Қырық жыл өткен соң
Әрбір адам қайда жүрсе де өзінің туған жері мен оқыған мектебіне деген сағынышын жоғалтпайды. «Бір ауылдан түлеп ұшқан жастар едік, бәріміз де өмір жолын бастап едік» деген ән жолдарын естіген жанның тебіренбейтіні жоқ шығар. Ал енді он жыл емес, жиырма жыл емес... қырық жылдан кейінгі кездесудің орны бөлек. Уақыт зымыран дегендей, айтуға ғана жеңіл болғанмен, адам ғұмырындағы біршама алыстап кеткен сол жылдар...
Кіп-кішкене сөмкеге иықтағы,
Кітап, киім кетеді сиып бәрі.
Сол күндерді сағынсам, тосыламын,
Жол таппаған адамдай тұйықтағы.
Ақын болмаса да өлеңге жақын жандардың бірі жазғанындай, жақында Сарбұлақ ауылындағы №78 орта мектепте бұдан қырық жыл бұрын оқыған түлектер туған ауылдарына келіп, кездесу өткізді. Сырттай қарап тұрсаң, адамға бірер ғана сәттің, аман-есен қауышып жүздесудің, сағынышпен кездесудің бір ғанибет екенін байқайсың. Қаладан келген күнге күймегендер мен ауылдың қараторылары құшақтасып: «Мә, Серіксің бе? Әлі түк өзгермепсің ғой», «Ау, Болат, тура Мырзаш әкең сияқты болып қалыпсың», «Гүлхан-ау, сол сегізінші сыныптың қызындайсың әлі», «Әлеу, Оразкүл, бір өзгермейсің, баяғы күлкің...» деп жатқандарға қызыға да «қызғана да» қарайсың. Қызығатының міне, бір ауылдың түлектері, бір сыныптың құрдастары, нағыз достар осындай болуы керек қой дейсің, «қызғанатының» – бізге қарағанда олар әлі жастау көрінетін сияқты.
Өткенде «ауылға бара жатырмыз, қырық жылдық кездесу болады» деп Түркістан облысында тұратын бізден бір сынып төмен оқыған Болат Оразбаев телефон шалғанда, келер жылы өзіміздің де сондай күй кешетінімізді көз алдымызға елестеттім. «Барып қайтыңдар, келер жылы бізге дайын сценарий болады» деп айтуын айтсам да, өзім де ауылға барғым келіп, оларға қызыға қараған жандардың бірі мен едім. Ал оған дейін...
Түлкібас стансасында жұмыс істейтін Жарболат Тәшпеновтің ауылға көп келмегені көрініп тұр. Келе сала: «Біздің үйдің кезінде қауын салған бақшалығын көріп қайтайықшы. Орны бар ма екен?» – деп жүр. Оның ауылдағы құрдастары Болат Стиев, Тілеубай Сүттібаев, Найзабай Жүргеновтер: «Сенің бақшаңды біздер баяғыда өзіміздің қауын-қарбыз егетін бақшалыққа қосып тастағанбыз. Бірақ биыл жөнді өспей тұр. Қауын жегің келсе жүр, Гүлхан Әбдірасылованың бақшасына барайық. Биыл елден бұрын піскен қауын сонда. Сенің парталасың ғой. Сұрамай-ақ жеуге болады», – деп ауылдың ақжарқын көңілін ақтарады.
Алматылық кәсіпкер Оразгүл Жаңабаева Қызылордадан – Құмкөл жақтан келген Ұлман Бекішова мен Байқоңыр қаласының мұғалімі Айнагүл Бердешова, Алматы қаласындағы Алматы ауданы әкімшілігінің қызметкері Зираш Есіркеевалармен қызу әңгімеге кірісіп кетіпті. Әшейінде ватсаптан «қолдары тимейтін» әйелдердің ауыз екі әңгімелері ауық-ауық жарқын күлкіге ұласады.
Түркістан облысынан келген Қазақ-түрік университетінің оқытушысы Болат Оразбаевтың Қызылорда облыстық сотының судьясы Серік Жаппасбаев, Байқоңыр қаласынан келген жеке қожалық иелері Бейімбет Бекішов, Аққазин Алматов, Бағдат Телжановтармен өзара бір топ құрып, даурыға сөйлесіп жатқандарына қарағанда, үлкен бір мәселе «шешілмей» жатқанға ұқсайды. Бірақ бір нәрсе анық – бәрі де балалық шақ пен оқушы кездерін еске алып, ақ көңіл, ақ жарқын пейілдерін білдіруде.
