар бар, — дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
«Арқаның кербез сұлу Көкшетауы…»
Айтпақшы, республикалық деңгейдегі Топ-10 жобаның арасынан көш бастап тұрғаны – Көкшетау екен. Яғни, Көкшетаудағы Бурабай курорт аймағы. «Жыл басынан бері Бурабайда 400 мың адам демалған. Жыл соңына дейін, яғни, қысқы демалыс маусымында туристердің саны тағы артады деп отырмыз. Бурабайда көбіне өз отандастарымыз, сонымен қатар, Ресей мен Еуропа елдерінен келген туристер демалған», — дейді министр.
Ал, Үкімет Бурабай курорт аймағын дамыту жөніндегі жоспардың үшінші кезеңін бекітті. Бұл кезеңде Бурабай аймағының инженерлік инфрақұрылымын дамыту, экологиялық мәселелерін шешіп, туристердің қауіпсіздігін күшейту жұмыстары орындалады. Үшінші кезеңді жүзеге асырау үшін 180 млрд теңге жеке инвестиция тартылады деген болжам бар.
Тағы бір астын сызып айта кететін мәселе – Қазақстан саясат арқылы туризмді дамыту тәжірибесін үйрене бастады. Яғни, саяси лидерлердің жиынын, халықаралық, қаржылық форумдарды ресми қалаларда емес, сол қалаға жақын демалыс аймағында өткізу тәжірибесі. Мысалы, үш жыл бұрын Бурабайда ТМД елдері басшыларының саммиті, Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес жиыны өткен. Одан кейін де ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше ірі кездесулерді Бурабайда өткізген болатын.
Сондықтан, Мәдениет және спорт министрлігі Бурабайда үлкен Конгресс орталықтың құрылысына қатысты жұмыстарды қолға алды. Ол Конгресс-Орталық Швейцариядағы Давос, Қытайдағы Боаоның аналогы іспеттес болмақ.
Ал, үшінші қадам – инвестор табу
Қазақстан Үкіметі мен мүдделі министрліктер туристік салаға, оған ғана емес, бүкіл ел экономикасына инвестор тарту үшін шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасап, заңдарға да біраз өзгеріс енгізді.
Мәселен, заң бойынша, енді инфрақұрылымды дамытуға арналған инвестициялық портфелінің құны 4,9 млрд теңгеден асқан инвестор корпоративтік табыс салығынан 10 жылға, жер салығынан тағы 10 жылға, мүлік салығынан сегіз жылға босатылады.
Бұл жеңілдікті пайдаланғысы келетін инвесторлардың қарасы көп. Қазірдің өзінде туризм саласында ондай 100 инвестициялық жоба іріктелген. Негізгі ірі инвестициялық жобалардың таныстырылымы биылға жоспарланған Туристік инвестициялық форум кезінде таныстырылады.