Байқоңырда туризмді дамытуға арналған жобалар таныстырылды
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин іс-сапармен Қызылорда облысына келді. Сапар барысында Асқар Мамин мен «Роскосмос» корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозин Қызылорда облысында туризм саласын дамытуға арналған жобалармен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Бұл күні «Қамбаш» туристік аймағында, оның ішінде «Байқоңыр» ғарыш айлағында туризмді дамытуға бағытталған жобалар таныстырылды. Еске сала кетейік, облыста ғарыш туризмін дамыту үшін «Байқоңыр» туристік аймағын құру туралы тұжырымдама дайындалған болатын. Байқоңырда өткен Дмитрий Рогозинмен кездесу барысында ғарыш саласы мен Байқоңыр қаласын дамыту мәселелері талқыланды. Қос тараптың бірлескен әрекетінің нәтижесінде ғарыш айлағы мен қаланың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуге тиімді мүмкіндік туды. Алдағы уақытта «Бәйтерек» бірлескен зымыран кешені құрылады. Медицина мәселелері және бизнес-жобаларды жүзеге асыру жөніндегі келісімдерге өзгеріс енгізіліп, Байқоңыр қаласын ұзақмерзімді дамыту бағдарламасы әзірленді. Айта кетейік, қала әкімшілігі «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының қолдауымен қала аумағын абаттандыру, жолдарды жөндеу, тұрғын үйлерді газдандыру жұмыстарын бастады. Өз кезегінде облыс әкімдігі Үкіметтің қолдауымен 5 көппәтерлі үйдің құрылысын бастады. Су құбыры мен кәріз жүйесін коммуналдық меншікке қабылдап, оларды қайта жаңғыртуға кірісіп кетті. Қазақстандық мектептер мен аурухананы газдандырды. Еске сала кетейік, Байқоңырдағы қазақ тілінде білім беретін 5 мектеп қазақстандық білім беру стандартына көшкен болатын.
Кездесу барысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Байқоңыр» кешенінде Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстар айтты. «Инвестиция тарту, қала экономикасын әртараптандыру және бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында «Байқоңыр» кешенінің аумағында ерекше экономикалық аймақ құру туралы арнайы үкіметаралық келісімге қол қою қажет деп санаймыз», - деді Қырымбек Көшербаев. Асқар Мамин мен Дмитрий Рогозин облыс басшылығы енгізген ұсыныстар бойынша тараптардың мүдделі ведомстволарына тапсырмалар берді.