Бәрі де бір ауылдан болғанымен, мектеп бітіріп, арман қуып, жан-жаққа кеткен соң, бірі білім алып, бірі үйленіп дегендей өмір заңымен, тірлік қамымен елміздің түкпір-түкпірінде жүрген түлектердің басқосуы осындай сағынышты көрісумен басталады. Қырық жылдан соң кездескен түлектер алғашқы күні ауылдың үлкендерін жинап, құдайы ас берді. Ауылдың ішіндегі көк күмбезді мешітке барып, әруақтарға, өмірден өткен сыныптастарының рухына арнап құран оқытты. Реті келіп тұрғанда, Мағзаман ишан атындағы осы мешітті ауылдан шыққан белгілі кәсіпкер, қазір Алматы қаласында тұратын Тоқсан Жаңабаевтың көмегімен салынғанын айта кеткіміз келеді. Әсем көркімен сонадайдан көз тартатын бұл мешіт қазір ауыл тұрғындарының имандылық, сауаптылық игі істерді өткізетін қасиетті орнына айналды.
Сауапты іс дегеннен шығады, кездесуге келген түлектер өздеріне қырық жыл бұрын 1-сыныпта сабақ берген апайлары Набат Өтепбергенованы Қазалы ауданының орталығынан арнайы шақыртыпты. Сондай-ақ 5-8 сынып аралығында сынып жетекшісі болған, тарих пәнінің мұғалімі, қазір ауылда тұратын еңбек ардагері Сражадин Шамұратовпен де аман-есен жүздескендеріне бір қуанып қалды.
Міне, осы екі ұстазын ортаға алған қырықжылдық түлектер 1-қыркүйек күні таңертең ауылдағы №78 орта мектепте өткен Білім мерекесіне қатысты. Мектеп қабырғасын алғаш аттағандармен бірге сапқа тұрған қырықжылдықтар сол күнгі мерекелік салтанаттың сәні болды десек, артық айтқандық емес. Мектеп директоры Гүлдәурен Рахатова да биылғы жаңа оқу жылын ерекше оқиғамен – бұдан қырық жыл бұрынғы мектеп бітірушілермен бірге қарсы алып отырғандарын айта келе, жас бүлдіршіндердің елдің танымал азаматтарына айналған осындай аға-апаларынан үлгі алатындарына сенім білдірді.
Қырық жыл бұрынғы шәкірттерінің алдында сөз сөйлеген Набат апайдың сағынышқа, қуанышқа толы толқынысынан көз жасына ерік беруі де жарасымды шығып жатты. Ауылымды, шәкірттерімді сағындым деп жүрекжарды сөздерін өзі шығарған жыр шумақтарымен сабақтады. Қашан да сабырлы Сражадин ағай бірі кәсіпкер, бірі мұғалім, бірі теміржолшы, бірі жеке қожалық иелері атанып жүрген шәкірттерімен мақтанатынын айтып, ауылдың атын шығаратын осындай түлектер көбейе берсін деген аталық батасын берді. Жақында ғана зейнеткерлікке шыққан ұстаз Күнахмет Жұбатов туған ауылы мен алтын ұя мектебін ұмытпайтын жандар өз ұрпақтарына да елі мен жерін сүйе білетін өнегелік тәрбие бере алатындарын айтты. Ауыл әкімшілігі атынан құттықтау айтқан Жандос Дәріқожаев туған жерден түлеп ұшқан түлектердің басқосуларында ауылдың көшелері мен бау-бақшаларын көркейту, өркендету жайлы да сөз болып, қолдан келер қолдаулары мен көмектерін де жасаса екен деген ойын жеткізді.
Қырықжылдықтар атынан сөз алған Оразгүл Жаңабаева, Айнагүл Бердешова, Серік Жаппасбаев, Болат Оразбаевтар әрбір адамның өмірінде жарқын із қалдыратын ыстық ұя мектеп пен аяулы ұстаздарға деген шексіз алғыстарын айтып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге сый-сияпаттарын тапсырды.
Тағы да әуесқой ақын жазған жыр жолдарын келтірсек:
Артта қалған естелік соның бәрі,
Талай қызық күтіп тұр жолыңда әлі.
Бұл өмір де бір күні таусылады,
Мұғалімнің борындай қолындағы, – деген екен. Бұл шынында да өмірдің өзінен алынған, мектеп бітірген түлектердің көңілін дөп басатын сөздер.
Иә, қырық жыл аз уақыт емес. «Келесі кездескенше» деп айтқанмен, бұл күндері немерелерінің алды мектеп табалдырығын алғаш аттап жатқан қырықжылдық түлектер ата-әжеге айналған жандар. Олар туған жерлеріне келіп, балалық шақтары өткен ауылды, тай-құлындай тебісіп суға түскен Қуаңдария өзенінің жағасын көріп, аунап-қунады. Дәмдері әлі күнге ауыздарынан кетпейтін Сарыбұлақтың сары қауындарына, ала торы қарбыздарына бала кездеріндегідей «бір жарылқап қалды». Ат жетектеп, түйе ұстап отырған ауылдас сыныптас достарынан қымыз бен шұбаттан ауыз тиіп, қозы баққан қырларға барып, төбелері көкке жеткендей болды. Қаншама жылдан бері аңсап күткен кездесудің қызығы мен шыжығы да осы еді.
Туған ауылдарынан рухани жаңғырып қайтқан түлектердің қуанышты көңілін, ұмытылмас әсерін біз де жеткізуге асықтық.
Сәдуақас ЖҰБАТОВ